• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2014

Өндірісті өңірдегі өркенді істер

270 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Үкімет басшысының жұмыс са­па­рының мақсаты аймақтың әлеуметтік-экономика­лық дамуымен, салалық мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу болып табылады.

 

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Үкімет басшысының жұмыс са­па­рының мақсаты аймақтың әлеуметтік-экономика­лық дамуымен, салалық мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу болып табылады.

Серік Ахметов аймақтың бірқатар өнеркәсіп орындарында болды. Ол ең бірінші Қазақстан қара металлургиясының қарлы­ғашы – ENRC компаниясының құрамына кіретін «Қазхром» трансұлттық компаниясы» ак­цио­нерлік қоғамының филиа­лы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жаңадан салынып­ жат­қан өндіріс орнына атбасын тіреді. «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының прези­денті Виктор Тиль жаңа зауыттың құрылысы, кәсіпорынның болашақ даму бағыттары туралы тарата әңгімеледі. Оның айтуынша, бұл зауыттың жылдық қуаты 440 мың тонна жоғары сапалы көміртекті ферроқорытпа өндіруге мүмкіндік береді. Бірегей жобаның құны 843 миллион АҚШ доллары тұрады. Зауытта жоғары көміртекті феррохром, орта көміртекті ферро­хром, төмен көміртекті ферро­хром, ферросилиций, металлоконцентрат сияқты металлургиялық өнімдерден басқа қожды қиыршықтас, қождан жасалған отқа төзімді бұйымдар, әктас, оттегі, азот және көмірқышқыл газ шығару игерілген.

Акционерлік қоғам нарықтық қатынас жағдайында ырғақты жұмыс істеп қана қоймай, өндіріс тиімділігін арттыру жолдарын іздестіруде. Еліміздің индустрия­ландыру картасына енгізілген бұл жоба әлемде теңдесі жоқ жоғары көміртекті феррохром өндірісінің инновациялық тех­нологиясын енгізумен, электр қондырғыларының, авто­мат­тандырудың және тұрақты ток пештерінің жаңа жүйесін пайдаланатындығымен бағалы.

Премьер-Министр Серік Ахметов бұдан кейін Ақтөбе рельс-арқалық зауытының құ­ры­лысымен танысты. Жаңа зауыт­тың құрылыс жұмыстары жайында «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин баяндады. Оның айтуынша, бұл зауытта инновациялық термотөзімді, жоғары сапалы рельстің ұзындығы 120 метр етіп құйылады. Өнім жоғары жыл­дамдықпен және қозғалысы көп желілерге қолданылатын бо­лады. Рельстің ұзын болуы мұн­дағы дәнекерлеу арқылы жалғау жұмыстарын азайтады әрі қауіпсіздікті күшейтеді. Тағы бір ерекшелігі – зауыт шы­ғарған өнім жылжымалы құрам­­ның жылдамдықты арттыруына ықпал етеді. Мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы Италиядан жеткізілген.

Зауыт жылына 430 мың тонна прокат, оның ішінде 200 мың тонна рельс және 230 мың тонна ірі сортты прокат өнімдерін шығаратын болады. Жобаның құны 55 миллиард теңге тұрады. Зауыттың бастамашыларының бірі – «Транспорттық технология» ЖШС жобаны жүзеге асыруға ынталы болып отыр. Қазақстанның Даму банкі қажеттті қаржының 70 пайызын несиелейді, ал, қалғанын «Қазақстан темір жолы» АҚ пен жеке инвесторлар қаржыландырады. Қазірдің өзінде кәсіпорын құрылысына қаралған қаржының 54,4 пайызы игерілген. Рельс арқалығы алып зауыты іске қосылғаннан кейін 700 адам жұмыспен қамтылмақ.

Индустрияландыру карта­сы­на сәйкес жобаның инфрақұ­ры­лымдық желілермен жарақ­тан­дырылуына облыстық әкімдік қолдау көрсеткен. Яғни, газ, су және канализация құбырларын тарту, зауыттың теміржол арқылы өтетін автожолы, 22 шақырым электр желісі осы бағдарлама аясында жүргізілген.

Сондай-ақ, жоба аясында зауыт­қа 39-ыншы Қызғалдақты разъезінен теміржол тартылып, жүкті тиеу-түсіру базасы салынды. Қоймалар, өрт сөндіру депосын, электр стансаларын салу жобаны жүзеге асырумен қанаттас жүргізілуде, қуаты 40 ме­гаватт электр стансасы іске қосылған. Болашақта болат бал­қыту кәсіпорны салынбақ. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Осыған байланысты тағы да 150 мегаватт электр подстансасын пайдалануға беру ойластырылуда. Жалпы, бұл кәсіпорын рельс арқалықтарын шығаруға қажетті шикізатты болат темірді балқытудан бас­тап дайын өнім – рельс және ірі сортты прокат шығарудың тасқынды өндірістік желісін қалыптастыруға бағыт ұстауда.

