Кеңес идеологиясынан босап шыққан қазақ өнерінің қылқаламы егемендікке қол жеткізгелі еркін көсілді. Ұлттық бейнелеу өнерінің өрісі кеңіп, бояуы түрленді. Жаңашылдыққа жаны құштар қылқалам шеберлері азаттықтың аспанын қалаған түсімен бояды. Міне, сондай дарынды суретшілердің бірі – Дария Калимова-Қастеева.
Жақында көркемөнерден қуаныш тапқан өнер иесінің «Уақыттың шынайы сабақтастығы» атты көрмесі өткен болатын. Елордадағы салтанатты іс-шараның біз де куәсі болған едік.
Әуелі беташар сөз мемлекет және қоғам қайраткері, танымал түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековке берілді.
«Бүгінгі ашылып отырған көрменің мен үшін маңызы зор. Себебі Дарияның ата-анасы Мұхит Калимов пен Лиза Калимованы бұрыннан танимын. Мұхит – қазақтың бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі. Отбасындағы әрбір жан шығармашылық пен өнерге тұнып тұрған азаматтар», деген ол, осынау игі іс-шараға мұрындық болған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Өз кезегінде Ұлттық музей директорының орынбасары Назгүл Кадримбетова суретшінің шығармашылығына тоқталып өтті.
«Гобелен – үлкен еңбекті, сабырлықты қажет ететін, ою-өрнек композициясы бар, сәндік өнердің бір түрі. Дария ханым жасаған бүгінгі туындылардан біз ана бейнесін, әйел адамның образын айрықша көре аламыз. Бұл көрме музей қонақтарының жүрегінен ерекше орын алады деп сенемін», деді Н.Кадримбетова.
Одан кейін кеш иесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық музей директорының атынан арнайы сертификатпен марапатталды.
Арнайы көрсетілген сый-сияпаттан соң Дария Калимова-Қастееваның анасы, белгілі суретші-кестеші Лиза Калимова өзінің жылы лебізін білдірді.
Көрмеге Дария Калимова-Қастееваның өз туындыларымен қоса, әкесі, атақты қазақстандық суретші Мұхит Калимовтің жұмыстары да қойылған екен.
Айта кетейік, Мұхит Калимов – портреттің сөзсіз шебері. Қазақтың атақты тұлғаларының портреттерін бейнелейтін тарихи тақырыптарға үлкен мән бере білген шебер.
Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген Дария Калимова-Қастеева сәндік-қолданбалы өнерді, яғни гобеленді таңдады. Оның гобелендері тегістікпен, сызықтардың белгілі бір өтімділігімен және ашық, қанық түстермен ерекшеленеді.
Көптеген шығармасынан қазақ әйелінің бейнесі көрінеді. Әйел тағдырының философиялық образы «Беташар» және «Ана» сияқты керемет туындыларында ашылады. Ал жастық пен сымбат бейнелері «Көктем» және «Арфалы қыз» шығармаларында кездеседі. Батик пен гобеленге тән декоративтілік дәстүрлі кескіндеме мен классикалық ұлттық мәнерде салынған суреттер де көрінеді. Оның шығармалары тегістік гүл контрасстарымен үйлесіп, гүл, тауыс және Алматы апортын көрсетеді. Туындылары жағымды түстермен айшықталған. Әйел энергиясымен үндесетін мейірім мен махаббат, үміт пен сұлулық біріктірілген.
Аталған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 10 қазанға дейін Ұлттық музейге келіп, тамашалай алады.