Жамбыл облысы әкімінің жеке қабылдауы кезінде Тараз қаласының тұрғыны «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде орналасқан «Әулие-Ата» ескерткішіне адамдар табынып жатқанын айтып, алып тастауды ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Тұрғынның айтуынша, ескерткішке табыну Ислам шариғатына сәйкес келмейді. Алайда, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл ескерткіштің діни негіздегі нысан емес екенін түсіндірді.
«Мұндай ескерткіштер табыну орындары емес. Көпшілік Жамбыл облысы десе, Әулиеатаны еске түсіреді. Тіпті, бірқатар азаматтар бұл жерді Әулиеата өңірі деп те атайды. Ал, біз жас ұрпаққа Әулиеата кім екенін тек сөзбен ғана жеткізбей, осындай ескерткіштермен ұғындыра аламыз. «Әулие ата» ескерткіші - монументтік өнер құрылысы. Және ол ескерткіш орнатылған орын туристерге тарихы терең Тараздың кешегісін танытып, тынығуға арналған.
Осы секілді тарихи, мәдени ескерткіштер келешек ұрпаққа өз елінің, жерінің өткенін танытатын құрал саналады. Кешегімізге қарап, болашағымызға бағыт алатынымызды ұмытпайық. Қазақстан - зайырлы және құқықтық мемлекет. Діни ұстанымдар әр адамның өзіндік наным-сеніміне қарай жүргізіледі. Егер сол ескерткішке табынатындар болса, бейнебақылау камералары арқылы анықталып, тәртіп қадағалаушылары тарапынан түсіндірме жұмысы жүргізіледі», деді облыс әкімі.