Бұдан үш жыл бұрын Елбасының Жарлығымен Қарағандыда құрылған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы жаңа кәсіпорындар алдының құрылысы аяқталып, бірқатарының биыл іске кірісе бастауы жақындап келеді. Жалпы, аумағы 500 гектар жерді қамтушы орында орналасқан өндірістер негізінен өңірге ең қажетті өнімдерді өндіруге бағыт ұстағалы отыр.
Бұл АЭА басқарма төрағасы Әлен Ысқақовтың айтуынша, мұнда қызметтерін құру үшін әзірге тіркелген 33 қатысушы өз жобаларын іске асыруға 3 млрд. теңге салса, қатарларын толықтыруға ұмтылушылар тағы табылып жатқан көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, өнеркәсіптік базалық саласы мықты облыстың арнайы бөлінген, жұмысты ұйымдастырып, дамытуға барынша жағдай жасалған аймағы, әсіресе, шетелдік ірі компанияларды қызықтыра түсуде екен. Алдағы алты жылда 300 млрд. теңге инвестиция тартылуға тиістілігі соны көрсетеді. 8 мыңға тарта адамның еңбектенуге мүмкіндігі боса-болмасын қарағандылықтардың біразы күткен қуанышты оқиға. Соған орай бұрын аты да естіліп көрмеген жаңа мамандықтар меңгеріп, алғашқы еңбеккерлері атануға тілек білдірушілер аз емес. Сондықтан таңдаулыларын қабылдау қоса жүргізілудегі шаралардың бірі. Мұның өзі заман талап-талғамына сай сапалық деңгейі жоғары кадрларды қалыптастыруға жол ашып отыр.
Сонымен, қаланың Бұқар жырау ауданымен шектес тұсындағы бұған дейін бос жатқан бөлігінде қандай кәсіпорындар ірге көтермекші дегенде, бәрінің де ішкі және сыртқы рынокта бәсекелестікке қабілетті, өтімділігі жоғары өнімдер шығаруға бейімді құрылымдар болмақтығын атап өткен орынды. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес жоғары технологиялық жолға бағдарлау жөнінде алға қойған міндеттеріне байланысты олар соның бастауы тұрғысында үлкен өзгерістер жасайды.
Аталған аймақ қанат қаққаннан бері 4 зауыт салынып, 9-ының құрылысы биылғы жыл аяғына дейін бітпек. Ол индустриялық парк негізінде металлургияны және металл өңдеуді дамыту үшін құрылған болатын. Былтыр инфрақұрылым толығымен қалыптастырылды. Жылу, су желілері, электр, жол жүйелері тартылды. 13 компанияға жер телімдері берілді. Өз жобаларын іске асырушы кәсіпорындар бәрі шикізатты отандық өндірушілерден тұтынады. Электр қуаты еш делдалдардың араласуынсыз жергілікті негізгі көздерден тікелей жеткізіледі. Сол арқылы энергия қымбатшылығына ұрынбайды.
Тұңғыш Президентіміздің жаңа Жолдауында «Көптеген болжамдар бойынша алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін мүмкіндіктер терезесі болмақ» деп көрсетілгендей, индустрияны инновациялық негізде құруды тереңдетуге, тауарлы өндірісті қалыптастыруға, экспорттық әлеуетті көтеруге алдымен біздің аймақ оңтайлы. Соны орындап, үлгі көрсетпек. Мұнда көптеген технологиялық жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді игеруге, серпінді жобаларды жасау мен іске асыруға, инвестиция тартуға қолайлы жағдай осы саланы түбегейлі өзгертетіні даусыз,– дейді «Сарыарқа» АЭА кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Тілеубек Дүйсебаев.
Ол түсіндіргендей, «Сарыарқаның» басты ерекшелігі мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының мақсаттарына сәйкес өңірде экономиканы әртараптандырудың тәжірибелік алаңқайы ретінде танылып, осы үдеріске көшбасшы болуға тиіс. Бұл дегеніміз не, мәселен, электронды және оптикалық заттар, мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жылу сақтау қабілеті бар құбырлар, құрылысқа қажетті металл емес құрылғылар мен бұйымдар, теміржол вагондарын жөндеу, металл өңдеу, арматуралар, резинотехникалық және пластмасса жабдықтар, компрессорлар мен редукторлар, интерактивтік оқыту құралдарын, қысқасы облыс қана емес, еліміз өңірлері өндірісінің мұқтажын өтейтін сан алуан өнім түрлерін өндіру істің негізгі нысанасына айналады. Мұндағы зауыттардың халықаралық стандарттағы «ISO 9000» сапа сертификатымен жұмыс істеуі талап етіледі. Өйткені, қазақстандық тұтынушылар сұранысын қанағаттандырумен қатар, заттар мен жабдықтардың бір бөлігін экспортқа шығару көзделеді. Бұған қолайлы резервтік мүмкіндіктер бар әрі ғылыми-техникалық әлеует жақсы жағдай жасамақ.
Бүгінде алғашқылардың бірі болып жұмысқа кіріскен «Бемер Арматура», «Изоплюс Центральная Азия», «Centraj Asia», «Лидос LTD» сияқты ЖШС-лер алғашқы эксклюзивті өнімдерін шығару үстінде.Таяу арада басқа да кәсіпорындар ашылып, «Сарыарқа» құлашы қеңейеді. Жалпы алғанда, отандық, шетелдік 53 компанияның қанаты астындағы өндірістердің бәрі іске қосылғанда жылына 246 млрд. теңгенің өнімі өндірілуге қол жеткізілмек. Бұл – облыстың өңірлік өнімінің тең жартысына жуығын құрайды деген сөз. Сөйтіп, күні кеше армандай көрінген мақсаттың бірі осылайша нақты іске асады.
Бұл күнде асыра айтқандық емес, қыстың қиыншылығына қарамастан, осынау аймақ аумағында күннен-күнге бірінен соң бірі бой көтерген кәсіпорындар шоғыры шоқталып келеді. Бұлар ертеңдері өз алдына бөлек индустриялық кешендер орталығы болғалы, алысқа танылғалы тұр. Әрқайсысы өндіретін өнімдер әртүрлі. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, Қазақстанның ресурстарына, азық-түлігіне, индустрияландыру өнімдеріне сұраныс арта түсетіндігінің бір тірегі осы «Сарыарқа» боларына онда орын теуіп, жалынды істерге құлшынушы компаниялар сенімді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.