• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2010

ЖЕҢІС – 65

752 рет
көрсетілді

ҚАҺАРМАН ЖӘНЕ ТҰҢҒЫШ МИНИСТР Ұлы Отан соғы­сындағы Же­ңіс­тің 65 жыл­­дық мерейтойы қар­саңын­да Кеңес Одағы ат­ты ор­тақ Отанды жаудан азат ету жо­лында қаны мен терін аямай төккен қазақ батырлары­ның бірі Сағадат Нұрмағамбетов туралы бір үзік сыр бөлісуді өз міндетім санадым. Сағадат Қожахметұлы 1942 жылы мек­теп­те оқып жүрген кезінде-ақ Қызыл Армия қа­тарына шақырылған екен. Түр­кі­­стан әскери пулемет училище­сін бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында Қап тауында батыр ұлдың даңқты жауынгерлік жолы басталды. Краснодар өлкесі, Украина, Молдавия, Батыс Белоруссия, Польша елдерін азат етуге қа­тыс­қан қазақ сардарының бұл сапары 1945 жылдың мамыр айында Берлинде аяқталды. Сол жылы наурызда жаудың Польша территориясындағы мық­ты бекінісін бұзуда ерлікпен күрескені үшін 20 жасар ержүрек жігіт Кеңес Одағының Батыры атағын алды, өңіріне Ленин ор­дені мен “Алтын Жұлдыз” меда­лін тақты. Ол басқарған ат­қыш­тар батальоны Берлинді ал­ған бөлімшелердің бірі болды. Сол шайқастардағы ерлігі үшін батальон командирі “Алтын Жұлдыз” медалін алуға екінші рет ұсынылғаны да белгілі. Соғыстан кейінгі үш жыл Са­ға­дат Қожахметұлы М.Фрунзе атын­д­ағы әскери академияда білім алды, кейіннен КСРО Қару­лы Күштері Бас штабының академия­сында курс­тардан өтті. Терең білі­мін кеңестік жүйенің қорғаныс са­ла­сындағы басқару лауазым­дарында мол тәжірибеге ұштас­тыр­­ды. Орта Азия әскери округы қолбасшы­сының орын­басары, Оң­түстік әскерлер тобы қолбас­шысының бірінші орын­басары болды. Батыр аға көптеген жылдар бойы Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде ел өмірі үшін маңызды шешімдерді қабылдауға қатысты. 1989 жылы Республикалық арда­герлер кеңесіне төраға бо­лып сайланды, Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесінің ардагерлер ісі бойын­ша комитетін басқарды. Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы лауазымына бірден-бір лайық адам Сағадат Қожахметұлы еді. Бұл 1991 жылдың қазан айы болатын. Ал ке­лесі жылдың мамыр айында рес­пуб­лика басшы­сы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев­тың Жарлығы­мен еліміздің Қор­ғаныс министрлігін басқару Сағадат Нұрмағамбетовке жүктелді. Бұл дұрыс шешім екенін уақыт көрсетті. Мен ол кісінің қарама­ғында қызмет еткендердің бірімін. Сондықтан Сағадат Қожахметұлы­ның өзім білетін қырларына тоқтала кетпекпін. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары болған қиындықтарға, қара­жат жоғына қарамастан С.Нұр­мағам­­бетов еліміздің әскери сала­сын дамытуға жағдай жасады. Көп­теген оқу-жаттығулар, дивизия коман­­дирлерінің, әскери оқу орын­дары басшыларының жиындарын өткізді. Қазақстанның тұңғыш Әскери доктринасын әзірлеуге Қорғаныс ми­нистрі ретінде ғана емес, тәжіри­белі, соғыс көрген сардар, терең білім­ді маман ретінде білікті бас­шылық етті. Елдегі негізгі әскери оқу орны И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық учи­ли­ще­сінде мамандар даярлау ісіне Сағадат Қожахметұлы орасан зор үлесін қос­ты. Мемлекеттік қорға­ныс коми­теті­нің төрағасы болған кезі. Мәс­кеу­дегі басшылық алдын­да 39 жаста­ғы мені И.С.