Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көрнекті жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақ әдебиеті тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы Ілияс Есенберлиннің 6 томдық шығармалар жинағы жарық көрді, деп жазады Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жинаққа жазушының барлық шығармасы кірді. Енді кез келген оқырман «Көшпенділер», «Алтын Орда» сынды тарихи эпопеямен қатар кеңес үкіметі кезінде жарық көрген еңбектерді қазақ және орыс тілінде оқи алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқырмандарға арнаған үндеуінде Ілияс Есенберлиннің еңбектерін терең зерттеусіз қазақ тарихын білу мүмкін емес екенін атап өтті.
Жалпы Ілияс Есенберлиннің көптомдығын басып шығару – оқырман қауым үшін маңызды мәдени оқиға. Жазушының шығармалары елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде де кеңінен танылған. Бүгінге дейін Ілияс Есенберлин кітаптары 7 миллион тиражбен 30-дан астам тілге аударылды. Бұл біздің еліміздегі жазушылардың еңбектері арасындағы ең көп таралым. Зерделі тұлға шығармаларының толық жинағы біздің тарихи жадымызды жаңғыртуға үлес қосып, жас ұрпақ арасында туған елге деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштікті арттыруға септігін тигізеді.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көшпенділер» трилогиясын «қазақ халқы өмірінің энциклопедиясы» деп, жазушы шығармашылығына жоғары баға берген еді.