Өзбекстан Ауғанстанмен көлік және теміржол байланысын қалпына келтіреді, деп жазады Egemen.kz.
Бұл туралы өзбек президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Исматулла Иргашев хабарлады.
«Әрине біз Ауғанстанмен арадағы көлік және теміржол байланысын қалпына келтіреміз. Қазір пандемия уақытында ауғанстандықтар азық-түлік пен дәрі-дәрмекке мұқтаж болып отыр. Біз оларға қажет заттарды көлікпен және пойызбен жеткізе аламыз», деді Иргашев.
Арнайы өкіл кезінде шекараның коронавирус пандемиясына байланысты жабылғанын айтты.
«Шектеулер қашанға дейін созылатыны белгісіз. Енді шекараның ашылуы тек Ауғанстандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға ғана емес, елдегі билеуші топқа да байланысты. Тұрақты министрлік құрылуы керек», деді ол.
Айта кетейік, Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы көлік байланысы пандемияға байланысты 2020 жылдың наурыз айында уақытша тоқтаған.