«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасының 5 жылдағы жұмысын қорытындылады. Елордада жоба түлектерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылып, онлайн-форум өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдап, жобаны одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Елбасы «Бастау Бизнес» бағдарламасына жоғары баға берді.
«Оқу аяқталғаннан кейін бизнес-тренерлер жыл бойы кәсіпкерлердің жобаларына жетекшілік етеді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкердің проблемасын шешуге көмектеседі. Бұл, әсіресе, бизнеске жаһандық пандемияға байланысты қатты қысым түскен кезде өте қажет. Еліміздің гүлденуі азаматтардың әл-ауқатына тікелей байланысты. Сондықтан мен жоғары бағалайтын «Бастау Бизнес» бағдарламасының барлық қатысушысына сәттілік тілеймін. Ел бойынша бұл бағдарламаны жалғастыру керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жоба кәсіпкерлік негіздеріне үйрету арқылы ғана емес, сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында жеңілдетілген микрокредит немесе грант ұсынуымен танымал болғанын жеткізді. 2021 жылдан бастап «Атамекен» ауыл азаматтарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытып қана қоймай, бизнес-жобаларды қаржыландырады әрі сүйемелдейді. Ол үшін ел бойынша 15 микроқаржы ұйымы құрылды. Жеңілдікпен кредит беру үшін мемлекет 22,5 млрд теңге бөлді.
«Атамекеннің» төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қазір өтінімдерді қарау және қаражат беру бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
– «Атамекен» микроқаржы ұйымдарына 2 мыңға жуық өтінім түсті. Берілген микрокредит нәтижесі бойынша 5 мыңнан аса кәсіпорын мен кемінде 10 мың жұмыс орнының ашылуы, сондай-ақ бюджетке төленетін салық төлемінің ұлғаюы күтілуде. Бес жыл ішінде «Бастау Бизнес» нағыз халықтық жобаға айналды. Әсіресе ауылдық жерлерде жүздеген мың қазақстандықтың өмірін өзгертуге мүмкіндік берді деп сеніммен айта аламыз. Елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары, – деді Т.Құлыбаев.
Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мың қазақстандық білім алған. Олардың қатарында елордалық Татьяна Куснутдинова да бар. Ол оңалту орталығын ашқан. Татьянаның баласына дәрігерлер аутизм диагнозын қойған екен. 15 жылдық тәжірибесі бар педагог бірнеше жыл бұрын баласын оңалту үшін Ақмола облысынан көшіп келіпті. Кейін логопед-дефектолог ретінде білім алған Татьяна ұлын аяғына тұрғызып, өзі секілді аналарға көмектесуге кіріскен.
– Баламның диагнозын жеңіп шыққанда, жеке оңалту орталығын ашу қажеттігін түсіндім. Жабдық алуға қаражат болмаған соң, мемлекеттің қолдауына арқа сүйедім. 2021 жылғы маусымда «Бастау Бизнес» жобасына қатыстым. Екі ай бұрын 5 млн теңге грант алып, «БАК» және «ИНтайм» атты екі аппараттық әдістемені сатып алдым. Енді мен ұлым сияқты балаларға көмектесе аламын. Сондай-ақ жұмыс орындарын ашамын. Қазір алты адамды жұмыспен қамтып отырмын. Тағы үш адамды жұмысқа қабылдаймын, – дейді Т.Куснутдинова.
«Бастау Бизнес» аясында бес жылда 185 мыңға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Олар 53 мың бизнес-жобаны іске асырды. Жобаның әрбір үшінші түлегі жеке кәсібін бастаған. Жоба түлектері осы күнге дейін 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңге салық төлеген. «Бастау Бизнес» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, «Бастау Бизнес» жобасының тарихы 2016 жылдан басталды. Қанатқақты жоба алдымен Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Жаңаөзенде және Ақтөбе облысының Темір ауданында іске қосылды. Тура бір жылдан кейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын оқыту форматы ретінде қабылданды. 2017 жылы 80 ауданның ауылдарындағы 15 мың тұрғын оқып, әрбір бесінші азамат (3 314 немесе 22 пайызы) өз жобасын іске қосты. Жыл сайын жобаның ауқымы мен әлеуметтік маңызы кеңейе түсті. 2018 жылы қалалар мен моноқалалардың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындары оқуға тартылып, 160 аудан қамтылды. 2019 жылдан бастап жобаға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қатысып келеді. 2019 жылдан бері NEET санатындағы жұмыссыз жастарға, жас отбасы мүшелеріне, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және еңбекке қабілетті мүгедектерге ерекше назар аударылуда.