Конев атын­­дағы Алма­ты жоғары жалпы­әске­ри команда­лық училище­нің (қазіргі Құрлық әс­керлері инсти­туты) бастығы лауа­зы­мына таға­йын­дауға ұсыныс жасады. Осы шешімін айтқанда, мен: “Мүм­кін, алдымен бас­тық­тың орын­ба­сары болып, жұмыс ретін де, өз мүмкін­діктерімді де байқайын”, – дедім. Ге­не­­рал Нұрмағам­бетов сон­да: “Басқа адам бол­­са, қуа­на-қуана келі­сіп, “бұй­ры­­ғы­ңыз­ды орын­дай­мын” дер еді. Жасқа­на­тын ештеңе жоқ, қолың­­нан ке­­леді”, ­– деп жауап берді. Ел тағдырымен бірге Қарулы Күштердің де бола­шағы шешіліп жат­қан сол аумалы-төкпелі күндері аға­мыз қазіргі армия гене­ралы М.Қ.Алтынбаев, гене­ралдар Б.Е.Ер­таев, Ә.Б.Жар­­бо­лов, У.Б.Ела­манов секілді шәкірт­теріне сенім артты. Май­данда шыңдалған жауынгер-министр­дің терең санасы мен көрегендігі оны жаңылдырған емес, шындап келгенде, полк, дивизия, учили­щені басқаруды жас офицер­лерге тапсырғанда ол үлкен тәуекелге бел буған екен. Сағадат Қожахметұлының қолдауымен көп салалы оқыту жүйесін енгіздік. Қазақстандағы әскери оқу орындары алдымен 4, кейіннен 9 мамандық бойын­ша ма­­ман­дар даярлады. Қорға­ныс ми­нистрі бұл мамандықтар санын 11-ге жеткізуге қолдау жасады. Нәти­­жесінде, Қазақ­стан­ның әскери сала­­ларына қажет­ті барл­ық маман­дармен қам­тамасыз ететін жүйе қалыптасты. Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз әскерлерін құрған ел­дер әскери қызметшілеріне қай­тадан ант бергізді. Ал С.Нұр­мағамбетов біздің әскери қыз­мет­шілерге олай жасат­қан жоқ. Ол әскери анттың бір-ақ рет берілеті­нін айтып, қайталатуға жол бермеді. 1980 жылдардың аяғы, 1990 жылдардың басында Қазақстандағы әскери оқу орындарына оқуға түсіп, Кеңес Одағы тарағаннан ке­йін, тәуелсіз елде оқуларын аяқ­та­ған жас әскери мамандарды күш­теп ұстаған жоқ. Әрқайсысы­ның өз Отанына, еліне оралуына мүмкіндік берді. Тағы бір айта кетерлігі, басқа елдер­дің әскери оқу орындарын бітірген­дер әскери киіммен де қам­­та­масыз етілмей, елдеріне азамат­тық киім­мен оралып жатқанда, бізде оқыған басқа ел азаматтарын министрдің шешіміне сәйкес, әске­ри оқу орны түлектеріне сай фор­ма­да, лайықты түрде шығарып салдық. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі қабылдаған шешімдердің маңыздылығы мен өзектілігіне үнемі тәнті болатын едік. Мемлекеттілігіміз қалыптасып жат­қан қиын кездердің өзінде, Қарулы Күштердің командалық құрамы мен әскери оқу орындары­­ның бастық­тары­ның қатысуымен тоқсан сайын командалық-штабтық оқу-жаттығу­лар өткізіліп отыратын. Министр офицерлер мен генерал­дар алдында сабақтар өткізіп, бізді, командир­лерді соғыс жағдайында және бейбіт күнде әскер басқаруға баулитын. Қарулы Күштер үшін ма­ман­­дар даяр­­лау­дың бүгінгі жүйе­лі құрылы­мы, әскери оқу орын­дарының жүйесі – еліміздің тұң­ғыш Қорғаныс министрі С.Қ.Нұр­мағамбетовтің сақтап, дамыт­қаны­ның арқасы. Сағадат ағамыздың халық­ара­лық аренадағы беделі де жоғары. Халық­аралық деңгейде шешілетін көп­теген әскери мәселелерде Қа­зақ­­стан атынан қатысып, еліміз үшін тиімді шешімдер қабылдауға ықпал етті. Шетелдерге, Мәскеуге барғанда “Қазақ­станнанмын” де­сек, ондағы құрметті, беделді адам­дар бірінші Ел­басыны, содан соң Сағадат Қожах­метұлын айтып, халын сұрап, сәлем жолдап жатады. Ол кісінің беделін осыдан да байқауға болады. 1994 жылғы 23 мамырда Сағадат ағамыз Қазақстанның тұңғыш “Халық Қаһарманы” атанды. 