• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қыркүйек, 2021

Өңірлік комиссиялардың екінші семинары

185 рет
көрсетілді

Елордада Мемлекеттік комиссия жанындағы Жобалау кеңсесі және Қостанай облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі Өңірлік комиссиялардың Жұмыс топ­тарының «кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды (орта шаруа) және крестьян-шаруаларды ақтау бойынша қорытындылар мен ұсыным­дарды зерделеу, әзірлеу» тақырыбына арналған екінші семинары өтті.

Мемлекеттік комиссия мүшесі, Жобалық кеңсе басшысы Сабыр Қасымов өз сөзінде «Егер бүкіл Кеңес халқы үшін трагедия 1937-1938 жылдары, сол сияқты «Үлкен террор» жыл­дары болса, онда Қазақстан және оның халқы үшін бұрын-соңды бол­ма­ған трагедия мен нағыз апат 1928-1933 жылдар болып табылады. Осы жылдары большевиктік-сталин­дік режімнің халыққа қарсы ал­дын ала әзірлеген сая­саты, сондай-ақ Қазақстандағы оның «тағайындаған» қолдаушыларының қабылдаған мемлекеттік шешімдері нәтижесінде, мемлекет тарапынан қазақ халқының жалпы санының жартысынан айырған адамгершілікке жатпайтын науқандар жүргізілді... Нақ осы ірі байлар мен кулактарды, орта шаруалар шаруашылығы мен мүліктерінің жоғарыдан түсірілген жоспар арқылы жаппай тәркіленуі халық өмірінің материалдық негізінің жойылуына жол ашты», деді.

Семинар жұмысында репрессия кезеңінің лексикасында «тәркілеу» терминімен қатар «экспроприация» термині қолданылатыны аталып өтіл­ді. Сөздіктер мазмұнында осы ұғым­ның сино­нимдерін келесідей терминдер құ­райды: «тонау», «тар­тып алу», «алып қою», «қол сұғу». Дәл осы тер­мин­­дер Қазақ­стан тұрғын­дарының бүкіл мүл­кі тәркіленді деп сипаттауға жарайды.

Семинар модераторы С.Қасымов зерттеушілер мен бүкіл қоғамды жалпы тақырып бойынша, сондай-ақ жекелеген фактілерді де саясиландыруға жол бермеуге, осындай ауыр жылдары бұрынғы кеңес елінің барлық халықтары зардап шеккендіктен, өзге халықтар мен мемлекеттерді айып­тамауға шақырды.

Семинарда атап өтілгендей, зерт­теу­­шілердің алдын ала зерттеу мәлі­мет­т­ері бойынша «Қазақстанда 54 мың ша­руашылық тәркіленген: отағасы мен олар­дың отбасы мүшелері соттал­ды, жер аударылды және т.б. Егер орта есеп­­пен бір отбасының бес мүше­сін ал­­сақ, онда қуғын-сүргінге ұшы­раған адам­дар­ды және тиісінше құрбан­дар саны екі жүз мыңнан астам адамды құрайды».

Семинар модераторы атап өткен­дей, іс жүзінде құрбандар көп бол­ған, өйткені «бай-кулактарға» қа­тыс­ты «ауызекі айып тағу» қолда­ныл­­ған, сот пен тергеусіз «бай-кулак­тардың» көп бөлігі тәркілеуге ұшырады, қамау­ға алынды, тәркілеу жөніндегі уәкіл­дердің және өңірлік ОГПУ бас­шы­ларының (өкілдерінің) ауызша нұс­қауы бойынша қоғамдық кеңестер арқылы жер аударылды.

Сондықтан да тәркілеу мен жер аударудың көптеген құрбандары есепке алынып, есеп кітабына тіркел­меген­діктен құжаттық дәлелдер қалды­рылмаған. «Біздің алдымызда саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде олардың санын анықтау міндеті тұр. Бұл жұмыстың бағыттарының бірі – олардың ұрпақтары және бас­қа да ақпарат берушілермен сауал­дама жүргізу... Біз күштеп тәркілеу­дің құрбандарының, әсіресе бал­а­лардың аурудан, аштықтан, мәж­бүрлі босқындықтан, суықтан, жер аудары­лу салдарынан қанша адам қайтыс болғанын зерттеуіміз керек. Адам шығыны көп болды. Нелік­т­ен тәркіленген және қуғынға ұшыра­ған нақты отбасының мысалында адам шығынын зерделемеске. Дәл осы жұмыстар еріктілердің, журналис­тердің, телеарна және әкімдіктің идеология сала бойынша қызметкерлерінің міндеті әрі борышы», деді С.Қасымов.

Семинарға қатысушылар зерттеу жұмыстарымен өзара тәжірибе алмасып, бірқатар жаңа материал­ды, жазықсыз қуғын-сүргін құрбан­дарының жаңа есімдерін ұсынып, одан әрі қарай зерттеу жоспарларын белгіледі.