Өмір, шіркін, сынаптай сырғып өтеді. Көп нәрсе ұмытылып жатады. Тәжікстандағы азаматтық соғыстың аяқталғанына да аз уақыт болған жоқ. Әйтсе де, Раджан Батырханов қабырғадағы портретінен бізге бәз-баяғы жас қалпында көз тастап тұрған сыңайлы. Оның анасы, бауырлары мен мектептегі кезінде тай-құлындай тебісіп өскен достары, туған өлкесі Катон-Қарағайдан шығып, күркіреп аққан Пяндж өзеніндегі «ыстық нүктені» иық тіресе жүріп бірге қорғаған жауынгерлер арамызда жүр.
Шекара шебінде
Кіші сержант Раджан Батырхановтың ерлігі ел жадында. Батыр-шекарашы тұрған, білім алған ауылдағы жалпы білім беретін мектеп, Катон-Қарағайдағы көше және Шығыс Қазақстан облысындағы шекара заставасы бүгінде оның есімімен аталады.
Раджан өр Алтай өңіріндегі табиғаты таңдай қақтыратын, таза ауасы тынысыңды ашатын шағын Катон-Қарағай ауылында туып, кәмелет жасына жеткенше тұрды. Бұл өңірдің тұмса табиғаты мен өсімдік әлемі, табиғи бақтары мен қарағай, балқарағайға толы алқаптары көз сүйсіндіреді. Барқыт бел, жасыл желегі теңдесі жоқ сұлулығын паш етіп тұрғандай. Құм басқан көне қазыналарымен құнды мекеннің қай төбесін қазсаң да мәдениеттің ошағына айналғанын анық аңғарар едіңіз. Осының бәрі қазақ жігітінің жігерін қайрап, қанатын қомдады. Мінезінен де, салған суреттерінен де (ол кішкентай кезінен сурет салуға құмар болды) тазалық пен асқақтықты байқайсыз.
Раджан бала күнінен әділдікке ұмтылып, жұрттың бәріне әркез қолдау көрсетуге әзір тұрды. Қатарластарының бәрімен бірдей дос еді. Төбелеске жоламаса да өзін ешкімге басындырған емес. Жерлестері оның ұстамды әрі тәрбиелі болғанын айтады. Көп оқыды. Ағалары кейде ауылдан шарқ ұрып іздеп таппағанда кітапханаға барады екен. Кітаптың қызығына түскен Раджан сонда уақыттың қалай өткенін сезбей қалатын көрінеді.
Мектепте оқып жүргенде-ақ ол шекарашы офицер болуға бекінген. Бұл оның үлкен арманы еді. Ержүректігі мен адалдығын осы қызметте көрсеткісі келді. Жатса да, тұрса да ойында шекара тұрды. Жолақ қоршау, қырағы назардағы тыныштық, шекарашылардың айбарлы жүзі, мұздай қаруланған арам пиғылдылар, түнгі қарбалас, атыс... Әркез көз алдына осы картина келетін. Ойша міндетті түрде жауын қуып жетеді. Басқаша мүмкін емес. Өйткені шекара шебі сенімді жігіттердің қолында емес пе?! Олардың арасында, әрине, Раджан да бар. Иә, бала қиялы неткен жүйрік десеңізші?!
Уақыт өтті. Алтын ұямен қоштасар сәт те жетті. Жас түлек барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, шекара училищесіне оқуға түсуге дайындалып жүр. Маңдайына жазылғаны шығар, училище курсанты болу бұйырған жоқ. Раджан мектепте озат оқушы болғанының арқасында оқуға түсу емтихандарын сәтті тапсырар еді. Дене шымырлығы жөнінен де ешкімнен қалыспады. Бокспен айналысты, волейбол ойнауды өте жақсы көрді. Гір тасы, штангасы мен гантелі де гаражда шаң басып жатпайтын. Алайда Алматыға келіп жеткені сол екен, аяқ астынан ара шағып, аллергиясы қозып, ауырып қалды. Дертінің беті қайтқанда бәрі кеш еді. Сөйтіп, Раджанның жолы болмай, ауылына оралған.
1993 жылы мамырда бозбала шұғыл түрде әскерге шақырту алды. Отан алдындағы азаматтық борышын Күршім шекара отрядында өтеді. Арманына осылай қол жеткізді. Раджан авторотада көлік жүргізушісі болып, тыныштыққа іріткі салғандарды ит жетектеп қумаса да, оның камуфляжына да жауынгер тері сіңді.
Әскери қызметтегі бір жылдан кейін бөлімде Тәжікстандағы ТМД-ның сыртқы шекарасын күзететін команда іріктелді. Раджан тізімге өз еркімен жазылды. Ештеңеден қаймыққан жоқ. Керісінше, сондағы күрделі жағдайда өзін сынағысы келді. Оның үстіне, Отанымыз ол кезде елжанды ұлдарға зәру еді. Раджан осылайша отқа оранған өлкеге баруды міндет санады.
Тәжікстандағы жауынгерлік іс-қимылдарға дайындықтан өз бөлімінде өтті. «Есте сақтаңдар. Бұл сендерге Пяндждағы шекарада қажет болады», деп ескертті тәжірибелі тәлімгер-офицерлер. Олардың көбі Ауғанстандағы соғысты бастарынан өткергендіктен, өздерінің айтқан сөздерінің парқын жақсы білді.
Үздіксіз жаттығу, талай шақырымға созылған жүгіру, атыс алаңындағы шеберлік, саяси сабақ бәрі артта қалды. Душанбе әуежайының қайнаған ыстықтан қызып тұрған ұшып-қону алаңы кезекті Күршім ротасының шекарашыларын қабылдады.
Раджан Батырханов ең әуелі Душанбенің маусымдағы сағым ойнаған аптабымен және жан-жақтан төнген жартылай әскери киімдегі қаруланған адамдармен бетпе-бет келді. Содан кейін «Кеврон» комендатурасы мен шекара заставасы орналасқан Калай-Хумбке апарар ұзақ жол күтіп тұрды. Шығыс Қазақстаннан шыққан жиырма жастағы ауыл баласы сол жерде шекара шебін қорғауға тиіс еді.
Жаңа өмір, өзгеше қызмет басталды. Бәрінен бұрын жағдайға қарай ауысып отыратын ережелерді ескеру қажет. Оның біріншісі – қаруланбаған боп көрінсе де ешқашан қарсыласқа арқаңмен бұрылмау. Әлбетте, жергілікті тәжіктер жау болған жоқ. Бірақ елден маза кеткен кезде өзіміз немесе өзге деп бөліп-жару мүмкін емес-ті. Мұнда құрамында әртүрлі ұлт өкілдері барына қарамастан, «Қазбат» аталған бітімгерлер өңеште тұрған сүйектей болды.
Қазақстандық бітімгерлерге өздеріне бекітілген шепті жай күзету ғана емес, қолдарына қару алып қорғауға тура келді. Олардың тылында тәжік кландары билікке таласып жатты. Ал алда моджахедтері кез келген минутта шекараны кесіп өтуге дайын Ауғанстан жатты. Содырлар шекараның қаншалықты беріктігін ұдайы сынап көріп отырды. Пяндж өзенінің ауған жағындағы жағасында тәлібтердің үлкен күші шоғырланды. Шекараның көптеген учаскесінде әскери қақтығыстар болуы үйреншікті оқиғаға айналған.
Бірақ содырлардың тұтқиылдан тап беруі ғана қауіп тудырған жоқ. «Қазбаттың» әскери қызметшілері наркотрафик қысымына да қарсы тұрды. Ал есірткі бизнесінде қатал да аяусыз «ойын» жүрді. Оның ішінде шекара аймағында тіршілік ететін тәжіктерді ғана емес, бітімгерлерді де тұтқынға алу, оларды Ауғанстан территориясына алып кету және туған-туыстарына өз талаптарын қою да бар.
Раджан мен әскери қызметтестері үшін Тәжікстанмен шекараны кесіп өтісімен-ақ қызмет әдеттегідей болудан қалды. Мұнда оларды қатал өмір мектебі күтіп тұрды. Сәл босаңсысаң немесе шалыс қадам жасасаң, шаруаң бітті дей бер.
