Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамына айналды. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.
БІЗ — ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРМЫЗ!
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ МЕРЕКЕСІ
ЫРЫС ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН!
Елімізде саналуан этнос өкілдері қазақ халқымен бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Қазақстанда бірлік пен келісім, өзара түсіністік өздігінен пайда болған жоқ. Бірлік пен келісім ат ауыздығымен су ішкен, ер жігіт етігімен су кешкен қиын-қыстау замандардан бастау алады. Аталған ұғым жиырмасыншы ғасырдың басында халықты күйзелткен ашаршылық пен қуғын-сүргін кезеңіндегі тарихымыз бен тағдырымызға негізделеді.
Бірлік сұрапыл соғыс майданында өз Отаны, отбасы мен болашақ ұрпағы үшін аянбай айқасқан әке мен атаның асқақ ерлігімен шыңдалды. Еліміздегі өзара түсіністік пен келісім тың даласын игеру, Қазақстанды өндіріс ошағына айналдыру кезеңдерінде халық жұмыла көтерген жүкпен бірге нығая түсті.
Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұраты – тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды да нақты нәтижесі.
Қазіргі таңда, еңселі ел болудың даңғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр. Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады.
Әлемдік күрделі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгілген елдер саны күн санап артуда. Экономикалық жағдайы мұхит толқыны қақпақылдаған айсбергке ұқсап сенделген, абдыраған, шарасыздық танытып, халықаралық қорға телмірген елдер аз емес. Қазақ еліне төнген қаржылық қауіп сындарлы ішкі саясат, сауатты билік арқасында қалыпқа түсті. Қазақстан әлемдегі ең ірі деп танылған қаржылық дағдарысты еңсерді. Кезінде оппозиция өкілдері тарапынан көп сыналған Ұлттық қор өз тиімділігін көрсетті.
Беделді белес
ХХ ғасырдың басында ҰЛТ көсемдері алға мақсат етіп қойған, егемен, қарымды, алғыр мемлекеттің бейнесі ХХІ ғасырда тарих сахнасына шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, өркендеу жолына түсті, ішкі тұрақтылықты сақтау арқылы саяси жүйе дамуының демократиялық бағыты орнықты.
Тарих сахнасына қадам басқан 2010 жыл – еліміз үшін жауапкершілік салмағы басым жыл болып отыр. Қазақстан, бүкіл Достастық елдері, түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемінде бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға төраға болып сайланды.
“Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді”, дейді қазақ даналығы. Әлемдік тұрақтылықты нығайту үшін күш-қуаты жеткенше әрекет етіп жатқан Қазақ елінің бастамасы өзге мемлекеттерге пайдасын тигізетініне сенім мол.
ЕҚЫҰ-ға мүше елдер этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісіне үлкен қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға құлшыныс білдірді. Осы бағытта, Ассамблея және ЕҚЫҰ жанындағы Аз ұлттар жөніндегі Бас комиссар Кнут Воллебек арасында тығыз қарым-қатынас орнап, әріптестік дамуда. Өткен жылы Ассамблея делегациясы Нидерланды Корольдігіндегі Гаага қаласына сапар шегіп, тәжірибе алмасты. Аталған кездесулер Астана мен Алматы қалаларында жалғасын тауып, қазақстандық татулық үлгісі қызу талқыланды және жоғары бағаланды.
Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәдениетаралық диалог мәселелерін ЕҚЫҰ кеңістігінде маңызды басымдық ретінде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқаратыны даусыз. Биылғы жылдың 29-30 маусымында Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен қуғын-сүргінге ұшыратпаудың жоғары деңгейіне арналған конференциясы Ассамблеяның мәдениеттер мен өркениеттердің халықаралық тәжірибесіне қосып отырған үлесін паш етеді деген үміттеміз. Біздің мақсатымыз – этносаралық қатынастарды үйлестіру бағытында еліміз жинақтаған тәжірибені ЕҚЫҰ мүшелеріне тарату.
