Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экспорт туралы мәлімет айтты, деп жазады Egemen.kz.
Министр мәлімдеуінше, биылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 53,7 млрд АҚШ долларын, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 32 млрд АҚШ долларын құрады. Өңделген тауарлар экспорты 23,4% өсіп, 10,4 млрд АҚШ долларына дейін жетті.
«Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,8%-ға өсті. 14 өңір бойынша оң өсім көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсім Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарында байқалып отыр», деді Әсет Ерғалиев.
Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша вагондар мен локомотивтер өнідірісінде ең жоғары көрскеткіш тіркелген – 48,9%. Фармацевтикалық өнім өндіруде – 40,8%, машина жасау – 23,9%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,2%, құрылыс материалдары – 11,6%, пластмасса бұйымдары – 26,5%, дайын металл бұйымдары – 18,6%, киім – 16,3% және жиһаз – 16% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр.
«Биылғы жылдың сегіз айында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Ақмола және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады», деді Ұлттық экономика министрі.