1995 жылдың қараша айында отставкаға шықты, біраз жыл Елбасының кеңесшісі болды. Қай уақытта да қорғаныс саласының ардагері Сағадат Қожахметұлы – баршамыз үшін арқа сүйер ақылман аға болудан жаңылмай келеді. Армия генералының Қазақстан қорғаныс саласына қосқан орасан зор үлесі туралы Елбасымыз былай деп еді: “1992-1995 жылдар аралы­ғын­да Қорғаныс министрлігін бас­қар­ған Сағадат Қожахметұлы біздің армиямыздың қалыптасуында маңыз­ды рөл атқарды. Қазақстан Қару­лы Күштері қалыптаса баста­ған сонау күрделі кезеңде оның тәжірибесі, әскерилер ортасындағы биік беделі және Отан алдындағы адал қызметі ауадай қажет болатын”. Кез келген дәрежедегі басшы мінез-құлқындағы маңызды нәрсе – талап қойғыштығымен бірге адамгер­шілікті болуы, қарамағын­дағыларға терең назар салуы, жақ­сыны есте ұстап, жаманды ұмыта білу. Осы қасиеттердің барлығы С.Нұрмағам­бетовтің бойынан табылады. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия ге­нералы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағы­ның Батыры Сағадат Қожах­метұлы Нұр­мағамбетовті Ұлы Же­ңіс­ке 65 жыл толған мерейлі мере­кемен құттық­таймын. Батыр ағаға мұқалмас мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Арқа сүйер асқар тауымыз болып, ортамызда жүріңіз, ардақты аға! Абай ТАСБОЛАТОВ, Республикалық ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант. БАТЫР Менің алдымда осыдан бес жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығына арналып жа­рық көрген “Таңға­жайып Аягөз” атты кітап жатыр. Сол бір отты жылдарда оқ-дәрі сасыған майдан дала­сында жаумен шайқасқан жауынгерлер мен тылда таң­мен таласа тұрып тын­бай еңбек еткен аға буын ерлігіне арналған осы кітаптың жарық көруіне кезінде өзім де араласқан болатынмын. Парақтап отырып, сол кезде кездескен, жүз­дескен ардагерлердің біразы­ның мәңгілік сапарға аттанып кеткенін көріп көңілім босады. Солардың бірі “Даңқ” орденінің толық кавалері Фазыл Әділбаев болатын. Менің бұл кісінің ерлігімен танысуым баспасөз беттеріндегі жарияланымдардан басталған-ды. “Героям – Слава” (Ленинград. Политиздат, 1974 ж.), “Доблесть солдатская” (Алматы, “Қазақ­стан”, 1974 ж.,) “Семей” (Қазақ­стан қалаларының тарихы, Ал­маты. “Ғылым”), “Огонек” жур­на­лы ( №19, 1970 ж.), Фотоповесть “Подвигу жить в веках” (Алматы, 1975 ж.) сынды дүниелер арқылы мен өзіміздің арамызда батыр жүргенінен хабардар едім. Артынша маған да Фазыл аға еңбек еткен Көкпекті, Жарма аудандарында жұмыс істеудің сәті түсті. Енді бұрынғы білгеніме ол кісі жайлы естіген көптеген ізгі әңгімелер қосылып, құрметімді арттыра түсті. Ол сол Жарма ауданында туып-өскен. Сонда тумаластары, достары әріптестері көп болған­дығынан мен Фазыл аға туралы небір әңгімелер, қызықты оқиға­ларға әбден қанықтым. Менің қиялымда енді ол кісінің портреті орнықты. Онан қарапайым да қайырымды, бұлталағы мен бұқпасы жоқ ашық та адал азамат, әділдігі мол заңгер, дос, туысқа, әріптеске қоң етін кесіп беретін, қай үйдің де қадірлі қонағы Фазекеңді таныдым. Ал Фазыл ағаның өзімен жүздесуім Көкпекті ауданында болды. Бірде, күздің басында аудан­дық төлқұжаттар (паспорт) беру үстелінің бастығы, елдің қадірлі азаматы шақырып алып, Аягөз қаласынан Фазыл Әділбеков келе жатқанын айтты. Фазекең Қара­бастаудағы туысқанының үйіне тоқтапты. Шынымды айтсам, жеке жұмыстарымен жүрген Фазыл ағамен амандасуға келген Көкпектінің барлық басшыларын көріп, таңғалдым. Кездесудің мыс­қалдай ресмилігі жоқ, бірың­ғай қимас сезімдегі дос көңілді адамдардың сағынысқан қауы­шуы. Бірінің артынан бірі ол кісі­ге жақындап, бірі құшақтасып, бірі қолдасып амандасып, бірі арқадан қағып мәз-мейрам. Үйлерінен Фазекеңнің сыбаға жеп кетуін сұрап, бала-шағаларының батыр ағаларына қызмет көрсетуге асық екендігін айтуда. Фазыл аға жиналғандарды көзімен шолып тұрып, “Оу, кім қайда, көрінбейді ғой, араларыңды неге жоқ”?