Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Күн тәртібіне сәйкес онда бес мәселе қаралды.
Соның ішіндегі ең маңыздысы Елбасының елдегі тәртіпті күшейтуге байланысты берілген тапсырмасына сәйкес жасалған Қылмыстық кодексті жетілдіру жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Жаңа Кодекс туралы баяндаманы Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель жасады. Кодексте біз қылмыстың кейбір жаңа түрлеріне қарсы қолданылатын шараларды қарастырдық. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің қылмысын әшкерелеу істері бұл Кодексте біршама толық қамтылды. Сонымен бірге, бірінші рет қылмыс жасағандарды, әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері мен қарт адамдардың жасаған қылмысын жазалауды бұл заң біршама жеңілдетіп отыр. Десек те, біз бұрынғы Кодекстің құрылымын өзгертпей, сол күйінде қалдырдық, деді ол.
Одан әрі шешен Кодекстің бөлімдеріндегі өзгерістерге тоқталды. Соның ішінде, жалпы бөлімдегі бұрынғы 96 баптың 3-уі өзгертіліп, екеуі жаңадан енгізілгенін жеткізді. Сөйтіп, бұл бөлім 98 баптан тұратын болды. Ерекше бөлімдегі 326 баптың 4 нормасы жойылып, 4-уі басқа баптармен бірікті, жаңадан 50 бап енгізіліп, қорытындысында бұл бөлім 369 баптан тұратын болды, деді баяндамашы. Сонымен бірге, И.Меркельдің айтуына қарағанда, Қылмыстық кодексте жеңіл жазаларды қолданудың аса кең спектрі қарастырылғаны белгілі болды. Бұдан қылмыстық жазалаудың ізгілендірілгені айқын көрініс тапқанын көруге болады, деді ол. Алайда, бұрын Әкімшілік кодекс бойынша жазаланатын 9 түрлі қылмыстық істерді қарау осы Кодекске ауыстырылыпты.
Кодекс жобасы бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде депутат Г.Сейітмағамбетова Кодекстегі «үкімсіз тәркілеу» деген баптың қандай жағдайда қолданылатынын сұрады. Сөйтсе, ол Қазақстаннан қашып кеткен қылмыскерлердің мұнда қалған мүлкін тәркілеуді қарастыратын бап болып шықты.
Кодекс жобасын талқылауға да көптеген депутаттар белсене қатысып, ол бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.
Осыдан кейін кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық заңнаманы жетілдіру бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қарастырған ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл заң жобасы бойынша да Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Н.Әбдіров негізгі және қосымша баяндама жасады.
Сонымен қатар, жалпы отырыста күн тәртібіне сәйкес Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Келісім бойынша Хатшылықтың бюджетін Түркі кеңесінің аға лауазымды тұлғаларының комитеті мақұлдағаннан кейін Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі бекітеді. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша осынау кеңеске мүше елдердің (Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түрік Республикасы) міндетті жарналарының мөлшері белгіленген.
Осы күні Мәжіліс қорытынды әзірлеу үшін «Ең төменгі жалақыны белгілеу ресімін жасау туралы конвенцияны (26 конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын өзінің қарауына алды. Бұл конвенцияның мақсаты мемлекеттің ең төменгі еңбекақыны қамтамасыз етуі болып табылады. Бүгінгі күні оны 103 мемлекет ратификациялаған. Соның ішінде Армения мен Беларусь сияқты ТМД мүшелері де бар.
Жалпы отырыста осыған ұқсас «Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95 конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы да қорытынды әзірлеуге қабылданды. Бұл конвенция жұмыс берушінің еңбекақыны уақтылы және ақша түрінде ғана беруін қадағалайды. Осы конвенция қабылданса, қазақстандық жұмыс берушілердің еңбекақыны заңды валютадан басқа түрде беруіне тыйым салынатын болады. Бүгінгі күні оны 97 мемлекет ратификациялаған, соның ішінде Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан басқа барлық ТМД-ға мүше мемлекеттер де бар. Конвенция экономиканың барлық салаларын қамтиды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».