Жақында ресми іссапармен Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасымен кездесу барысында 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастыру жылы және 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық сынақтардан бас тарту күні ретінде жариялау туралы Президент Н.Назарбаевтың ұсыныстарына үлкен баға берді. 21 сәуір күні БҰҰ өзінің Нью-Йорктегі бас штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы делегациясының қатысуымен Мәдениеттердің жақындасу жылына арналған ауқымды шарасын өткізді.
Қазіргі таңда, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан алдында ауқымды міндеттер тұр. Еліміздің Ұйым төрағасы ретіндегі басты мақсаты – бүкіл әлемде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық орнатуға белсенді атсалысу, мемлекеттер арасындағы диалогты жетілдіру.
Киіз туырлықты ағайынымыз, айыр қалпақты көршіміз қырғыз елінде орын алған сәуір оқиғалары бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Көрші елдегі қолайсыз жағдай бізге де ауыр тиді. Ежелден “төсекте басы, төскейде малы” қосылып, тату отырған, жақын ағайын жұрттың тыныштығы мен саяси тұрақтылығы біз үшін маңызды. Оқиғалардың алдын алуға күш салған Елбасы көрші елде орын алған түйінді мәселелерді шешуге мұрындық болды. Шекараны ашып, жалпы жағдайды бақылап отыр. Болашақтан үміті мол, ұрпағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылған мемлекет шекарасын доспен, тілектес елмен қоршайды.
Қырғыз оқиғасының, түбі көрінбейтін ауған мәселесінің шешімін табуға ұмтылған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауіп-қатерлерді бірлесе, нәтижелі шешу мақсатында 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы бастама көтеріп отыр. Бүгінгі күні бұл бастамаға көптеген елдер мен ұйымдар қолдау көрсетуде.
Саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағаға ие болған Қазақстанға аймақтық тұрақтылықты сақтау бағытында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, “Бірінші экономиканы реттеп, одан кейін саясатпен айналысу қажет” деген қағиданы берік ұстанып, елдің экономикалық ахуалын көтеруге бел шеше кірісті. Ел билігі бейбітшілік пен келісім саясатын басты ұстаным ретінде жариялады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды. Шетелден инвестиция тартыла бастады. Нәтиже ұзақ күттірген жоқ. БҰҰ 2009 жылғы Баяндамасында Қазақстан адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосылды. Бұл – жоғары дәрежеге көтерілген Қазақстан әл-ауқатының дәлелі.
Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында “Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту” деп нақты атады. Қазақстан қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай, айбыны асқан мемлекет екендігін дәлелдеді.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Көктем басында Алматы облысы Қызылағаш ауылында орын алған табиғат апаты ел азаматтарына ауыр тиді.
Қазақстан халқы қаралы оқиға барысында бірлігі күшті ел екендігін дәлелдеді, ұйымшылдық танытты. Ел басына түскен ауыр жүкті жұмыла көтерді, барлық ағайын ел болып егіліп көмек қолын созуда. Қазақ халқы өз тарихында қашанда өзінің кең пейілділігімен, бауырмашылдығы мен азаматтық жоғары қасиетімен ерекшелене білген. Халқымыз ғасырлар бойы көшпелі қоғам, жаугершілік заманда өмір сүргеніне қарамастан, ешқашан жетімі мен жесірін далаға тастамаған. “Ел іші – алтын бесік” деген қанатты сөзді қағидаға айналдырған ата-бабамыз ұрпағын шашау шығармай, бағып-қаққан.
Сондықтан, ата-баба дәстүріне сүйене отырып, қайғыға ұшыраған қандастарымызға көмек көрсету азаматтық та, адамдық та парызымыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлт болып кіріскен ұлы істен тыс қалмай, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға материалдық көмек көрсете бастады. Еліміздегі барлық республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер, облыстық Достық үйлері жылы киімдер, азық-түлік, дәрі-дәрмек, балаларға арналған оқу құралдарын жинап, оқиға орын алған ауылға жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы және Алматы, Астана қалалық, облыстық ассамблея мүшелері зардап шеккен азаматтарға арналған арнайы қорға бір күндік жалақыларын аударды.
