2021 жылғы 16-17 қыркүйекте Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтті. Бұл саммит бірқатар тұрғыдан аса маңызды болды.
Біріншіден, бұл саммит – коронавирус індетінен кейін жүзбе-жүз ұйымдастырылып отырған тұңғыш жиын.
Екіншіден, осы жылы ШЫҰ-ның құрылғанына 20 толды.
Үшіншіден, ШЫҰ-ға мүше елдер аймағының дәл кіндігінде орналасқан Ауғанстандағы жағдай – халықаралық деңгейде бірінші кезекте тұрған мәселе.
Сондай-ақ саммитке Ресей басшысы Владимир Путиннің, Қытай басшысы Си Цзиньпиннің және Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің келмеуі ұйымның келешегіне қатысты маңызды проблемалардың бар екенін көрсетті. Сол себепті ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы тепе-теңдік пен ұйымның аймақ елдері тұрғысынан маңызына тоқталудың қажеттілігі туындап отыр.
ШЫҰ-ның алғашында Қытай мен Кеңес Одағы арасында басталып, ал КСРО ыдырағаннан кейін Қытай мен Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан арасында шекара мәселелеріне қатысты жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде құрылғанын айта кеткен жөн. Шекара проблемаларының өз шешімін табуы Қытай үшін де, сондай-ақ тәуелсіздігін жаңа жариялаған Орталық Азия республикалары үшін де аса маңызды еді. Тараптардың өзара жылы қарым-қатынас орнатуы үшін патшалық Ресей кезеңінен жалғасып келе жатқан шекара проблемаларының қалайда оң шешімдерін табуы қажет еді. Бұл бір жағынан құрлықтың ішкі аймағында халықаралық теңіз қатынас жолдарынан алыс жатқан Орталық Азия елдерінің сыртқа шығуы үшін қажет болса, ал екінші жағынан Қытайдың Орталық Азия арқылы Еуропа мен Таяу Шығысқа шығуы үшін қажет болатын.
Бұл тұрғыдан алғанда, ШЫҰ-ның құрылуы геосаяси мағынада Қытайдың Орталық Азияны Ресеймен бөлісуі деген сөз еді. Одан кейінгі жылдарда Қытайдың тек аймақта ғана емес, жаһандық саясатта да беделінің арта түсуі Мәскеуді едәуір алаңдатқан болатын. Сондықтан Ресейге ШЫҰ аясында Қытаймен ара салмақты теңгеру үшін Үндістанның ұйымға мүше болуы маңызды еді. Мәскеудің бұл ұсынысына орай Қытай да Пәкістанның мүше болу мәселесін ұсынса керек, 2017 жылы Үндістанмен бірге Пәкістан да ШЫҰ-ға мүше болып қабылданды. Осылайша, ұйым шеңберінде Үндістан Қытаймен ара салмақты, ал Пәкістан Үндістанмен ара салмақты теңгеріп тұрды.
Орталық Азия тұрғысынан алып қарағанда, ШЫҰ-ның құрылуы және аймақтағы елдердің Қытаймен бірге бір ұйымның ішінде болуы Ресеймен ара салмақты теңгеру деген сөз.
Сонымен қатар Орталық Азия үшін Ресей мен Қытай секілді алпауыт елдердің арасындағы ынтымақтастық бәрінен де маңызды. Қазақстанның сыртқы саясатының «сенім арттырушы шаралар» мәселесі тұрғысынан алып қарар болсақ, ШЫҰ Ресей мен Қытай арасында «сенім арттырушы шаралардың» қалыптасқанын көрсетеді. Ұйымға Пәкістан мен Үндістанның мүше болуы – Орталық Азияның Оңтүстік Азияға шығуы тұрғысынан назар аударарлық жайт.
Негізінде, Орталық Азия ШЫҰ аймағының орталық тұсында тұр. Бұл жайт ШЫҰ-ның Душанбе саммитінің декларациясында төмендегідей түрде көрініс тапты:
«Мемлекет басшылары Орталық Азияның ШЫҰ-ның өзегі екенін баса көрсетеді. Мемлекет басшылары Орталық Азия мемлекеттерінің өз елдерінде және бір бүтін ретінде жалпы аймақта бейбітшілік, сенім және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған барлық іс-әрекетті қолдайды. Мемлекеттер басшылары Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік жиындарының жүйелі түрде өткізілуін мақұлдайды».
Сонымен қазіргі жағдайда Мәскеу – Бейжің – Нью-Дели арасындағы бәсекелестікті ескерер болсақ, ШЫҰ-да Орталық Азияның маңызы арта түспек. Душанбе саммитінің күн тәртібіндегі екі мәселе де Орталық Азияға тікелей ықпал етеді. Олардың біріншісі – Ауғанстандағы жағдай, ал екіншісі – Иранның ұйымға мүше болуы.
