Елімізде еңбекпен есейген, саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған жандар баршылық. Халқымыз ежелден жас ұрпақты аянбай еңбек етуге баулып келеді. Қарапайым халықтан шығып, өзінің табан ақы, маңдай терімен еңбек етіп, биікке көтерілген азаматтардың бәрі де – жастарға үлгі. Сондай жанның бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров. Ол – қырық жыл ғұмырын еліміздегі химия өндірісіне арнаған, оның дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлға.
1982 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтын аяқтаған жас Мұқаш сол кездегі Жамбыл қаласында орналасқан «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» мекемесіне ауысым шебері болып орналасады. Ол кезде аталған кәсіпорынның екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатқан екен. Бала күнінен химия пәніне айрықша қызыққан, тіпті аталған пән мұғалімі Қоңыржан Талқанбаеваның үйіне аптасына үш-төрт рет барып, сабақ алып жүріп, білімін жетілдірген ол кейін де ізденісін тереңдете түседі. Жас маман өзінің білім-білігін көрсету үшін, оны дәлелдеу үшін алдына мақсат қояды. Сол мақсат үдесінен шығу үшін әрі қарай іздене береді.
Еткен еңбек елеусіз қалмай, Мұқаш Ескендіров әр жылдары 4-цех бастығы, зауыттың партия комитетінің хатшысы, директордың сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары болып қызмет істейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да кәсіпорынның күрделі мәселелерін шешуге атсалысып, еңбек етеді. Ал 1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпал етуімен құрамына бірнеше зауыт кіретін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген сайын аталған кәсіпорынға келіп тұрды. Еліміздегі химия өндірісіне мән беріп, мейлінше бұл салаға қолдау көрсетті. Соңғы 17 жыл бойы Мұқаш Ескендіров алып «Қазфосфат» кәсіпорнының бас директоры қызметін атқарды. Қарапайым ауысым шебері болып келіп, қырық жыл бойы қайнаған еңбектің ортасында болып, оның әрбір сатысынан өткен Мұқаш Ескендіров 2015 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды. Бұл да талай жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесі еді.
Мұқаш Ескендіровте қарапайым еңбек адамына тән мінез бар. Бала күнінен еңбекпен есейген, шопан болып еңбек еткен әкенің тәрбиесін көрген бүгінгі Еңбек Ері қазіргі жастар өндіріс саласына барып жұмыс істесе екен дейді. «Кезінде кәсіпорындарда жұмыс істеу лауазымды қызметпен бірдей дәреже еді. Кейінгі жастар да өндіріс саласында жұмыс істесе екен деймін. Ол үшін білім керек. Мамандыққа адал болу керек. Жалпы, өндіріс саласы адамды аш қалдырмайды. Мәселен, мен «Қазфосфат» кәсіпорнын басқарып жүргенде бізде 6500 адам жұмыс істеді. Оның 40 пайызы – жастар. Ішінде қазақтың балалары мен қыздары да бар. Бәрі де еңбек етті. Өзім де ұзақ жылдар бойы еліміздегі химия өндірісінің дамуына үлес қосқаныма қуаныштымын», дейді ол.
Қай кезде де қарапайым қалпынан танбаған, еңбекпен есейген ер Мұқаш Ескендіров Әулиеата өңірінің әлеуетін арттыруға да өзіндік үлесін қосты. Бірқатар спорт нысанының салынуына демеушілік жасап, жастарға қолдау көрсетті. «Еңбектің наны тәтті» дейді халық. Адал еңбек адамды қай кезде де биікке жетелеп, ұшпаққа шығаратыны сөзсіз. Еңбек адамдары қоғамда қандай құрметке болса да лайықты.
Ал өз саласында ерен жетістікке жетіп, көптің көзайымына айналған азаматтар да – елдің мақтанышы. Мұқаш Ескендіров сияқты нағыз еңбек адамының өмір жолына қарап отырып, кез келген жетістікке жету үшін еңбекпен қатар білімнің де қажет екенін көруге болады. Көрген, көңілге түйген нәрсенің нәтижесінің де болатыны анық.