Наурыз мерекесі күндері Ассамблея делегациясы Қызылағаш ауылында болып, қаза тапқан тұрғындарға ас берді, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Ассамблея мүшелері атынан сегіз млн. көлемінде қаржы аударылды.
Сонымен қатар, Ассамблея ауыл жастарына арналған спорт залы мен тұрғындарға монша кешенін салып беруді міндетіне алып, 96 млн. теңгелік сметалық жоба жасады.
Жақында өткен Ассамблея Кеңесінде су тасқынынан зардап шегушілерге көмек көрсету штабы арқылы Қызылағаш тұрғындарына жүйелі көмек көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Ел Бірлігі доктринасы – Тәуелсіздік тұғыры
Егемендік жарияланғаннан соң, Қазақстан халқы дербес ел, тәуелсіз мемлекетке айналды. Аталған жылдар ішінде елімізде жаңа этнодемографиялық жағдай мен өркениетті қауым қалыптасты. Тұйық кеңестік шекпеннен шыққан қоғамға Батыс пен Шығыс құндылықтары белсенді түрде ене бастады. Біз қаптаған діни бірлестіктер мен миграцияға толы әлемдік кеңістікке белсенді ықпалдаса бастадық. Аталған мәселелердің барлығы – еліміздің сәйкестілік қорғанының беріктігіне жасалған қысым деп атауға болады.
Тәуелсіз елдің ендігі бағытын айқындайтын, бүкіл қазақстандықтарды ортақ мақсатқа ұйыстыратын идея тудыратын уақыт келгені баршаға белгілі. Толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестер мен асқар асуларды бағындыру үшін азаматтар рухын оятатын, қоғамды жарқын мақсаттарға жетелейтін жаңа бағыттағы іс-қимыл қажеттілігі туындады. Доктринаның дүниеге келуі пісіп-жетілген мәселе екендігіне күмәнім жоқ.
Доктрина қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрінің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесіне негізделеді. Аталған құжат әрбір қазақстандықтың жүрегіне жақын халық мұраты, терең әлеуметтік-философиялық және патриоттық мағынадағы “Ел бірлігі” ұғымынан бастау алады. Сонымен қатар, мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан халықтың қонақжайлылық пен сыйластық қасиеттері аталған ұғымның берік орнығуына негіз болды.
Аталған ұғымның мағынасы әрбір Қазақстан азаматының жанына жақын және түсінікті болып табылады. “Ел Бірлігі” байырғы қазақ жерінің дәстүрлі “Ел” атауы мен Қазақстанда тұратын барлық азаматтардың өзара ажырамас тарихи байланысының мәнін ашатын “Бірлік” сөздерінен тұрады. Аталған сөздерді тіркестіре қолданғанда қазақ халқының ғасырлық үміт-арманы – Тәуелсіз мемлекет құру, біртұтас халқын қалыптастыру идеясын аңғартады. Сондықтан, Доктрина этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі негізінде құрастырылған, уақытында ұсынылған маңызды құжат. Доктрина – болашақ дамуға бағытталған әрекеттің жетекшілікке алынатын теориялық және саяси ұстынын білдіретін мемлекеттік маңызды құжат. Доктрина Мемлекеттік егемендік туралы декларацияға, мемлекеттік Тәуелсіздік туралы конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының Конституциясына, сондай-ақ “Қазақстан-2030” стратегиялық даму бағдарламасынан бастау алып, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік ұлт саясатының бағыт-бағдарларын айқындайды.
Доктрина халықаралық тәжірибені терең талдай отырып, қазақстандық шынайылық негізінде дүниеге келді. Жапония қалай технологиялық державаға айналды, ислам әлемінде беделі мығым Түркия мен халықтың өмір сүру деңгейі бойынша бірінші орында тұрған Суоми бұл биіктерді қалай бағындырды? Біздің мақсатымыз Қазақстанның өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, өзге елдердің озығынан өнеге алу.
Доктринада еліміздің стратегиялық таңдауы нақтыланған. Елдің, дамудың жаңа сатыға көтерілуіне, өтпелі қоғамның құбылыстарына төтеп беретін басты күш – ұлттық рух екендігін өзге мемлекеттер тәжірибесі дәлелдеді. Ендігі мәселе – Доктринада көрсетілген жайларды еліміздің мәдени-идеологиялық өрісінде, патриоттық тәрбие ісінде, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, мемлекетшілдік сананы нығайтуда қолдану.
Қоғамдық келісім, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, интеллектуалдық жасампаз қоғам және бүкіл әлемде құрметтелетін мемлекет құруда Ел бірлігі доктринасы еліміздің іргетасы, Отанымыздың табысты дамуының негізі болады деген сенімдемін.
Болат қайнау арқылы шынығады
Доктрина қабылдау туралы идеяны 2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Елбасы Н. Назарбаев ұсынды. Өткен жыл басынан бері аталған құжатты әзірлеу мақсатында белсенді іс-әрекеттер жүргізілді. Мамыр айынан бастап, Доктрина жобасына ұсыныстарды талқылауға арналған бірнеше ірі шаралар өткізіліп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланды. Беделді қоғам қайраткерлері мен халық құлақ асатын зиялы қауым өкілдері тартылды.
Халықтың бірлігі мығым әлеумет ретінде белгілі бір деңгейде пісіп-жетілгенін байқаған Мемлекет басшысы елді өрге сүйрейтін құжат қабылдау жөнінде маңызды бастама көтерді. Халық Елбасын қолдап-қуаттап, қоғам болып ашық пікір алмасу, талдау-талқылауға кірісті.
Құжат жобасы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланғаннан соң әртүрлі қоғамдық ұйым өкілдері құжат жобасының кейбір бөліктерін жетілдіру туралы ұсыныс жасады.
Біз қоғам өкілдерінің ел дамуын айқындайтын келелі құжат дайындауға қатысуға ықылас білдіргеніне үлкен алғысымызды білдіреміз. Құрамына мемлекеттік орган, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тарта отырып, осы жылдың 20 қаңтарында Доктрина жобасын пысықтаумен айналысатын Қоғамдық комиссия құрылды. Комиссия құрамына Қуаныш Сұлтанов, Төлеген Мұхамеджанов, Розақұл Халмұрадов сияқты Парламент депутаттары, Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов, Смағұл Елубай сияқты белгілі қоғам қайраткерлері, Александр Дедерер, Ахмед Мурадовтай этностық бірлестік басшылары және өзге де азаматтар қатысып, келелі шешім қабылдады.
Комиссия жанынан құрылған Арнайы жұмыс тобы республиканың түпкір-түпкірінен жиналған мыңдаған ұсыныстар, жобалар мен ұсынымдар қарастырды. Дос Көшім, Айдос Сарым, Дос Нұрахмет сияқты қоғамдық ұйым өкілдері, Бақытжан Әбдірайымов, Георгий Кан, Владимир Коченов, Еңлік Нұрғалиева, Бүркітбай Аяған сынды елімізге танымал тарихшылар мен заңгерлер 3 ай көлемінде тынбастан еңбек етті. Әзірленіп жатқан Доктрина жобасының Конституция мен нақты заңнамалық құжаттарға сәйкестігі мұқият сарапталды.
Жалпы, Доктрина жобасын талқылау барысында менің байқағаным ел тұрғындары мемлекет мүддесі, ел болашағына алаңдаушылық білдіріп, нақты жұмыс атқаруға үлкен ынта-ықылас танытты. Сөзіме дәлел келтіре кетсем, тек Ассамблея Хатшылығына өңірлерден, халықаралық сарапшылар тарапынан 500-ден аса ұсыныс келіп түсті. Қазақта “Он адам жүрген жерде із қалады, Жүз адам жүрген жерде – соқпақ, Мың адам жүрген жерде жол қалады” деген керемет сөз бар. Біздің мақсатымыз – барлық мүдделі азаматтарды қатыстыра отырып, елдіктің, мемлекеттіліктің жолын салу.
Доктринада қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды: “Мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық – рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы” ретінде нақтыланды.
