Алматыдағы Ұлттық кітапханада мемлекеттік қаржылық қолдаудан үмітті киножобалардың ашық қорғауы болып өтті. Еліміздің кино саласы мемлекеттің қаржылық қолдауына тікелей тәуелді болғандықтан, үмітті киножобалар бірнеше сатылы іріктеуден өтіп барып, өз фильмдеріне қаржы алатын жобалар тізімінен көріну мүмкіндігіне ие. Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов төрағалық еткен Сараптама кеңесі бұл жолы 510 өтінімді қарастырды. 2019 жылы 109, 2020 жылы 226 өтінім түскенін ескерсек, өткен жылдармен салыстырғанда биылғы көрсеткіш барлығынан оқ бойы озық, рекордтық нәтиже көрсетіп тұр.
Биылғы ашық қорғауға «Қазақфильм» киностудиясының 42 жобасы жіберілді. Киножобаларға қаржы бөлу бойынша шешім қабылдайтын арнайы Сараптама кеңесі құрылып, кино өндірісі саласындағы жетекші мамандар мен продюсерлерден, режиссерлер мен кинотанушылардан тұратын кеңес мақсаты әр жобаны мұқият талдап, маңыздылығына орай тұжырым жасауға бағытталған еді. Мемлекет қаржысын бақылап, бәсекеге қабілетті киноөнім тудыру мақсатында отандық киноның сапасын жақсартуға ықпал ететін бұл қадам қоғамнан да қызу қолдау тапқаны белгілі. Еліміздің ең ірі киностудиясының қалай дамып жатқанын, алдағы жылы қандай фильмдер ұсынатынын және ол кинотуындылардың қандай тақырыпты қозғап, қай бағытта түсірілетінін бақылап отыру осы Сараптама кеңесінің міндеті болып бекітілген-ді. Құрылғалы бері құрамы жиі жаңартылып жататын Сараптама кеңесі мүшелерінің бірауыздан: «Егер біз ұлттық киноны қолдау туралы айтатын болсақ, ең алдымен, ұлттық киностудияға ерекше назар аударуымыз керек», дегені де есімізде.
Міне, екі күн бойы өткен ашық қорғаудың алғашқы нәтижесі бойынша «Қазақфильмнің» қоржынына келіп түскен шығармашылық туындылар туралы аз-кем қорытынды жасаудың мүмкіндігі туды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын негізге алған киностудия бұл жолы өзін сан түрлі жанрда сынап көруден жалықпайтын жас режиссерлерге сенім артты. Жаңашылдықты басты бағыт етіп ұстанатын жас толқын режиссерлердің шығармашылығында постапокалиптикалық киберпанктерден бастап психологиялық триллерлерге дейінгі аралықтағы жанрлар тұтас қамтылған. Жанр, стиль және оқиғалардың алуан түрлілігі Сараптама кеңесінің мүшелерін тәнті етті.
Алдағы уақытта өзін кинопродюсер ретінде сынап көруге бел буған танымал актриса Әсел Сағатова бірден екі бірдей қызықты жобасын таныстырды. Біріншісі – фэнтези стиліндегі киберпанк, ол референс ретінде Marvel студиясының «Джессика Джонс» атты танымал сериалын алған. Бұл жоба сәтті жүзеге асырылатын болса, отандық кинода алғашқы суперқаһарман әйел бейнесі пайда болмақ. Жоба авторлары фильм режиссері ретінде Жасұлан Пошановты лайық көріп отыр. Екіншісі, «Елес қала» туралы мистикалық триллер. Продюсер фильмді Арқалық қаласында түсіруді ұсынады. Ә.Сағатованың айтуынша, тұрғындарының дені басқа аймақтарға қоныс аударып, есік-терезелері үңірейіп, жартылай қаңырап бос қалған қала мұндай жобаны түсіру үшін аса қолайлы.
Ілгеріде «Тұлғалық өсу тренингі» атты сәтті түсірілген туындысымен танымалдылыққа қол жеткізген режиссер Фархат Шарипов бұл жолы «Дети войны» деген жаңа жобасының тизерін ұсынды. Болашақта түсірілетін фильм ауқымдылығымен және жан-жақты дайындығымен сараптама мүшелеріне жақсы әсерін қалдырды. Сондай-ақ әскери драма жанрында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы «Штурмовик 13» картинасының жобасы да сонылығымен назар аудартты. Дегенмен Сараптама кеңесінің мүшелері бұл жобаны әлі де пысықтау қажет екенін ескертті. Сонымен қатар Сараптама кеңесі жас режиссер Расул Шарафеддиновке «Отдел» фильмінен телеарналарға арналған көпбөлімді сериал жасауды ұсынды. Бұл кеңсе қызметкерлерінің күнделікті өмірі туралы фильм болмақ және авторлар референс ретінде әйгілі «Офис» сериалы мен «Гараж» фильмін мысал етті.