–деп сұрады. Жиналғандар төмен қарады, біреу ауыр күрсінді. Жаңа ғана жайнап тұрған ағаның жүзі солғын тартты, бас киімін алып, “Жатқан жері жарық болсын, мен бір күнге ғана сұранғанмын, сондықтан бәріміз бірге бір жерге жиналып, алдымен өмірден өткен досымызды еске түсірейік”, деген. Аз ғана еңбек еткен жерінде осыншама құрметке бөленген ағаға қатты қызықтым. Шіркін, мен де осындай болсам ғой, деген ой жылт етті. Менің онда орда бұзар кезім. Мені көргенде де осылайша барлық танитын адамдарым қуанып тұрса, көп құрметтер еңбегім болса деп армандадым. Ал Фазыл аға болса ел аузындағы ерлігін 18 бен 20 арасында жасап үлгеріп, бейбіт күнде де еңбегімен ерекшеленген. Сол күні Фазыл аға көп адам­дармен кездесті. Аңыздай тұлға­мен амандасуға жас та, кәрі де асық. Орта бойлы, ерге тән кесек келбеті, жарасымды әзілі, кісіні өзіне еріксіз тартар қалыбы жара­сым тауып, бір адамның тұлға­сынан табылыпты. Қайран қал­дым, сүйсіндім. Бұл не, тек пе, мінез бе? Әлде іштегі мықты тін бе? Негізінде осылардың барлығы болса керек дедім іштей. Кейінірек маған Фазыл аға өмірінің соңына дейін тұрған Аягөз­де еңбек ету бұйырды. Сол уақытта отбасымызбен жақсы аралас­тық. Ал аға үйде қандай еді? Нағыз сүйенетін асқар тау дерсің. Жарына, балаларына деген сүйіс­пеншілігі, ол үйдің мырза дастар­қаны, отбасын­дағы жарасымды­лық – барлығы керемет үйлесіп жата­тын. Бірде келген меймандар Фари­да апайдың ән айтуын сұрады. Мен білмейді екенмін, Фарида апай ән салды. Бейнебір опера әншісін­дей, сазына келтіріп тамылжытқанда жеңе­шем сонша­ма ажарланып кеткен. Әшейінде әңгімешіл Фазыл аға өзі туралы айтқанды ұнатпайтын. Ол кісіге өзінен гөрі өзгелердің жақсылығын айту оңай. Майдан­дағы ерліктерін суыртпақтап сұрап, әзер білетінсің. Қасында көп жүр­генде мықтап байқағаным, ол кісі ешкімді бөлмейтін. Ман­сабы жо­ғары лауазым иесі де, қарапа­йым еңбек адамы да Фазе­кең үшін құр­меттеуге лайық. Оның бойында бабалардан қалған өрлік пен кісі­лік, қарапайым­ды­­лық пен қайы­рым­дылық астасып жататын. Ол туғаннан-ақ қыран болып қалқып ұшуға, ерлік жасау­ға жаратыл­ған­дай көріне­тін. Бауырымен жор­ғалаған адамнан қандай ер­лік, батыр­лық шықсын, ол әділ­дік үшін күресуге бар, жа­нын да, тәнін де сол жолда сарп ету­ге әзір на­ғыз батыр еді. Әри­не, ол сондай болған­дық­тан, май­дан­­да ерлік жасап, “Даңқ” ор­де­ні­­нің толық кава­лері атанды. 1945 жылдың қаңтары. Рота тапсырма алды. Сильна-Норва деревнясы тұсындағы фашис­­тердің мықты қорғанысын бұзу қажет. Шабуыл кезінде ірі кали­­берлі неміс пулеметінен жауған оқ бас көтертпейді. Міне, пуле­мет­ші Фазыл Әділ­беков қарсы атқан оқ нысанаға дөп тиді. Жаңа ғана жауын­герлерді жапы­рақтай қағып түсіріп жатқан пулеметтің үні өшті. Рота алға ұмтылды. Сол сәтте көрші үйдің шатырынан тағы бір жау пуле­меті сарнап қоя берді. Рота қайтадан жата қалды. Шабуыл басылып қа­лып, немістер бел алып кетуі мүм­­кін. Әділбаев тағы да нысананы мүлт жібермеді. Рота алдына қойған міндетті орын­дап шықты. Осы ұрыста Әділ­баев бір өзі ондаған фашисті жер қаптырды. ІІІ дәрежелі “Даңқ” ордені осы ерлік үшін берілді. 6 ақпан. Дивизияның бір бөлегі Одерден өтіп, жау плац­дармын басып алды. Алғашқы лекте болған Әділбаев пулеметі тағы да 7 рет қайта шабуылдың бетін қайтарып, үш нысананың үнін өшіріп, он фашисті о дүниеге аттандырып, жаудың 3 солдатын Фазылдың өзі жеке тұтқынға алды. Осы жолы оның кеудесіне ІІ дәрежелі “Даңқ” ордені тағылды. 16 сәуірде Берлинге шабуыл басталды. Сержант Әділбаев екі нысананы және 27 жаудың көзін жойды. Келесі ұрыста Әділ­баев расчеті бірінші болып Куперс­дорф елді мекеніне кір­ді. Осы жолы Әділбаев граната лақты­рып, сайрап жатқан пулеметтің үнін өшірді. Келесі күні де Әділ­баев расчеті жау­дың бірнеше шабуылының бетін қайтарған. Жараланған көз­деуші жауын­герін алмас­тырған Әділбаев тағы да 15 жаудың желкесін қиды. Өзі де жарақат алды, бірақ майдан даласын тастап кеткен жоқ. Оқ тиген қолын байлай салып, жан­таласа ұмтылған фашистер шабуы­лын кері қайтарды. Осы жолғы жанқиярлық ерлігі үшін Әділбаев өңіріне І дәрежелі “Даңқ” ордені тағылды. Фазыл Әділбаев ерліктері ол туралы жазылған кітаптарда осылай суреттеледі. Соғыс аяқтал­ғанда ол небары 21 жаста ғана болатын. Ол – фашист ордасын талқандап, Берлинге жеткен батырлардың бірі. Оны “Берлинді алғаны үшін” медалі айғақтайды. “Варшаваны азат еткені үшін” медалі де оның кеудесінде жарқы­рап тұратын. Батырға лайықты ғұмыр кеш­кен Фазыл аға арамызда жоқ. Артында оның есімін мақ­танышпен алып жүрген ұл-қыз­дары бар. Көпшіліктің көңілін­де оның жарқын дидары қалды. Жеңістің 65 жылдығы қар­саңын­да майдангер қарт­тарға құрметтер көрсетілуде. Олар біз үшін қан төкті, ал біздің мін­детіміз – олардың ерліктерін жадымыздан өшірмеу. Мұрат ТӨЛЕБАЕВ, КСРО Журналистер одағының мүшесі. ЕҢБЕГІ СІҢДІ ОЛАРДЫҢ Бүгінгі таңда елімізде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шаралар кеңінен ұйымдастырылуда. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олар барынша ардақталуда. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен әңгімелейді. –Биылғы басты мерекенің бірі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы екендігі даусыз. Осы орайда Отан қорғаған аға ұрпақ өкілдері ешқашан естен шықпақ емес. Қазіргі кезде өңірде 699 майдангер қалса, соның 475-і – қалада, 224-і ауылдық жерде тұрады. 2009 жылы Орал қаласында 89 майдангерге пәтер берілсе, қазіргі таңда қалада 38 және аудандарда 24-і кезекте тұр. 2009 жылы Ақжайық ауданында – 3, Қазталовта екі ардагерге үй берілді. Биыл Оралда – 38, облыс аудандарында 24 соғысқа қатысушыға ( әр ауданнан екі адамнан ) пәтер берілмек. Зеленов ауданында 360 мың теңгеге үш майдангерге су құбыры өткізілсе, демеушілер есебінен 11-інің тұрғынжайы жөндел­мек. Тасқалада сәуірде бұл мақсатқа 400 мың теңге қаралды, – дейді С.Сүлеймен. Оның айтуынша, өткен жылы 53 майдан­герге сауықтыру-курорттық шипажайларға жолдама берілсе, биыл 15-і осындай жағдайда емделіп үлгеріпті. Сондай-ақ, қаруластарымен кездесу үшін ТМД елдеріне ардагерлер темір жол немесе әуе көлігі арқылы бір рет тегін барып келе алады екен. Қазіргі кезде өңірде Ұлы Жеңістің 65 жылды­ғына әзірлік қызу жүргізілуде. Облыс орталығы – Орал қаласында Жеңіс алаңы, Г.Жуков, М.