• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Қыркүйек, 2021

Тәшеновтің қалта сағаты

714 рет
көрсетілді

Жақында бас шаһарда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке еңселі ескерткіш қойылып, тұғырлы тұлға халқымен қайта қауышты. Айта кетейік, елордадағы Ұлттық музейде ардақты азаматтың көзі тірісінде өзі тұтынған біраз жәдігерлері сақталған.

Бұл жәдігерлерді музейге 2015 жылы «Ұлттық музейге сый тарту» ак­циясы аясында қайраткердің ұлы Саян Жұмабекұлы тапсырыпты. Оның ішінде Жұмабек ағамыздың қалта са­ғаты, көзілдірігі, қолжазбалары және Ленин ордені мен депутаттық куә­лігі бар.

Жұмабек Тәшенов қазіргі Ақ­мола облысы Аршалы ауданындағы Танакөл деген ауылда өмірге келіп, алғашқы еңбек жолын өзінің туған жерінен бастайды. Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысында жа­уап­ты қызметтер атқарып, 1952-55 жылдары Ақтөбе облысы партия ко­митетінің бірінші хатшысы болды. Одан кейін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасының төрағасы, 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағалығына тағайындалып, осы қызметте жүргенде қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға көп еңбек сіңірді. Дәл сол жылдары Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, оңтүстіктегі мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру жөнінде мәселе көтерілгенде, соған бірден қарсылық көрсетті. Сонымен бірге Маңғыстауды Түрікменстанға қосу туралы ұсынысқа да келісім бермеген. Сондай-ақ ақын-жазушыларымыздың үні «Қазақ әдебиетін» жабу мен сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правданың» аудармасы етіп шығаруға қарсы болып, ұлттық басылымдардың жабылып қалмауына қайраткерлік танытты.Осылай туған халқының қорғаны болған есіл ерге «ұлтшыл» деген жала жабылып, Хрущевтің нұсқауымен қызметтен босатылып, 1961 жылы бүгінгі Түркістан облысына кішігірім қызметке жіберілді. Асыл азамат 1986 жылы Шымкент қаласында 71 жасында дүниеден озды.