Кеше Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, алдағы бес жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты әзірлеу тәсілдері ұсынылды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осыған байланысты тиісті тапсырма берген болатын.
Отырысты ашқан қоғамдық кеңес төрағасы Д.Қыдырәлі ел үшін және оның әрбір азаматы үшін осындай маңызды актіні дайындау кеңес қызметіндегі алғашқы жоба екенін айтты. Ол аталған құжатты әзірлеу азаматтық қоғам мен халықты кеңінен тарту арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы М. Ахметжанов бұл құжаттың халықтан шығуы керек екенін атап өтті.
«Сондықтан кез келген адам тұжырымдаманы әзірлеуге тікелей қатыса алады. Бізге ел ішінен шыққан ұсыныстар өте маңызды», деді ол. Ведомство басшысының айтуынша, құжат жобалық басқару аясында әзірленетін болады. Ол мұндай тәсілдің қойылған міндетті сапалы әрі мерзімінде орындауға мүмкіндік беретінін айтты.
«Процестің қолайлығы, бюрократиясыз тиімді коммуникацияларды қамтамасыз ету үшін Агенттік командасы ұлттық жоба кеңсесінде орналасады. Біздің қызметкерлер әрқашан осы жерде болады. Өздеріңіз келіп, басқа сарапшыларды шақыра аласыздар. Ұсынысты онлайн жолдауға болады», деп түйіндеді М.Ахметжанов.
Отырыста сондай-ақ азаматтардан өтініш жинау үшін арнайы сайттың эскизі (www.adal.com.kz) таныстырылды.
«Егемен-ақпарат»