Мәметова ескерткіштері жөнделіп, ауғандықтар аллеясы ашылады. Бөкей ордасының Хан ордасы ауылында жаңа мемориал бой көтерсе, Тасқалада Азалы ана ескерткіші күрделі жөндеуден кейін қайта еңсе тіктейді. Мұндай жұмыстар барлық аудандарда жүргізілуде. Соғыс ардагерлері мен жесірлерін, тыл ең­бек­­керлерін, концлагерь тұтқындарын және басқаларды әлеуметтік қолдау үшін респуб­лика­лық бюджеттен 263,41 млн., жергілікті қазына­дан 93 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда өңірде 10 441 тыл еңбеккері тұрады деген мәлімет бар. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы ТЫЛДАҒЫ ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛЫП ӨСТІК Соғыс және еңбек ардагері Бекен МҰСАЕВ осылай дейді 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміз Кеңес Одағы ха­лық­­тарының жаңқиярлық ерлігі мен ерен еңбектерінің, ынтымақты ауыз бірші­лігі­нің арқасында жүзеге асқаны баршаға мәлім. Қан майданда, оқ пен оттың орта­сында жүріп, жанын пида етуге дайын жауынгер ағаларымыздың күрес­кер қай­сарлығы бүкіл әлемді фашизм құрсауы­нан босатып, Жеңіс туын желбіретті. Осы Ұлы Жеңістің баянды болуына, сөз жоқ, уақытпен санаспай қажырлы ең­бек еткен тыл еңбеккерлері де үлкен үлес қосты. Сыр аймағындағы осындай ат­пал ардагерлердің бірі де бірегейі елімізге ең­бек сіңірген дербес зейнеткер Бекен Мұсаев. Өмірден тоқығаны көп, ұшқыр ойлы, пайымы сергек, салмақты да сауат­ты Бекең қазір қадірменді облыс ардагер­лерінің бірі. Өзінің өмір белес­тері жайлы жазған деректі “Парыз бен қарыз” атты ғұмырнама кітабында ол дүниеге қызық­пайтынын, алтын, күміс жинама­ғанын, қос қабаттап коттедж салмағанын, мәши­не мінбегенін, оның орнына халыққа адал қызмет етіп, өзінің ұрпағына ұлағатты тәрбие беруге бар күшін сарп еткенін сөз етеді. Шынында да дәл солай. Ендігі сөз кезегін Бекең екеуміздің әңгімемізге берелік. – Беке, әңгімемізді ендігі жерде сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы ұйқысыз өткізген түн, күлкісіз өткізген күндеріңізден бастасақ. – Қасиетті Қаратаудың баурайына қоныстанған Шиелі ауданының “Еңбек­ші” колхозында сұрапыл соғыс жыл­дарын­­да еңбек майданында аз да болса өз үлесімді қосқанымды қанағат сезім­мен әрдайым еске аламын. Жоқшы­лық­тың зардабын тартқан біз балалық шақ­тың қызығын көре алмай өстік. Өмір соқпақ­тары бізді ерте есейтті. Қаршадай кезіміз­ден еңбекке араласып, болаттай шыңдалып өстік. Бір оқиға осы кезге дейін есімнен кетпейді. 1944 жылдың қыркүйек айы­ның орта кезі еді. Бір топ жасөспірімдер атыз­дарда тау-тау болып үйіліп жатқан күріш бауларын өгіз арбамен қырманға тасып, молотилкамен бастыруға әкеліп жинай­­мыз. Арбамды күріштің баулары­на тол­тырып, атыздың суы кеппеген батпағы­нан шығара алмадым. Өгіздерді қамшы­лап әрі-бері айдасам да арба орны­нан қозғалмады. Үсті-басын мал­ман­дай бат­пақ. Өзімнен-өзім ызаланып жылап жүр­мін. Амалдап күріш бауларын арба дөңге­легінің астына қайта-қайта еңкейіп салып жүргенімде өгіздер бірімен-бірі сүзісіп, арба жүріп кеткенде менің бір аяғым дөңгелектің астында қалып, басып өтті. Жандаусым шығып жылап жат­қанымда Ұлбала Алтайбаева мен Пал Исаева батпақта жатқан жерімнен тауып алып, аман қалдым. Сол асыл аналардың екеуі де бұл дүниеден өтіп кетті. Екінші бір оқиға да есімде қалыпты. Молотилкадан шыққан салыны қаптап 12 шақырым жердегі Шиелі астық қабылдау пунктіне өгіз арбамен, ат арбамен, есек­пен тасимыз. Бір есекке 2 қаптан салыны теңдеп, 5-10 есектің бас жіптерімен бір-біріне қосақтап байлап, алдыма салып береді. Бір күні орта жолдағы, қазіргі