Бүгінгі күнге дейін зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдаланғысы келгендердің 438 834 өтініші қанағаттандырылды. БЖЗҚ қазақстандықтардың арнайы шотына 1,8 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,2 млн теңге, деп жазады Egemen.kz.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (16,9%), Маңғыстау облысының (14,0%), Нұр-Сұлтан қаласының (12,9%) тұрғындары тарапынан жолданған. БЖЗҚ сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат орналастырылған.
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтінішті «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ қабылдайды.
Біржолғы зейнетақы төлемі «Отбасы банкінде» ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы оны алудағы мақсатын растайтын құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынуы тиіс. Кешіктірілген жағдайда, қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін 240,7 млрд теңгеден аса сома БЖЗҚ-ға қайтарылды, себебі, қазақстандықтар қаражатты белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Сондай-ақ, БЖЗҚ емделуге берілген 40,1 млрд теңгеден астам сомаға 43 453 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар осы мақсатта аударылған 6,1 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.