Ауғанстан мәселесінде ШЫҰ-ға мүше елдер арасында ортақ ұстанымның жоқ екені анық. Саммит қорытындысында қол қойылған 30 құжаттың ешбірі Ауғанстан мәселесіне қатысты емес. Тек Душанбе декларациясында ғана: «Мүше мемлекеттер Ауғанстанның терроризм, соғыс және есірткіден арылған, тәуелсіз, бейтарап, бірлескен, демократиялық және бейбітшіл мемлекет болып құрылуын жақтайды. Мүше елдер Ауғанстандағы барлық этностық, діни және саяси топ өкілдерінің қатысуымен Ауғанстанда инклюзивті үкімет құру қажет деген пікірде», делінген.
Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің жиынға онлайн түрде қатысуына Ауғанстан мәселесіне қатысты келіспеушіліктері себеп болса керек. Әсіресе Тәжікстанның «Талибанға» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қарсы ұстанымын ескерер болсақ, Қытай және Ресей мемлекеттерінің басшылары осы әрекеттері арқылы Ресей мен Қытайдың Душанбенің ұстанымын мақұлдамайтынын көрсеткен болуы әбден мүмкін. Негізінде, Тәжікстан Ауғанстандағы тәжіктердің мәселесіне байланысты осындай ұстанымда болса да, Душанбенің бұл саясаты Ресейдің мүддесіне сай келеді. Өйткені «Талибан» мен Қытай бір-біріне тым жақындай түсер болса, Мәскеу аймақта осы «ойынды» бұзатындай бір елді қалыптастырған болып отыр.
Ал Иранның ШЫҰ-ға мүшелігіне келер болсақ, Тегеран ұйымға мүше болу процесін бастауы арқылы, негізінде, өзінің жаңа «Шығыс саясатын» жариялады деуге болады. Президент Хасан Руханидің кезінде Тегеран «Ауқымды ортақ іс-әрекет жоспары» (Ядролық келісімшарт) аясында Еуропадан инвестиция келеді деген үмітпен Ресей және Қытаймен ынтымақтастық мәселесін кейінге шегерген еді. Ал Президент Ибрахим Рейси болса, Азияға басымдық беретінін байқатып отыр. Осы секілді, 2015 жылдан бері қиын да күрделі кезеңді бастан өткеріп келе жатқан Иран-Тәжікстан байланыстарында да жаңа бір кезең басталып келеді. Сондықтан келесі кезеңде Иранның сыртқы саясатта Азия бағытындағы белсенділігінің арта түсетінін айтуға болады.
Иранның ШЫҰ-ға мүше болуы ұйымдағы мұсылман елдердің санын арттырады. Негізінде, ШЫҰ-ның Душанбе саммитіне қатысқан Беларусь президентінен басқа, мемлекет башыларының барлығының мұсылман елдерінен болуы да қызықты кездейсоқтық.
Бұған қоса, Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы мен Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшылығы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылуы, Иранды ұйымға мүшелікке қабылдау процесінің басталуы, сондай-ақ Қатар, Мысыр және Сауд Арабиясының жаңа диалог серіктестері ретінде қабылдануы ШЫҰ-дағы ислам әлемінің үлес салмағының арта түсетінін көрсетеді.
Орталық Азия тұрғысынан Иранның ШЫҰ-ға мүше болуы аймақтың Таяу Шығысқа шығуын оңайлата түседі. Алайда бұл үшін Иран АҚШ-тың санкцияларынан құтылуға тиіс. Олай болмаған жағдайда АҚШ-ты өздеріне қарсы қойғысы келмейтін аймақ елдері Иранмен ынтымақтастық құрудан тартынатын болады.
Қорыта айтқанда, ШЫҰ-ның Душанбе саммиті бір жағынан ұйымның келешегі мен белсенділігіне қатысты түйткілдерді арттырып жатса, екінші жағынан аймақтағы елдердің ынтымақтастығын күшейте түсуде.
Саммитте Тәжікстан, Пәкістан және Иранның белсенділігі айқын байқалды. Тәжікстан саммит өтіп жатқан ел ретінде көзге түссе, Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Орталық Азия елдерімен одан да жақын ынтымақтастық құру мүмкіндігіне ие болды. Иранның жаңа сайланған Президенті Ибрахим Рейсидің шетелге тұңғыш ресми сапары болып саналатын Душанбе саммиті Тегеранның сыртқы саясаттағы жаңа ұстанымын жариялауы секілді қабылданды.
Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,
PhD докторы, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы