Түркі Кеңесіне мүше және бақылаушы мемлекеттердің журналистерімен бірге жуырда Әзербайжанға сапарлап, Қарабақ пен отыз жылға жуық армян әскерінің бақылауында болған өзге де аймақтардың қазіргі ахуалына куә болып қайттық.
Түркия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Мажарстан, сонымен қатар Сербия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония елдерінен келген БАҚ саласының 20-дан астам қызметкері үш күнге созылған сапар барысында Әзербайжанның Физули, Жәбрайыл, Агдам аудандарында және Шуша, Гәнжә қалаларында болып, аумақтарда жүргізіліп жатқан жұмыспен және елді мекендерді дамыту жоспарымен танысып қайтты.
Ширек ғасыр бойы толығымен немесе жартылай Арменияның бақылауында болған өңірлердің бүгінгі ахуалы жайлы айтпас бұрын, бір жыл бұрынғы оқиғаға шегінсек. Былтыр қыркүйектің аяғында Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ дауы қайта шиеленісіп, қақтығыс басталып, оның соңы әскери іс-қимылдарға ұласқаны есімізде. Екі ел арасындағы бұл жанжалдың тамыры уақыт тұрғысынан не құндылықтар жағынан болсын тереңде жатыр. 44 күнге созылған соғыс 2020 жылы қарашада тоқтап, тараптар ортақ келісімге келген-ді. Әзербайжан, Армения мен Ресей басшылары қол қойған құжатқа сәйкес армян әскерінің бақылауында болған аймақтар қайтарылып, қос тарап өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға уағдаласқан.
Шетелдік журналистер сапардың алғашқы күні Әзербайжанның Физули ауданына аттанды. Ел астанасы Бакуден 360 км қашықтықта орналасқан ауданды минадан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Алғашқы аялдама Физули ауданының Гаргабазары ауылы болды. Аудан дегеніміз – біздіңше облысты білдіреді. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз жиынында Әзербайжан Республикасының минадан тазарту жөніндегі агенттігінің (ANAMA) супервайзері Натиг Асадов Физули-Жәбрайыл жолын минадан тазарту жұмыстары кезең-кезеңмен жүріп жатқанын баяндады. Саперлерге көмек ретінде арнайы үйретілген иттер де жұмылдырылған.
«Біз Физули ауданының Гаргабазары ауылындамыз. Мұнда Физулиден Жәбрайыл ауданына баратын жолды минадан тазартып жатырмыз. Жол учаскесінің бірінші бөлігіндегі (3,4 км) жұмыс аяқталды. Ол жерде жол салынып, тиісті жұмыс атқарылып жатыр», деді ANAMA өкілі Натиг Асадов. Оның айтуынша, жұмыстың екінші және үшінші кезеңдері де аяқталып қалған. Одан бөлек журналистерге залалсыздандырылған миналар мен снарядтардың түрлері таныстырылды.
Ауданды қалпына келтіру жұмыстары әскерилер тазартқан аумақта асфальт төселіп, жол салудан басталып жатқаны бірден байқалады. Бұл – жылдар бойы тіршіліксіз қалған елді мекендерді жан-жақты дамытып, өмір сүруге қолайлы етуге және халықты тезірек қоныстандыруға бағытталған жұмыстардың бастапқы бөлігі.
«Қарабақтың әуе қақпасы» деген атқа ие болған, жеті айда бой көтерген Физули халықаралық әуежайы да осы тазартылған аумақта орналасқан. Жақында ғана сынақ ретінде алғашқы жолаушылар ұшағын қабылдаған заманауи әуежай – Қарабақта салынады деген үш әуежайдың бірі. Әзербайжандықтар жоба Қарабақтың қайта жанданып, тұрғындар мен қонақтардың жиі келетін мекеніне айналуына сеп болады деген сенімде.
Топпен әрі қарай жолға шығып, Жәбрайыл ауданына аялдадық. Мұнда да Физулидегідей тіршіліктің белгісі жоқ. Аумақта әскери режім қатаң сақталған. Жол Жәбрайыл арқылы Әзербайжанның мәдени астанасы атанған Шуша қаласына түсті. Физулидағы халықаралық әуежай болашақта дәл осы Шушаға келетін туристерді қабылдауға арналған екен. Қалаға мәдени астана деген атақ Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің бұйрығымен берілген. Мақсат – қаланың тарихи келбетін қалпына келтіріп, бұрынғы даңқын қайтару және дәстүрлі мазмұнды мәдени өмірді қайта жаңғырту.