Нар­тай Бекежанов ауылына жақындай берген­де есектер бірін-бірі қуып, үстерін­дегі қап­тар аударылып қалды. Күн батып барады. Күрішті есектің үстіне көтеріп салуға шамам келмейді. Оны тастап кетуге тағы болмайды. Сонымен айдалада не істерімді білмей тұрғанымда, қараңғы түн ортасында сықырлаған арбаның дауысы естілді. Арбашы Арыстанов Базар және күріштің звено жетекшісі, қазірде көзі тірі 90 жасқа келіп отырған Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазантаева апай бар екен. Шырынкүл апа: “Айналайын, Бекенжан-ай, әбден шаршадың ба, қарның ашты ма?”- деп бір жапырақ нан ұсынып, шыр-пыр болып жатыр. Қаптарды жабыла арбаға салып қабылдау пунктіне апарып тапсырдық. Шырынкүл апаның “Қараң қалғыр, құрып кеткір қырғын соғыс, сендердің жастық шақтарыңды азапқа салып қойды-ау” деген жүрекжарды сөзі осы уақытқа дейін жүрегім­де жазулы тұр. – Қаншама ауыртпалықты арқалап жүрсе­ңіз­дер де білім нәрімен сусындаудан қағыс қалмаған көрінесіздер. Сол бір күндерді еске алсаңыз... – Ала жаздай жанқиярлықпен еңбек еткен тыл еңбеккерлері мектептегі оқулары­нан да қол үзбей, білімдерін көтерумен де ай­на­лысты. Қандай қиын кезеңдер болғаны­на қарамастан, мектептердегі оқу тоқтатыл­ма­ды. Менімен бірге оқыған оқу­шы-дос­тарым – Қорғанбаев Әбу, Жылқай­даров Нәрзілда, Қор­­ғанбаев Әбіласан, Тілеубаева Бибі­қатша, Әбдреева Күлән, Бай­молдин Мәжит, тағы басқалар сол күндердің куәгер­лері. Ол кезде “Бәрі майдан үшін, бәрі май­дан­ға” деген ұран халқымызды біріктіруді ту еткен қанатты бас­тамаға айнал­ған. Мек­т­еп­терге ол кезде аз көңіл бөлінгендігі өзі­нен-өзі түсінікті. Бізде жазу-сызу дәптер­лері болмады. Есеп шығару, шы­ғарма жазу жұ­мыстары ескі кітаптардың па­рақтарына жазы­латын. Сия қаламды үгітіп, су қосып, қалам­ұш­ты соған малып жазатын­быз. Шү­берек­тен тігілген қалтаға кітаптарды са­лып, бау тағып мойнымызға іліп жүретін едік. Сол кездерде ұстаздық еткен қадірлі аза­матт­арды үнемі жадымда ұстаймын. Олар: Жақсыбаев Базарбек, Оразаев Махамбет­қали, Тілеубаева Шарипа, Достияров Айдар, Құрбанов Мұханбетжан, тағы басқа кісілер өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен ат­қарды. Біз оларды қатты құрметтеп, алды­нан кесе өтпейтін едік. Мұғалімдердің көп­ші­лігі майданға кетуіне байланысты бізге көбінесе әйелдер, мүгедектер, қарттар сабақ берді. Оқытушылардың жетіспеушілігінен 10-класты бітіргендер немесе оқытушылық қысқа курсты бітірушілер де сабақ беретін. Осы мұғалімдердің басшылығымен сабақтан кейін 4-5 сағатқа колхоздың түрлі жұмыс­тарына – мал қораларын тазартуға, астық тұқымдарын даярлауға, су жүйелерін, арық, каналдарды тазартуға, егіс техникаларын жөндеуге жұмыс істететін. Бұл жұмыстардың барлығы тегін атқарылатын. – Айтқандай, соғыс жылдары қарша бора­ған “қара қағаз” әкелген қайғы-қасі­рет, жесір қалған ана, жетім қалған бала... – Дұрыс айтасыз. Сұрапыл соғыстың ауыр қасіреттерінің бірі – майданнан келетін “қара қағаз” еді. Соғыс майданын­да жүрген бауырларынан, сүйікті жарлары­нан келетін суық хабарлар ауылды күңірен­тіп жіберетін. Менің туған ағамнан және анамның туған інісінен келген “қара қағаз­дың” қайғы-қасіреті біздің де қабырға­мызды қайыстырып кетті.