«Жезқазған – Сәтбаев» тас жолында жеңіл көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде егде әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай полиция қызметкерлері 21 жастағы көлік иесін ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көлік оқиғасы 12 қыркүйекте Жезқазған қаласында болған. Оқиға салдарынан зейнеткер Жезқазған қаласының медициналық мекемесінде көз жұмды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді.
Куәгерлер жүргізуші қара түсті ВАЗ-21099 автокөлігінде болғанын айтты. «Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы ер адам күдікті ретінде ұсталды. Ол кінәсін толық мойындады. Ұсталған азаматтың автокөлігі тәркіленді.
ҚР ҚК-нің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» және ҚР ҚК-нің 347-бабы «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кету» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті УҰИ-на орналастырылды», деп хабарлады Қарағанды облысының ПД.