Күркіреп аққан Пяндж өзеніндегі тіршілік жағдайы қолайсыз-тұғын. Жеке құрам блиндажда тұрды. Ауа температурасы елу градустың маңында. Таулы аймақта өмір сүрген Раджанның өзіне де алғашқы кезде ауа жетпей, тыныстау қиынға соқты. Бірақ бертін өте келе жас ағза оған да үйренді.
Уақыт мұнда баяу өтіп жатты. Тәжік-ауған шекарасына тек «дембель» дәрежесіне жетуге шақ қалғандар ғана жіберілетін. Алайда сарбаздар Тәжікстанда келісімшартта көрсетілгендей үш ай емес, алты ай болды. Сондықтан шекара сақшыларының қай-қайсысы да отбасын қатты сағынды. Раджан анасын жиі ойына алатын. Ол ұлының қайда екенінен бейхабар болатын. Қайда кетіп бара жатқанын тек әпкесіне ғана айтқан еді. «Үнсіз кеткенім, сізді сарыуайымға салғаным үшін кешір мені, анашым! – деп, Раджан ең жақын адамымен ойша сөйлесуші еді. – Көп ұзамай ораламын. Шамалы ғана қалды...».
Сол бір зұлматты күні застава жауынгерлері Қазақстанда өздерін ауыстыратын рота дайындалып жатқанын білді. Ендеше, «дембельдер» үйге қайтатын күн жақын. Раджанның да, өзге қызметтестерінің де көңіл күйлері көтеріңкі. Сарбаздар үлкен қазан мен ет тауып, жақсы жаңалықты кешке палау басып атап өтпекші болды.
Алайда тағдыр жолы басқаша өрілді.
Тек сен ғана ұрыстан оралмадың...
Сол күні Хаким бандасының қаруланған 200 содыры Висхарв шатқалындағы 5 және 6-шы шекара заставаларының түйіскен аумағына басып кірмек болды. Олардың жолында 38 қазақстандық және ресейлік шекарашы кесе-көлденең тұрды.
Тоғыз жүк көлігіне мінген содырлар Калай-Хумб ауданының орталығы арқылы мемлекеттік шекара бойындағы Хорог бағытына қарай жүрді. Мақсаттары – Ауғанстан ислам мемлекетіне өту. Содырлар Калай-Хумб қыстағынан шыға салысымен қалай болса солай оқ жаудырды.
Шекаралық комендатура гарнизоны «Шайқасқа!» деген командамен өре көтерілді. Комендант 5-ші шекара заставасының бастығына колоннаны резервпен тоқтатуды бұйырды. Шекара заставасының бастығы лейтенант Безвесельных колоннаны тоқтатып, өзінің орынбасары лейтенант Селюкті содырлармен келіссөз жүргізуге жіберді. Алайда олар офицердің өзіне тап беріп, оны кепілдікке алғандарын жариялады. Содырлар колоннаның одан әрі кедергісіз жүруін талап етті.
Шекара заставасының бастығы офицерін құтқарып, қыстақтағы (шекара заставасы қыстақтың шет жағында орналасқан) кінәсіз адамдардың өліміне жол бермеу үшін қарсы тараптың талабына келісті. Колоннаның жүруіне рұқсат берді. Бірақ лейтенант босатылғаннан кейін коменданттың тапсырмасын орындауды жалғастырды.
Содырларды қуғындау шарасын лейтенант Селюк бастаған шекарашылар тобы жүргізді. Оның құрамында Күршім шекара отрядының әскери қызметшілері болды. Ұрыс басталған соң Хорог шекара отрядындағы «Кеврон» шекара заставасының әскери қызметшілері көмекке келіп жетті.
Содырлар «Висхарв» бекетінен ұзап кете алған жоқ. Висхарв шатқалына жеткен соң олардың Джума бандиттерімен әлдене туралы келіссөз жүргізгені белгілі болды. Әрі қарай олардың алдарында ені өте тар көпір бар еді. Одан аса сақтықпен өтпесе болмайтын. Содырлардың алға жылжи бергендері сол еді, шекарашылар да қуып жетті.
