• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қыркүйек, 2021

Халықаралық сарапшылар денсаулық сақтау жүйесін талқылады

1030 рет
көрсетілді

Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы (ҰҒДСДО) «Қазақстанның Денсаулық сақтау саласы: сын-тегеуріндер, мүмкіндіктер, болашаққа бағдар» атты халықаралық онлайн-конференциясын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

«Конференция ҰҒДСДО атауының өзгеруі мен еліміздің көрнекті саяси қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, алғашқы әйел Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың есімінің берілуіне орайластырылған. Сондай-ақ, іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды», деп жазылған ұйымның баспасөз хабарламасында.

Шарада Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ), БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), БҰҰ халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА), халықаралық және шетелдік ұйымдардың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері және ғылыми-академиялық ортаның өкілдері сөз сөйледі.

Конференцияның пленарлық отырысын ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздің денсаулық сақтау жүйесі КВИ пандемиясына байланысты туындаған сын-қатерлерге екінші жыл қарсы тұрып жатқанын атап өтті.  

«КВИ бойынша әлемдегі және елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегі бірқатар проблеманы анықтады. Бұл, ең алдымен, жұқпалы аурулардың алдын алу, бақылау және әрекет етуде анық байқалды. Коронавирустық инфекция пандемиясы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды дамыту керек екенін де айқын көрсетті. Осы және басқа да проблеманың барлығы сала деңгейінде де, ұлттық деңгейде де тиімді шешім қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты конференция ұлттық жүйені дамытудағы барлық мәселені талқылау және шешу алаңына айналады деп ойлаймын», деді А.Цой.

Конференцияның ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың үндеуі оқылды.

«Денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы, қолжетімді және тиімді жүйесін құру Елбасының  «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған ұзақ мерзімді саяси бағыттың бірінші кезектегі мақсаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының түйінді жалпыұлттық басымдықтарының қатарына жатады. Бүкіл әлем және біздің ел коронавирустық пандемия кезеңінде ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығын  дәлелдеді», делінген мәтінде.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов дәрігерлер мен медбикелердің, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының коронавируспен күрестегі қажырлы еңбегін жоғары бағалады.

«Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің болашағына көз жүгіртсек, біз оның  халықтың денсаулығына төніп тұрған және жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беруге, COVID-19 жаңа толқынымен күресу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға және сонымен бірге негізгі медициналық қызметтерді ұсынуға тұрақты дайындығын қамтамасыз етуіміз керек», дейді Ералы Тоғжанов.

Конференция жұмысына қатысқан шетелдік әріптестер – ДДСҰ еуропалық аймағының аймақтық директоры Ханс Клюге, ұйымның Қазақстандағы елдік кеңсесінің жетекшісі Кэролайн Кларинваль, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан кеңсесінің (ГҚО) басшысы Мелита Якаб Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Салидат Қайырбекованың атымен аталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Конференция барысында Салидат Зекенқызының еңбек жолы, салада атқарған қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Онда әріптестер С.Қайырбекованың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медицина қызметтерінің сапасын арттыруға, медициналық ұйымдарды аккредиттеуге, лицензиялауға және басқа да оң өзгерістерге қосқан баға жетпес үлесін еске алды.

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов конференцияда 4 бағыттан, 9 міндет, 22 көрсеткіш және 74 іс-шараны қамтитын 2021-2025 жылдарға арналған «Әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына тоқталды. Спикерлер ұлттық жоба бойынша ҚР денсаулық сақтау жүйесін дамытудың қазіргі сын-тегеуріндері мен мүмкіндігі туралы ойын бөлісті.

ҰҒДСДО Басқарма Төрағасы Камалжан Надыров Орталықтың еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлін атап өтті, сондай-ақ негізгі және жаңа бағыттарға тоқталды. 

«Жаңа мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз алға ғылыми зерттеулерді жүргізу туралы жаңа бағыт қойып отырмыз. Бұдан басқа, ұйым құрылымында қазірдің өзінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту орталығы (МСАК), ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Аталған орталық қызметінің басым бағыттары – МСАК ұйымдарын жабдықтау және инфрақұрылымын дамыту, үздік тәжірибе орталықтарын, МСАК кадрлық әлеуетін дамыту, цифрландыру, қаржыландыру мен нормативтік актілерді жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді талдау», деді К.Надыров.

Жалпы конференцияда алты 6 бағыт бойынша 36 баяндама оқылды.

Шарада қолжетімді және сапалы медициналық көмек, денсаулық сақтаудағы адами ресурстарды дамыту, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру, қолжетімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, салауатты өмір салтын ұстанатын және бұқаралық спортты дамытатын тұрғындар үлесін арттыру, медициналық көмекті қаржыландыру тиімділігін арттыру тақырыптары талқыға түсті.

Халықаралық онлайн-конференция соңында барлық 6 параллель сессияның жұмысы қорытындыланды. Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО Басқарма Төрағасы Камалжан Надыров халықаралық және қазақстандық сарапшыларға алғыс білдіріп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамытуда одан арғы қадамдарын белгілеуде жүйелі тәсіл мен ашық талқылаудың маңыздылығын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарлы ғылыми және нақты деректер негізінде саясатты қалыптастыру қажет екенін атап өтті.