Мемлекет пен қоғамда даму негізі ел тұрғындарының саяси белсенділігі мен азаматтық ұстанымдарының айқындығынан құралатыны ғылыми нақтыланған. Сондықтан, Доктрина жобасының төңірегінде өрбіген оқиғалар ел дамуы жолындағы келесі сатыға ұмтылыс деп бағалаймын.
Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті. Ассамблеяның тарихи маңызды рөліне сарапшы уақыт әлі өз бағасын береді деп сенемін.
Ассамблеяны “мемлекет ішіндегі мемлекет” деген ауқымы тар пікірден бас тартып, оны қоғам азаматтарының барлығын күрделі мәселені талқылау үдерісіне қатыстыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін диалог алаңы деп түсінген жөн. Соңғы 3-4 айдағы Доктринаға қатысты жұмыс – осы ойдың дәлелі.
Дамыған елдер тәжірибесі
Доктрина сияқты құжатты дүниеге әкелу қажеттілігін уақыттың өзі ұғындырып отыр. Бізді қоршаған әлемде жаһандану ықпалы артты. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі ғана болып қалған жоқ, ол түрлі геосаяси мүдделердің нысанына да айналды. Жаңа ғасырдың екінші онжылдығында елдің алдында инновациялық-өндірістік дамуға өту жөнінде жаңа әлеуметтік-экономикалық міндеттер тұр.
Аталған мәселелер жаңарған қоғамнан бірлік пен қоғамдық келісімге сүйенген ұйысудың жаңа түрін талап етіп отыр. Сондықтан, қазіргі уақытта елдің барлық азаматтарының ұсыныстарын жинақтай отырып, Қазақстанның Ұлт Бірлігі доктринасын қабылдау аса қажет.
Ұлт Бірлігі Доктринасы – халыққа уақыт талабын ұғындырудың, қоғамдық бірігу қажеттілігін түсіндіру құралы. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біздің жалпы тағдырымыздан, тарих логикасынан туындап отыр. Өйткені, бірліксіз – Ұлт, Ұлтсыз – мемлекет, мемлекетсіз – болашақ жоқ.
Осы мәселелерді негізге ала отырып, Қазақстанның Ұлт Бірлігін қабылдау туралы шешім қабылданды.
Доктринаны қарастыру барысында шет мемлекеттер тәжірибесі қандай екен, қазіргі таңда түбірі мықты, экономикалық әлеуеті зор елдер қандай қадамдарға барды деген сұрақтар туындап, өзге елдердің тарихын ақтардық.
Қазіргі уақытта, жедел даму көрсеткішімен бүкіл әлемді таң қалдырып отырған Сингапур, Малайзия сынды “Азия жолбарыстары” ел тарихының шешуші сәттерінде бүкіл ұлтты алға ұмтылдыратын маңызды құжаттар қабылдаған. Біздің де олардан алғанымыз аз болған жоқ. Еліміздің өз ерекшеліктері де ескерілді.
* * *
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының жаңа кезеңіндегі стратегиялық басымдық – ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ел Бірлігіне стратегиялық таңдау жасау деп нақты атады.
Бүгінгі жаһандық дағдарыс, жаһандану үдерістерінің бой алып тұрған кезеңінде әр азаматтың бойында өз елім, өз Отанымның болашағы үшін қандай игілікті іс қолымнан келеді деген сұрақ туындауы тиіс.
Біз Ұлт ретінде оянып, интеллектуалдық серпіліс жасауымыз керек! Бұл – Ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі.
Тек жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу Ұлт Рухының ең маңызды бөлігіне айналуы шарт. Бұл – Ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Әрбір адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс Рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс.
Доктринаның қағидаттары аталған мәселелерді ескере отырып, алдағы жылдарда еліміздің қарқынды дамуына негіз қалайды.
Әрбір ұрпақ өкілдері үшін келер ұрпақ алдында азаматтық борыш, ұлттық парыз сынды мақсат-міндеттер тұрады. Яғни, болашақ ұрпақтың өсіп-өркендеуі, заңды тарихи орнының сақталуы алдыңғы буынның аталған міндеттерді қаншалықты адал жүзеге асыратындығына тікелей байланысты. Сондықтан, Қазақстан азаматтары ел мүддесі үшін жанын құрбан еткен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты адал азаматтарға қарап бой түзеп, мемлекет болашағы үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз.