Үкімет басшысы содан­ кейін «Нұр Отан» партиясы Ақ­тө­бе облыстық филиалының ғима­ра­тында ұйымдастырылған ин­­вестициялық жобалар көр­месінің тұсаукесеріне қатыс­ты. Көрмеде «СНПС-Ақтөбемұнай­газ» АҚ,­ «Ақтөбе мыс ком­па­ния­сы»­, «КазКоппер», «Ақ­тө­бе ТемірВС», «Казцинк», «Юби­лей­ное» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты өңір­дегі іргелі кәсіпорындар өз өнімдерімен таныстырды.

Премьер-Министр Серік Ахметов көрмені көріп болған соң Ақтөбе агломерациясын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Онда Ақтөбе қаласын агломерациялық да­мы­тудың өзекті мәселелері тал­қыланды. Өңірлік даму ми­нистрі Болат Жәмішев Ақ­тө­бе­нің агломерациялық даму мүм­кіндігін саралап, талдады. Облыс әкімі Архимед Мұхам­бе­тов бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Оның айтуынша, өткен жылы 1325 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. 15600 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазір Ақтөбе қаласында облыс халқының 53 пайызы тұрады. Тұрғындардың облыс орталығына қоныс аударуы жыл сайын арта түсуде. Облыс еліміздегі экономикалық даму қарқыны бойынша көшбасшылардың қатарында келеді. Қалада және оған қарайтын елді мекендердегі әлеуметтік мәселелердің оң шешіліп жатқанына нақты мысалдар келтірді. Облыс әкімі өңірдің өзекті мәселелерін де айналып өтпеді. Шалқар көлінің табанын тазарту, туберкулезге қарсы диспансерді қала шетіне шығару, елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету және «Ақтөбе – Астарахань» тас жолын күрделі жөндеу сияқты үкіметтік деңгейде шешілетін проблемаларды алға тартты. Сондай-ақ, жергілікті билік тарапынан қолға алынып жатқан шаруаларды да баяндады.

Үкімет басшысы Ақтөбенің агломерациялық даму мүмкін­ді­гіне тоқталды.

Кеңесті қорытындылай келіп, Премьер-Министр облыстың Мемлекет басшысының Жолдауда алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндігі барлығын атап өтті.

«ҮИИД бағдарламасы мей­лін­ше табысты жүзеге асырылуда, сондай-ақ, аймақ ауыл шаруашылығын дамыту үшін зор әлеуетке ие», деді Серік Ахметов.

Кеңес барысында, сонымен қатар, облыстың әлеуметтік-эконо­микалық даму мәселелері де әңгіме өзегіне айналды.

Премьер-Министр ірі инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру, аймақтың жалпы өніміндегі ШОБ үлесінің өсімі үшін жағ­дайлар жасау, аграрлық секторда жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруға қатысты бір­қатар тапсырмалар берді. Бұл бағытта Ақтөбенің өндірісті қала екені, мұнай мен газ игілігі молдығы, көлік қатынасының ыңғайлылығы, экспорттық әлеуе­тінің жоғарылығы атап өтілді. Серік Ахметов өңірдегі өзекті мәселелердің шешілу мүмкіндігін салалық жауапты адамдардан қадала сұрап, оң нәтижелі болуын қадағалауды қатаң тапсырды.

Премьер-Министр Серік Ахметов жаңадан салынып жат­қан «НұрАқтөбе» тұрғындар қалашығында болды. Бұл ша­ғын аудандар пайдалануға берілгенде мұнда кемінде 250 мың халық тұратын болады. Осы жерде бой көтеретін бес шағын ауданның әрқайсысында 1000-1200 орындық екі мектеп және екі балабақша салынады. Өткен жылы мұнда жалпы алаңы 75,4 мың шаршы метр 1131 пәтер «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі бойынша, 93 коммуналық пәтер пайдалануға берілді. Өткен жылы тұрғын үй құрылысын салуға жалпы көлемі 8 миллиард теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 540 пәтер, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі бойынша және 216 пәтер жалдық жүйе бойынша пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2015 жылдың аяғына дейін жалпы алаңы 282,2 мың шаршы метр 5045 пәтер пайдалануға берілетін болады. Үкіметтік делегация пәтерлердің жобалауымен, құрылыстың сапасымен, қолданылған материалдармен танысты.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар