Кеншілер астанасында үстел теннисінен ITTF Kazakhstan International Open-2021 халықаралық турнир өтті. Былтыр ғана бой көтерген Saryarka үстел теннисі орталығын екі күн дүбірге бөлеген додада Аустрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның әр қиырынан келген 70-тен астам спортшы 30 мың АҚШ долларын құрайтын жүлде қорын сарапқа салды.
Жарыстың ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және бірқатар мәртебелі меймандар арнайы келіп қатысты.
Айта кету керек, аталған турнир Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ТМД елдері аумағында биыл ұйымдастырған жалғыз рейтингтік жарыс болды.
«Биыл Қазақстан үстел теннисі федерациясы ITTF аясында дүбірлі де беделді додаларды дәстүрлі түрде өткізуге ниетті екенін жариялайды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл аймақтардағы материалдық-техникалық базаны нығайтумен бірге, республикадағы ең ауқымды олимпиялық спорт түрлерінің бірін дамытуға қосымша ынталандыруды қамтамасыз етеді. Біз Kazakhstan Open додасын жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз», деді турнир алдында Қазақстан Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.
Дүбірлі дода қорытындысы бойынша ерлер арасындағы сында, бұған дейін хабарланғанындай, отандасымыз, ел үстел теннисінің көшбасшысы Кирилл Герасименко топ жарды. Ал әйелдер арасындағы тартысты бәсекеде ресейлік Валерия Коцюрдің жолы болды. Екінші жүлде де ресейлік Екатерина Охотниковаға бұйырса, қола медальға қазақстандық Айя Әлімбаева қол жеткізді.
Ерлер арасындағы жұптасып өнер көрсету сынында Кирилл Герасименко мен қарағандылық жас талант Алан Құрманғалиевқа тең келер қарсылас болмады. Ресейлік жұп Валерия Коцюр мен Валерия Щербатых әйелдер арасындағы сайыста мықтылығын мойындатты. Ал қарағандылық Зәуреш Ақашева мен Сарвиноз Миркадирова болса, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Аралас жұптар арасындағы өткен тартыста Ресейден келген Валерия Коцюр мен Максим Кабуркин жұбы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл сында қазақстандық теннисшілер де жүлдесіз қалмады. Атап айтқанда, Эрик Райтер мен Арай Әшкеева жұбы қола жүлдеге ие болды.
Сөйтіп, тартысты өткен турнирде Қазақстан құрама командасы екі алтын және үш қола жеңіп алып, сәтті өнер көрсетті.
Аталған турнирге келген қонақтар мен қатысқан спортшылар дүбірлі доданың өте жоғары деңгейде өткенін бірауыздан атап өтті. Жалпы, соңғы жылдары Қарағанды облысында үстел теннисі қарқынды түрде дамып келеді деп айтуға берік негіз бар. Нақтырақ айтқанда, осы спорт түрінің өңірлік федерациясына жетекшілік ететін облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қамқорлығының арқасында үстел теннисі шеберлерінің жарыстарға алаңсыз да тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жасалған.
Ал былтыр Мемлекет басшысының өзі ашқан Saryarka заманауи теннис орталығы халықаралық деңгейдегі кез келген жарысты өткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, жалпы аумағы төрт мың шаршы метр болатын бұл нысанда 18 теннис үстелі қойылған ойын бөлмесі және Халықаралық үстел теннисі федерациясының барлық техникалық талаптарына сәйкес келетін тоғыз теннис үстелі бар жаттығу залы бар. Сондай-ақ мұнда кешенді дайындыққа арналған жаттығу залдары, медициналық кабинет, спортшыларға арналған демалыс бөлмелері, төрешілер мен бапкерлер бөлмелері, конференц-залдар мен фудкорт қарастырылған.
Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевтың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде үстел теннисімен айналысушы балалар мен жастардың қатары көбейіп келеді. «Облыс орталығында жаңа теннис орталығының салынуы спорттың осы түрінің дамуына үлкен серпін берді. Осы бағыттағы жұмыстарға барынша қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына деген алғысымыз мол», дейді ол.
Еліміздегі және облыстағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, жарыстың көрерменсіз өткенін айта кеткен ләзім. Есесіне, бұл ITTF Kazakhstan International Open-2021 турнирін Qazsport телеарнасы мен Халықаралық үстел теннисі федерациясының ресми сайты тікелей эфирде көрсетті.