Иран Ислам Республикасынан 53 қандасымыз Нұр-Сұлтан қаласына келіп жетті. Атажұртқа оралған қандастарымызды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері күтіп алды.
Қандастарымыз үшін күтіп алу іс-шарасы ұйымдастырылып, Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жерлеріне экскурсия өткізіліп, арнайы ас берілді.
Енді Ираннан келген қандастар мемлекет ұсынатын өңірлік квота аясында Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанады.
Еске сала кетейік, бұған дейін 14 қыркүйекте Қазақстанға қоныс аударушылардың кезекті легі келген еді. Барлығы 13 адамды (3 отбасы) «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері күтіп алып, Солтүстік Қазақстан облысына шығарып салды.
Аталған көш Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, еліміздің Ирандағы елшілігі мен Горган қаласындағы Бас консулдығы және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» КеАҚ-тың ұйымдастыруымен, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Егемен-ақпарат»