Қарабақ жотасының етегінде, теңіз деңгейінен 1368 метр биіктікте орналасқан қалаға жетудің өзі оңай емес. Жоғары-төмен ойысып отыратын жол таудың ұшар басына көтерілгендей әсер қалдырады. Шушаның осыған дейін көрген мекендерден өзге бейнесі мен ерекше көрінісі бірден байқалады. Қатысушыларды қаладағы мәдени-тарихи орындармен таныстырып, жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын көрсетті. Ең алдымен, Әзербайжан мен Түркияның мемлекет басшылары Шуша декларациясына қол қойған орталық алаңға бет алдық. Керуенсарай, Хан сарайы секілді тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап көрдік. Жергілікті БАҚ өкілдері қаланың тарихи архитектуралық нысандары сақталып, туристерге арналған көрнекті орындарға айналатынын хабарлады. Алаңның ортасында қалпына келтіріліп жатқан ғимарат жергілікті билік өкілдеріне берілмек. Осылайша Шушаның туризм орталығына айналатындай әлеуетіне куә болдық. Қатысушылар сондай-ақ Yukhari Govhar Agha мешітінде болып, қаланың бай тарихына қанықты. Мұнда Әзербайжанның бірқатар көрнекті ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері дүниеге келген екен. Тарихи-мәдени байлығы мен табиғи сұлулығының арқасында Шуша Әзербайжанның символы десе де болады. Жергілікті тұрғындар қаланы «Әзербайжан мәдениетінің, ән өнерінің бесігі» деп те атайды екен.
Шетелдік қонақтарға XVIII ғасырда Қарабақ хандығын жаулардан қорғау мақсатында салынған Шуша бекінісі де таныстырылды. Таулы аймақтың тамаша табиғатына тамсанған БАҚ саласының өкілдері таңданысын жасырмады. Айтпақшы, Шуша қаласының атауы да қаланың таза ауасына байланысты екен. Шуша, яғни қазақша ауаның «шишадай» таза екенін білдіретінін естідік.
Әзербайжанның жауһары – Шушадан кейін елдің екінші үлкен қаласы – Гәнжәға жол тарттық. Бұл – Қарабақ дауына қатысы жоқ, алайда қақтығыс нәтижесінде зардап шеккен қалалардың бірі. Түркия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Мажарстан, сонымен қатар Сербия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония елдерінің БАҚ саласының өкілдері жарылыс болған көпқабатты үйлердің бірінде болып қайтты. Қайғылы оқиға салдарынан 20-дан астам бейбіт тұрғын қаза болған. Жергілікті билік өкілі қалада болған өзге де жарылыстар туралы баяндап берді.
Сапардың соңғы күні келісімге дейін жартылай Арменияның бақылауында болған Агдам ауданында өтті. Агдам қаласындағы тарихи орындарды аралап, өңірді дамыту туралы жоспармен танысуға мүмкіндік туды. Ол туралы БАҚ өкілдеріне Әзербайжан Президентінің Агдам ауданының оккупациядан азат етілген бөлігі, соның ішінде Агдам қаласындағы арнайы өкілі Эмин Гусейнов кеңірек айтып берді.
«Қаланы қалпына келтіру жұмыстарының қаншалықты ауқымды екенін көріп отырмыз. Агдам ауданы аумағының үштен екісі оккупацияда болды. Біз барлық жергілікті және халықаралық тиісті құрылымдармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, қалпына келтіруге байланысты барлық мәселелерді реттейтін үйлестіру штабы құрылды», деді Эмин Гусейнов.
Оның айтуынша, алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында түрлі мәселелерді шешу үшін оннан астам жұмыс тобы құрылған. Президенттің өңірдегі арнайы өкілі қаланың заманауи, елдегі ірі қалалардың біріне айналатынын баса айтты.
«Біз Қарабақты, соның ішінде Агдамды жұмаққа айналдырғымыз келеді. Қала ең озық халықаралық стандарттарға сәйкес қалпына келтіріледі. Қала халқы жүз мыңға жуық адамды құрайды және географиясы екі есеге жуық кеңеймек. Аумағы 1,5 мың гектарға созылатын Агдам Әзербайжандағы төртінші ірі әрі заманауи қалаға айналады», деп атап өтті ол.
Агдам ауданы елдегі жыл бойы күн көзі ең көп түсетін аудандарының бірі екен. Сол себепті аймақтың күн энергиясын өндіру тұрғысынан үлкен әлеуеті бары айтылды. Агдамның Қарабақ экономикалық аймағына кіретіні белгілі. Эмин Гусейнов Кеңес заманында мұнда 17-ге жуық түрлі кәсіпорын жұмыс істегенін айта келіп, қаланы қалпына келтіріп қана қоймай, кезінде қашуға мәжбүр болған халықтың қайта оралуына жағдай жасау үшін мемлекет барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.
Осылайша, Түркі Кеңесіне мүше және бақылаушы мемлекеттердің БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған үшкүндік сапарда Қарабақтың қазіргі келбетін өз көзімізбен көріп, болашағына үңілгендей болдық.