Елордада өтіп жатқан Еуразиялық медиа форумда сарапшылар бүгінгі күнгі өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтар болсақ, Форум шеңберінде өткен дөңгелек үстел отырыстарының бірі Орталық Азияны алаңдатқан Ауғанстан тақырыбына арналды.
Форум аясында ұйымдастырылған «Ауғанстандағы оқиғалар. Орталық Азия аймағына қалай әсер етуі мүмкін?» тақырыбындағы дөңгелек үстелге AFG-QAZ Қазақстан-Ауғанстан даму және серіктестік қауымдастығының төрағасы Өміртай Бітімов (Қазақстан), Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Әкімбеков (Қазақстан), «Ма’но» зерттеу бастамалары орталығының негізін қалаушысы және директоры Бахтиёр Эргашев (Өзбекстан), Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері және директоры Хусейн Хаккани (АҚШ), тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты Таяу Шығыс зерттеулері орталығының басшысы Ирина Звягельская (Ресей), саясаттану ғылымдарының кандидаты Саймидин Мирзоев (Тәжікстан) қатысып, ой бөлісті. Іс-шара модераторы Нұрсұлтан Назарбаев орталығының Халықаралық бағдарламалар жетекшісі Қайрат Әбусейітов (Қазақстан) болды.
Өзбекстандағы «Ма’но» зерттеу бастамалары орталығының негізін қалаушысы Бахтиёр Эргашев биыл 15 тамызда аймақта бірқатар елеулі мәселе болғанын атап өтіп, оның әсеріне тоқталды. «Ең алдымен сәтсіз модернизация мысалын атап өткен жөн. Одан кейін геосаясатта да олқылықтар байқалды. Геоэкономикаға келсек, бұл жерде үлкен сұрақ туындайды. Ол қызметтер үшін кім ақы төлейді деген сауал пайда болды. Аймақтан АҚШ кеткеннен кейін бұл жауапкершілікті Қытай өзіне ала ма?
Көршілес елдер енді Ауғанстанмен қандай байланыс орнатамыз деген ойда. Аймақта қауіпсіздік мәселесі ретке келтірілмеген. Қауіпсіздік жоқ жерде экономика туралы айтып керегі жоқ. Ал экономика реттелмеген жағдайда, миграция пайда болады. Босқындар ағынын шекараға қанша мықты күзет қойсақ та тоқтату қиын», деді сарапшы.
«Ең басты сауал – Ауғанстанда қоныстанған түрлі этностық топтардың ара қатынасы. Бұл мәселені шешпей, басқа тегеуріндер туралы айта алмаймыз. «Талибанның» Ауғанстанда болған, болатын және бар басқа да террорлық ұйымдармен қандай байланыс құрары беймәлім. Өзбекстанда бұл ретте жақсы тәжірибе бар. Өйткені елде бірқатар террорлық оқиғалар болғанын бәріміз білеміз. «Әл-Каиданың» ұлғайып жайылғаны сонша, «Талибанмен» жақындасып кетті. Сондықтан талибандар олармен күреседі дегенге аса сенбеймін. Осы ретте Өзбекстанның күн тәртібінде де Ауғанстанмен қатынас мәселесі туындайды», деді Бахтиёр Эргашев.
Одан кейін Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы қатынас тұрғысында айтты. Оның айтуынша, 2017 жылға дейін екі мемлекетте прагматикалық серіктестік орнаған-ды. «Ауғанстанда темір жол салуда Өзбекстан үлкен жұмыс атқарды. Хайратон мен Мазари-Шариф арасындағы темір жолды өзбекстандық компания салды. Ауғанстанға электр тасымалдау бойынша да үлкен бағдарламалар қолға алынды. Бүгінде аймаққа тасымалданатын электр энергиясының 55 пайызы – өзбекстандық. Алайда Өзбекстан басқа салалар бойынша Ауғанстан үшін жабық саясатты ұстанды. Бұл да – прагматикалық саясат. 2017 жылға дейін қатерлі аймақ болып қабылданса, сол жылдан бері мүмкіндіктер аймағы ретінде қарастыра бастады», деп түйіндеді сарапшы.
Одан бөлек елдегі тұрақсыздық мәселесі әлі де өзекті және маңызды екенін алға тартты. Мәселен, биыл жыл соңында сауда қатынасына қатысты келісімге қол қойылуы керек. Сарапшы енді оны кіммен келісетіні беймәлім екенін атап өтті.
Өміртай Бітімов «Талибанның» өз ішінде де 20 шақты топқа бөлінетінін атап өтіп, ең алдымен бірізділік қажет екеніне тоқталды. «Алдымен олар кімнің үстем екенін анықтап алуы керек. Әркім өз ісіне жауап беруі керек. Әлем елдерінің алға тартқан міндеттемелерін орындамай жатып, шоттарды ашу сияқты талап қоя алмайды. Егер бізге баса көктесе, біз де тиісті жауап беруіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, біз тәуелсіз Ауғанстанды қолдаймыз. Ауғанстан халқына да тиісті көмек көрсетеміз. Ол жақтағы қандастарымызды да елге алдырып жатырмыз. Бұл тұрғыда Кабул үкіметімен байланыс орнады», деді сарапшы.
Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Әкімбеков «Талибан» сынды топтың пайда болу мәселесіне тоқталды. Сарапшының пікірінше, бұған жасырын операциялар себеп. Сонымен қатар сарапшы елдегі саяси мәселелерді де қозғады. Мәселен, аймақта әр сайлау күтпеген нәтижемен аяқталатынын айтты. «Халық әр саяси науқаннан кейін не күтерін білмейді», деді С.Әкімбаев.
Одан бөлек, елдегі медреселер туралы пікірімен бөлісті. Осы ретте «Елдің оңтүстігіндегі медреселерді назарға алған жөн. Уақыт өте олар Мазари-Шарифке, яғни Өзбекстанмен шекаралас аймаққа көшіп, өзбек халқын да оқыта бастаса, тағы бір мәселе туындары сөзсіз», деп түйіндеді.
Одан бөлек, Форум шеңберінде іс-шараның бірінші күнінде «Қазақстанның мықты брендтерін құру. Дәстүрлі және жаңа медианың рөлі мен маңызы» атты дөңгелек үстел, «Әлеуметтік маркетинг», «Digital me: әлеуметтік желілерде отыру әдетінен арылып, AI және сингулярлыққа кірігуге дейін», «Мультимедиялық платформалар-медианың болашағы», «Болашақты қалай басқаруға болады?», «Сыни ойлау неліктен соншалықты маңызды?» тақырыптарына арналған шеберлік-кластары өткізілді.
Іс-шараға 25 елден 60-қа жуық сарапшы, 3000-нан астам адам онлайн режімде қатысып жатыр. Форум 17 қыркүйекке дейін жалғасады.