Қазақстанның Ұлттық архивінің 15 жылдық мерейтойына орай елордада белгілі ғалымдар мен көрнекті тұлғалардың басын қосқан халықаралық конференция өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» тақырыбындағы халықаралық конференцияға еліміздің бірқатар жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік органдардың, сонымен қатар Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты. Қатысушыларға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбеков құттықтау жолдады.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен көрегендігінің және халқымыздың тағаттылығы мен ынтымақ-бірлігінің арқасында асқар асулар мен биік белестерді бағындырдық. Еңселі елге айналдық. Адам санасы тұңғиығына жетіп болмайтын, ұшы-қиырсыз тарихтың асыл қазынасы – архив. Архив – шежіре-кеніш, шежіре-сыр. Архивтегі дәлелдер мен деректер қоры – өткеннің өшпес өнегесін өшірмей, өскелең ұрпаққа аманаттайтын ақиқат айнасы. Олай болса, мерейлі мерекеміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған тарихтың қарашаңырағы – Ұлттық архивтің 15 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміздің байтақ тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі», делінген Қырымбек Көшербаевтың конференция қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде.
Аталған іс-шараның ашылу салтанатында сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Маминнің Ұлттық архивтің 15 мерейтойына орай құттықтау сөзі оқылды.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайлас келген 15 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде мемлекет тарихының деректі ескерткіші, құндылықтар қазынасы саналатын Ұлттық архив – Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Және архив тарихи, ғылыми, экономикалық, саяси маңызды құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды. Жас мемлекеттің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу – сіздер атқарып жатқан ізгілікті іс екені сөзсіз», делінген А. Маминнің құттықтауында.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековтің қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында архивтің мемлекет тарихындағы орны мен рөлі жайлы айтылған.
«Кез келген мемлекеттің мұрағаты сол елдің қағазға қатталған өткені мен бүгінін көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат етеді. Архив – ұлт тарихының алтын қоймасы, қастерлі қазынасы. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іргесі қаланған Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві егемен елдің құнды құжаттарын шашау шығармастан болашаққа жеткізу миссиясын бұлжытпай орындап келеді», делінген М.Қасымбековтің құттықтау хатында.
Ол конференция қатысушыларына жолдаған хатында сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Архив-2025» бағдарламасы Ұлттық архивтің жұмысына соны серпін беріп, әлем елдерінің түкпір-түкпірінен елімізге қатысты тың деректерді іздеп тауып, саланың қайта жаңғыруына жол ашқанын атап өтті.
Қазақстандағы архив ісі және құжаттама саласына жетекшілік ететін уәкілетті мемлекеттік орган – Мәдениет және спорт министрлігі. Ведомство атынан вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов сөз алып, сала мамандарын мерейтойымен құттықтады. Ол сондай-ақ атқарылған іс пен саланың даму болашағы туралы ой қозғап, архив ісі саласының жетістіктеріне тоқталды.
Конференцияға қатысып, баяндама жасағандар қатарында Қазақстанның Ұлттық архиві Ғылыми кеңесі төрағасының орынбасары Мирболат Жақыпов, Түркия президентінің жанындағы Мемлекеттік архивтің директоры Угур Юнал, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы, академик Дархан Қыдырәлі, Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова, Қазақстан Президенті архиві директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков, БАӘ Ұлттық архивінің бас директоры, доктор Абдулла Мухаммад әл-Раиси, Орталық мемлекеттік архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай, Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Жұмабай Бечеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы сынды отандық және шетелдік көрнекті ғалымдар болды.
Алқалы жиынға қатысқан белгілі ғалымдар архив саласын дамытудың өзекті мәселелерін қарап қана қоймай, таяу және алыс шетелдердің архив мекемелерінің өзара ынтымақтастығын арттыру мәселесін де талқылады. Халықаралық конференция жұмысының қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды. Құжатта тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша зерттеулер мәселесін кешенді қарастыру, тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің теориясы мен әдіснамасы саласындағы тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу бойынша ғылыми қоғамдастықтың өзара іс-қимылын күшейту, кейінгі ұрпақ үшін тәуелсіздік кезеңінің зерттеу базасын жүйелеуге жан-жақты ықпал ету, нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру, цифрлы архив жүйесін енгізу үшін отандық және шетелдік архив мекемелерімен жан-жақты ынтымақтастық орнату, архив мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, архивтерді қазіргі заманғы техникалық құралдармен және технологиялармен қамтамасыз етуге және архив ісін дамытудың нормативтік және ғылыми-әдістемелік базасын жетілдіруге барынша ықпал ету жайы атап көрсетілген.