Биылғы ұсынылған жобалардың көпшілігі психологиялық триллер мен отбасылық драма жанрларында болып шықты. Отандық кинематографистерді не себепті осы сарындас тақырыптардың көбірек толғандыратыны белгісіз, бірақ қазақстандық киноконтенттің әлеуметтік маңызы бар, рухани және адамгершілікке тәрбиелейтін фильмдерге басымдық беретін ерекшелігін ескергендіктен, үлкен үлес алғанын топшылауға болады. Бұл тарапта Терренс Маликтің «Древо жизни» фильмінің стилінде «Принцесса Дарья» картинасын түсіру туралы шешім қабылдаған жас режиссер Берік Жахановтың тұжырымдамасына оң баға берілді.
Сараптама кеңесі Эля Гильманның «Дневник лунного света» атты жобасын ұзақ талқылады. Э.Гильманның жобасы Алматы тұрғындарына жақсы таныс Әсет есімді өмірде болған жігіттің шынайы оқиғасына құрылған. Әсет туабітті мүгедек, диагнозы – ДЦП, бірақ осыған қарамастан ол көп жылдар бойы Абай және Достық көшелерінің қиылысында «жол реттеуші» болды. Міне, бұл сюжетке референс ретінде авторлар Оскар сыйлығына ие болған «Человек дождя» және «Форрест Гамп» картиналарын атап өтті.
Өмірдің шынайы дерегі, таңбасы өшпеген тарихи оқиғалар, тағдырын ел мұраты жолына байлаған тұлғалар, өткір әлеуметтік мәселелер, толғауы тоқсан тіршілік, туған жердің тұмса табиғаты – мұның бәрі деректі фильм тақырыбы. Өмір айнасы іспетті деректі кино жанрының қысқа адыммен болса да, өзге жанрлардан қалыспай, деңгейлес дамып келе жатқаны Сараптамалық кеңесте анық көрінді. Деректі фильмдер секциясы ұсынған жобалардың тақырыптары жаңалыққа тұнып тұр. Бұл ретте, белгілі деректанушы Қанат Бейсекеевтің «Той» жобасын жеке-дара атап өтуге болады. Іс-шараның модераторы, киносыншы Олег Борецкий айтқандай, бұл картина көрерменді кинотеатрға деректі фильм үшін баруға жетелей алатын алғашқы фильм болуы әбден мүмкін.
Ұлттық музыкалық аспаптарды зерттеу тақырыбына арналған жобалар деректі киноның өз алдына бір бөлек жатқан кең арналы, сүбелі саласы екенін қарапайым көрермен біле бермейді. Мұнда Шәкәрімнен Ыбырайға, Дина Нүрпейісовадан Исаак Идкиндке дейінгі белгілі музыка өнерінің қайраткерлері туралы фильмдердің көптігі кеңес мүшелерінің өзіне бас шайқатты. Арасында «Қазақфильмнің» өзі туралы да жобалар болды, бірақ бұл жобалар бөлек басқосудың тақырыбы болғандықтан, кейінгі талқылауға қалдырылды.
Қысқаметражды фильмдер секциясында Пауло Коэльо романының негізінде жасалған, әйел махаббаты мен жалғыздығына арналған «На берегу Большой Алматинки села я и заплакала» картинасына және «Жылы түн, салқын сыра» комедиясына Сараптама кеңесі жеке тоқталды.
Жеті қазынаның бірі ит туралы картиналарға режиссерлер алабөтен қызығушылық танытып, өте көп жоба әзірлеп әкелгендері де күтпеген тосын жағдай ретінде қабылданды. Бүкіл ауылды аштықтан құтқарған шопан иті туралы толықметражды «Ақтөс» фильмі (әйгілі «Хатиконың» қазақстандық баламасы) және Белка мен Стрелканың алдында ғарышқа жіберілген иттер туралы «Байқоңыр-ғарышкер» анимациялық фильмі келер жылға жолдама алатын қызықты жобалардың қатарына қосылды.
Іріктеуге қатысқан 42 фильмнің барлығының сараптамасына тоқталып өту мүмкін емес, бірақ биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан еліміздің басты киностудиясы осындай ілкімді қадамдар, тың идеялар мен іргелі жобалары арқылы руханият дамуының бастау-бұлағында тұрғанын айқындай түсті.
АЛМАТЫ