Ал осы мақсаттарды іске асыру үшін Доктрина ережелері Ұлттың патриот азаматтарына бағыт-бағдар көрсететін құрал ретінде қызмет етеріне күмән жоқ.
Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі.
Коллажды жасаған Орынбай БАЛМҰРАТ.
БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – ӘРАЛУАНДЫҚТЫҢ БІРЛІГІ
Құрметті отандастар!
Сіздерді Қазақстан тарихындағы ерекше маңызды мереке – 1 Мамыр, бірлік күні, достық мейрамымен құттықтаймыз!
Қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды.
Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталды. Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру жағдайында, қоғамды ұйыстыру ісі: ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық татулық және этносаралық келісім қағидалары негізінде жүзеге асқан еді.
Содан бері Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісіміміз елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепілі және негізі болып табылды.
Сондықтан біз, бәріміз, бір Отанның ұлдары мен қыздары екендігімізді, ал біздің Тәуелсіздігіміз – сан ұрпақтың орындалған арманы, халқымыздың ерен еңбегінің, ерлігінің және ерік-жігерінің жемісі екендігін әрқайсымыз түсінуге және дәріптеуге тиіспіз. Тәуелсіздік пен байырғы қазақ жерінде құрылған мемлекеттілігімізді дамыту – біздің басты құндылығымыз.
Біздің басты байлығымыз – әралуандықтың бірлігі.
Біз мүмкіндіктер теңдігі қағидатын сақтай отырып көп нәрсеге қол жеткіздік, келешекте бұдан да зор нәтижеге қол жеткіземіз. Ол үшін азаматтар, қоғам және мемлекет жауапкершілікті тең бөлісуі қажет.
Ұлт бірлігін қамтамасыз ету – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл міндетті шешу үшін тәуелсіз, егемен, барлық әлем мойындаған мемлекет ретінде Қазақстанда саяси ерік және қажетті экономикалық, әлеуметтік ресурстың бәрі бар.
Ел бірлігі мерекесі күні Қазақстан тұрғындары өткенге салауат айтып, тарих сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық достық пен келісімді паш етеді.
Қазіргі таңда біз еңселі ел болудың даңғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр.
Қазақстан 2010 жылға бүкіл Достастық елдері, түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемінде бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға төраға болып сайланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, өркендеу жолына түсті.
Құрметті отандастар! Республиканың барлық тұрғынын Қазақстан халқының достығы мен бірлігі күнімен құттықтаймыз! Еліміз өркен жайып, мереке әрбір отбасына ынтымақ пен сәттілік алып келсін!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.
БІРЛІГІМ ТЕРБЕТІЛСЕ ТЕК БЕСІКТЕ
Көгершін-көңіл көгімді әлі айналды,
Күндей көрем кеудеде арай барды,
Туғаннан теріс пейілді тепкен қазақ
Тамыр деп тартты өзіне талайларды.
Жоғары жоқ адамға ардан бәлкім,
Жан жарасса жалғанда арзандар кім.
Жүзден астам ұлт сыйған ұясына
Жүрегіңнен айналдым дархан халқым.
Таусылғанша тірлікте бір күн демім,
Таудан, тастан, теңізден іркілмедім,
Ұлы шаруа – ұйыған татулықта
Ұлы болып қалмақшы ұлтым менің.
Жәй таппан жүрек сөзін жолдап алмай,
Оңды ұрпағым оз ылғи, оңға барғай.
Бәрі, бәрі шалқыса бір шаңырақта
Басын изеп құдай да қолдағандай.
Ырысты туған жерім нәрлі, құтты,
Ынтымақ тамырына қан жүгіртті,
Қазақстан – құшақ, ашылған ақ алақан
Бауырында балқытқан барлық ұлтты.
Еңселілер сапында, ел қатарда,
Ендеше, еңкейем бе, мен жатам ба,
Бірлігім тербетілсе тек бесікте
Тірлігім үлгі мәңгі жер-жаһанға.
Нағашыбай МҰҚАТОВ. ҚОСТАНАЙ.