Осы бір өлең сөзі тіл ұшына оралғанда тумысынан мүмкіндігі шектеулі Әлия Хасенова жүйрік қиялдың жетегіне ілесіп көңіл құсы шартарапқа шарықтап кетер еді. Өзі де мөлдіреген жан сезімін өлең жолдарымен өреді. Мөлдір мұңға, асқақ арманға тұнып тұрған жауқазын жырлар жанының жапырақтары іспетті.
Қабанбай ауылындағы №1 мектепті сәтті аяқтаған соң Алматыдағы колледжде білім алып, психолог атанып шықты. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран» университетінде оқып, экономист мамандығын алды. Еңбек жолын Қызылсуат мектебінде бастаған. Әуелі әрқилы мәтіндерді теріп, қолғабысын тигізді. 2016 жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.
Қағылез қыз бұл күнде қарға адым жер мұң болып қалған қариялардың қолғанаты. Тіршіліктің әрқилы мәселесімен күн сайын дүмеп келіп жатқан адамдардың өтінішін жерге тастаған кезі жоқ. Қолынан келгенінше көмектеседі. Жалғыз қарттар ғана емес, жастардың жайы да толғандырады. Сондықтан екі жерде бірдей қызмет етіп жүрген жайы бар. Аудандағы жастар ресурстық орталығында ел қорғаны – еріктілердің жұмысын ұйымдастыруда.
Өткен аптада ғана Софиевка және Талапкер ауылдарында тұратын 60-тан астам ардагерге жылы киімдер мен жеңіл-желпі керек-жарақтарын жеткізіп берді. Әлдебір себептермен тұрмыс қажытып жүрген көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті жандарға өзгеге дегенде өзегін жұлып беруге дайын еріктілерді жұмылдырып, 800 мың теңгенің шамасында көмек көрсетті. Қамқорлықтан мүмкіндігі шектеулі адамдар да қағыс қалған жоқ. Олардың жайын түсінетін бір жан болса, Әлияның өзі емес пе?!
Ел ішіндегі өмірдің тынысын тамыршыдай тап басып танысаң, кем-кетіктің әлі де кездесіп қалатындығын аңғарар едіңіз. Дастарқандары адал астан кем болмаса да қамкөңілді жібітетін, қолтығынан демейтін, үміт отын лаулататын жанашыр сөз керек. Сөз – емші. Кемтігін толайым толтырып тастамаса да, көңілін демдейді, жұбатады, мұң шымылдығын серпеді.
Әр акцияны өткізген сайын Әлия Әпсатқызы ең бастысы материалдық көмек емес, жан жылуы екенін айқын түсінді. Әркімнің көңіліндегі кірбіңнің себебін біліп, жанының жамылғысын сипаса, қарт көңіл де құлындай құлдыраңдайды екен-ау. Ауданның белсенді жастары Софиевка ауылындағы 10 отбасына 290 мың теңгеге күзгі маусымда киетін жылы киім-кешек алып берді. Әлия Әпсатқызының айтуынша, олар мұқтаж жандарды киімдерімен жылытқан жоқ, көңілдерімен жылытты. Жанашыр жәрдемдерімен жандарын жадыратты. Ал ел қамын жеген еріктілер болса, қас-қағым сәттік қуаныш болғанымен, көмекке зәру адамдардың қолтығынан демегендерінен ләззат алады.
Тағы бір жолы ауылдың 47 отбасына жалпы құны 470 мың теңге тұратын азық-түлік себетін таратты. Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлаған кезде қолдары қысқарып қалған адамдар өздерінің қиындықпен жалғыз күресіп жатпағандығын, дәл жандарында, іргелерінде әрдайым қамқор қолдарын созып, көмек көрсететін, қысылғанда демейтін жаны жомарт адамдардың бар екендіктерін айқын сезініп, ішкі түйсіктің сенімділігі нығая түсті. Әлия Әпсатқызының пайымдауынша, ең бастысы да осы. Еріктілер осындай ізгі ниет, адал көңілдің арқасында ел ішіндегі бірліктің дәнекер жібін бекіте түседі. Көппен көрген күннің, елмен бірге көрген ауыртпалықтың жүгі осылайша жеңілдемек.
Алда қыраулы қыс келе жатыр. Еріктілердің ендігі атқарар ісінің бағыты қыс қамы. Жүзден артық отбасыға отын, көмір алуға көмектесу керек. Жалғызілікті адамдардың арасында жылы киімге зәрулер де бар. Олардың ешқайсысы қамқор көңілдің назарынан тыс қалмақ емес.
– Өткен жылы біздің ауданның еріктілері алдын ала тізім жасап, қарттарды қамқорлыққа алды, – дейді Әлия Әпсатқызы, – еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің, жалғызілікті жандардың аулаларын қардан тазартып берді. Тіпті айтуға да тұрмайтын шағын ғана шаруа болғанымен, қарттардың көңілдері көктем келіп қалғандай жадырап сала берді. Олардың көздерінен қуаныш отын көрудің өзі бір бақыт. Отын-көмірмен де қарайластық. Биыл да сол дәстүрді жалғастырмақшымыз. Қыс сынағынан бірлесіп шықсақ, ешкім де қысылмайтын болады.
Ізгілікті істердің ұйытқысы болып отырған Әлия Әпсатқызының айтуына қарағанда, көктем шығысымен ауылдық округтерде сан мәрте сенбілік ұйымдастырылған. Өңірдегі қасиетті жерлер мұнтаздай етіп тазартылып, булығып жатқан бұлақ көздері ашылыпты. Бұдан басқа да шаруа жетерлік. Мәселен, Бірлік пен Мортық ауылдарында ұйымдастырылған акция барысында 750-ден астам көшет отырғызылған. Жаз бойы суарып, баптап өсіріпті. Бірер жылдан соң бәйтеректер жайқалып, ұшар басы көкке өрлесе, ел ертеңін ойлаған еріктілердің ісі деп жалпақ жұрттың үлгі етері анық. Мұны көрген кейінгі жастар да дәл осылайша қимылдамас па?
Еріктілер өзге де жобаларды қолға алуда. Оның ішінде экология, патриоттық мәселелерді қамтитын жобалар бар. Кей-кейде көңілдегі ойды базардағы нарық бұзып кетеді. Жақсылықтың жолына жан түршіктірерлік жаман тұмаудың өзі бөгесін болған жоқ. Карантин кезінде қолы қысқарып қалғанда еріктілер психологтер мен заңгерлердің онлайн кеңесін өткізіп, кездесулер ұйымдастыруды қолға алды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті қалай алуға болатындығын тәптіштеп түсіндірді. Төрт қабырғаға қамалып отырған қарияларға бұл да керек еді.
Әзірге Әлия Әпсатқызының бір жинағы жарық көріпті. Әдеби ортадан жырақ жатқан талапкердің талпынысы. Мектепті орыс тілінде бітіргендіктен сол тілде жазу қолайлы екен. Теріс дей алған жоқпыз. Ең бастысы, оқырманын бейжай қалдырмайтын, түпсіз бір тереңге жетелейтін, оралымды ойға шомылдыратын жыр жолдары. Негізгі діңгегі – өмір. Өмір туралы өз пайымы. Тіршілік туралы толғаныс. Құлшына, құныға оқыған сайын пенде баласына бір-ақ рет бұйыратын қамшының сабындай қысқа ғұмырда өмірдің кейбір сынына өкпелемей ғашық болған жөн екен. Сонда ғана төрт құбылаң тегіс нұрланып тұрмақ. Әлияның әдемі жырынан жадыға түйгеніміз осы.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы