ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында ҚХР Үкіметі Достық-Алашанькоу және Алтынкөл-Қорғас шекаралық өткелдерінде бақылау шараларын күшейтті.
15 тамыздан бастап Алашанькоу станциясында (ҚХР) COVID-19 ауруының жаңа жағдайларының анықталуына байланысты қытай тарапы Қытай-Еуропа-Қытай транзиттік дәлізі бойынша өтетін жүктерге басымдық бере отырып, пойыздарды қабылдауды/жөнелтуді шектеді.
Қазіргі уақытта ҚР ИИДМ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп осы мәселені шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда:
жүктердің 80%-ын Алтынкөл-Қорғас станциясына қайта бағыттау; контейнерлік жүктердің үлесін арттыру; «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Үрімші темір жолының басшылығы деңгейінде апта сайынғы кездесулерді және шекара маңы станцияларының бастықтары деңгейінде күнделікті кеңестерді өткізу.Келіссөздер қорытындысы бойынша, Үрімші темір жолының басшылығы қазіргі уақытта осы мәселе бойынша жергілікті үкіметпен жұмыс жүргізіліп жатыр деп сендірді», делінген ҚР ИИДМ хабарламасында.
Ведомствода толықтырғанындай, 8 айдың қорытындысы бойынша. ҚР мен ҚХР арасындағы жүк тасымалы 14,4 млн тоннаны құрап, 2%-ға артты, оның ішінде контейнерлік тасымал - 579 мың ЖФЭ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға артты.
Жағдай ҚР Үкіметінің тұрақты бақылауында, деп атап өтті ҚР ИИДМ.