Игорь Дужнов сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына байланысты екі ай тергеу изоляторында болады, деп жазады Egemen.kz.
Дужновтың адвокаты күдіктінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тыңдауды жабық режимде өткізуді сұрады. Алайда, сот БАҚ өкілдерін шығару туралы өтінішті қанағаттандырмады және тыңдауды онлайн режимінде ашық жалғастыру туралы шешім қабылдады. Informburo-ның жазуынша, адвокат судьяға наразылық білдірген.
«Құрметті сот, егер бірдеңе болып қалса, жауапкершілік сіздің мойныңызда. Сіздің сот отырысын ашық режимде өткізу туралы шешіміңізге байланысты, мен наразылық білдіремін», деді адвокат.
Судья адвокаттан шағымды жазбаша түрде беруді сұрады.
Отырыста сот Дужновқа қатысты екі ай мерзімге қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте Алматы қаласының Ақбұлақ ықшам ауданында атыс болып, бес адам қаза тапқан болатын.