ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Мұхаммед әл-Арикины қабылдап, Елші сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті, деп жазады Egemen.kz.
Кездесу барысында Ш.Нұрышев шетел дипломатын тағайындалуымен құттықтап, оның алдағы жұмысы Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыстың одан әрі дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар екі мемлекет арасындағы саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуы атап өтілді. Екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Тараптар жаһандық және өңірлік күн тәртібінің барлық негізгі мәселесі бойынша Нұр-Сұлтан мен Абу-Даби ұстанымдарының жақындығын немесе сәйкестігін, көпжақты алаңдағы, соның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК және т.б. ұйымдардағы тиімді өзара іс-қимылды атап өтті.