Шиелі жақтан сұр есегімен хат таситын Әбілхайыр келе жат­қанда жұрт үрейленіп, қобалжып, қан­­дай хабар әкеле жатыр деп дегбірсіздене күтіп тұратын. Сол қаралы күндердің куәсі болғанымыз сай сүйегімізді сырқырататын. Еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Ұлы Отан соғысы жыл­дары қайтыс болған жауынгерлердің осы кезге дейін күйеуге тимей, жарларын күтіп отырған жесірлеріне Республикалық бюджеттен Жеңістің 65 – жылдық мереке­сіне байланысты қомақты қаржы бөлінуі тегіннен - тегін емес. Өмірлері өксіп, май­дан­дағы сүйген жарын күтіп, тылда қажыр­лы еңбек етіп өмірін өткізген осы аруларға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Олар соғыс бітсе де үміт отын сөндірмей, бірнеше жыл бойы өмірі өксіп, сүйіктілерін күтумен өмірлерін өткізді. Өзім куәгер болған бір қайғылы жағдай әлі есімде. “Еңбекші” колхозында Құрбанов Сәду есімді туыс ағам 20 жасында Кәрібаева Райхан атты 18 жасар уыздай қызға үйленді. Екеуі де мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Сәду ағамыз 5-6 айдан кейін, 1939 жылы басталған Финляндия соғысына шақырылып, содан хабарсыз кетті. “Қара қағаз” да келмеді. Райхан жеңешем ағамды 1976 жылға дейін сағынып, сарғайып күтті. Бірақ, сүйген жарынан хабар болмады. Сол 1976 жылы жеңешем Қызылорда қаласында бақилық болды. Міне, адал жар ешқандай қызық көре алмай 56 жасында ұрпақсыз дүниеден өтті. Мұндай қайғылы ғұмыр көптеген отбасы­ларында болғаны ұр­пақ­­тардың әлі есінде. Ендігі жерде бала­ларымызға, немере- шөберелерімізге осындай бақытсыздық душар етпесе екен деп тілейміз. – Сөз соңында өмірдерегіңізге сәл-пәл шегініс жасасақ... – Өз басым 7 жасымда әкеден айыры­лып, жесір атанған анамның тәрбиесін көріп өстім. Барлық қиындықтарды мойнымен көтерген анам біздің білімді азамат болып өсуімізге бар мүмкіндігін аяған жоқ. Шиелі­дегі №45 қазақ орта мектебін бітіріп, пед­аго­ги­калық институтқа түсіп ұстаздық маман­дықты иелендім. Шиелідегі өзім оқыған №45 қазақ орта мектебінде және Ломоносов атындағы орта мектепте 1960 жылға дейін ұстаздық еттім. Шиелі аудандық партия комитетінің аппаратында, одан кейін Қызыл­орда облыстық партия комитетінің шақыруы­мен 1963 жылы аппаратта нұсқаушы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшы­сының көмекшісі қызметтерін атқардым. 1979 жылдан 1991 жылға дейін 12 жыл бойы Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сай­лан­­дым. Арал және Шиелі аудандары­нан бірнеше дүркін халық сеніміне лайық об­лыс­тық кеңестің депутаты болып сай­лан­дым. Облысымыздың шаруашылық және мәдени салаларын одан әрі дамытуға аз да болса өз үлесімді қосқанымды қанағат тұтамын. Қоғам өмірінде азды-көпті атқарған еңбегіме лайық Қазақстан Республикасы оқу министрлігінің, Қызылорда облысы әкімінің, Қазақстан Республикасы Арда­гер­лер кеңесі­нің және Қазақ КССР Жо­ғар­ғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталдым. СССР Жоғарғы кеңесі Президиумының 1945 жылғы 6 июньдегі қаулысымен “1941 -1945 – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапат­тал­дым. Қазір Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген дербес зейнеткермін. 10 немерем, 3 шөберем өсіп келе жатыр. Сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагер қарттардың бірі ретінде қазіргі жас ұрпақтарға қызықты өмір, зор бақыт тілей­мін. Тәуелсіз Қазақстан Республика­сын­да, бейбіт заманда өмір сүру – жастары­мызға бұйырған зор қуаныш, бақыт. Егемен еліміздің көсегесін көгерту, өркенін өсіру- жастардың еншісінде. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.