Теннистен Нью-Йоркте өткен АҚШ-тың ашық біріншілігінің әйелдер арасындағы сайысы 18 жастағы Ұлыбританияның өкілі Эмма Радуканудың жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәл осындай нәтижені ешкім күтпеген еді. Себебі, есімі көпшілікке беймәлім Эмма Радукану бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирлері тұрмақ, WTA додаларында дараланып көрмеген. Ол 2002 жылдың 13-қарашасында Канадада дүниеге келді. Әкесі – румын, анасы – қытайлық. Осы дүбірлі додада өнер көрсету үшін Эмма әуелі іріктеу турниріне қатысты. Сол жерде жолы болғаннан кейін негізгі жарысқа жолдама алды. Бұл ретте Радукану төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып, барлық қарсыласын сыпыра ұтты.
Бастапқы бәсекелерде швейцариялық Стефани Фегель, қытайлық Чжан Шуай, испаниялық Сара Соррибес-Тормо және америкалық Шелби Роджерсті ұтқан ұлыбританиялық ойыншы ширек финалда Швейцарияның тағы бір өкілі Белинда Бенчичтен басым түсті. Жартылай финалда грекиялық Мария Сакариді жеңген ол ақтық сында канадалық Лейла Фернандеспен кездесті.
Бас жүлде үшін тартыс 1 сағат 51 минутке созылып, бұл бәсекеде Эмма Радукану жеңіске жетті. Есеп – 6:4, 6:3. Бір кереметі, осы турнир барысында Ұлыбритания теннисшісі қарсыластарына бірде-бір сетте есе жіберген жоқ.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»