Іңір байланып, жағдайды күрделендіріп жіберді, бірақ шекара сақшыларында таңдау жоқ еді.
Содырлардың екіге бөліну ниеті болған. Алайда шекарашылар олардың ойларын іске асырмады. Лейтенант В.Селюк кіші сержант Р.Батырхановпен бірге содырларға қарай жақындап, олардың машиналардан кетіп, қаруларын тастаулары қажеттігін хабарлады.
Ал жеке құрам екі топқа бөлініп, шайқасқа дайындықты бастап кетті. Селюк пен Дмитришиннің басқаруындағы топ тура жолдың үстінде қалып, жеке құрамның тең жартысы аға лейтенанттар Федоров пен Неждановтың басқаруымен жоғары жаққа, жақын маңдағы шоқыға шығуға талпынды. Таудағы соғыс кезінде «кім жоғарыда – соныкі дұрыс» принципі әрдайым сенімді. Жауынгерлер ол шоқыда Джума бандасының позициясы барын білген де жоқ.
Содырлар арасынан колоннаның соңына шыққан «қара араб»:
– Тоқтаңдар, келісейік! – деді айғайлап.
– Келісім аяқталды! – деді Селюк.
– Ендеше, соғысамыз ба? – деп сұрады жалдамалы.
– Соғыс! – деді лейтенант.
Жауап ретінде содырлар қолдарында бар барлық қарудан оқ жаудырды.
Шоқыға атойлаған жауынгерлер Джума содырлары күтпеген жерден олардың позицияларына секірді. «Сақалдылармен» бірінші болып бетпе-бет келгендер – қатардағы жауынгер Большаков пен сержант Ахметов.
Жаратылысынан мықты Большаков қоян-қолтық ұрысқа көшті. Қарсы келген содырдың есін жидырмастан, пулеметін тартып алды. Ол қаша жөнелді. Арық болса да шымыр әрі епті Ахметов бір содырды тақап атып, оның позициясын иеленді. Іле шоқыға Федоров тобының қалған жауынгерлері де жүгірді. Ал Джуманың бандиттері позицияларын тастай қашты. Алексей Федоров содырларға тиесілі көліктердің бірі (онда Хаким отырған екен) көпірден өтіп, жоғары жылдамдықпен бой тасалаған. Оның ізін ала тағы бір көлік көпірге шыққан.
– Олжабаев, ат! – деп бұйырды Федоров гранатаатқыш ұстаған сарбазға. «Көңілді» деген лақап есімі бар, «Алексеевка» шекара комендатурасының өкілі, қатардағы жауынгер Олжабаев бұйрықты бұлжытпай орындады. Алайда граната жоғары қарай жаңсақ кетті. Жауынгер келесі жолы дұрыс көздеп, атқанда «ЗИЛ» отқа оранды.
Кіші сержант Батырханов төменгі жақта бетон жол қоршауын тасалап, қарсы тарапқа қарай көздеп оқ жаудырып тұрған. Ол содырлар тобының жотаның тасасымен біздің шекарашылардың алдын орағытып, ту сыртынан пышақ ұруға ыңғайланғанын байқап қалды. Раджан дереу автоматтан мергендікпен оқ атып, олардың жолын кесті. Нәтижесінде, 5 содырды жайратып салды.
Оның сенімді қорғанысқа ығысып, кейін шегінуіне де, оқ жетпейтін өзенге сырғып түсуіне де болатын еді. Бірақ Раджан олай істеген жоқ. Содырлардың негізгі соққысын өзіне алып, батырлық үлгісін көрсеткен кіші сержант аяғынан жараланды.
Бұл сәтте жолдастары жаралы қаруластарына көмек қолын соза алмады. Тек лейтенант Владимир Селюк ретін тауып, Батырхановқа жетіп, қарша бораған оқ астынан алып шықты. Алайда ол көп қан жоғалтқандығының салдарынан есін жия алмай, көз жұмды.
Міне, осылай Раджан Батырханов өшпес ерлік жасады. Қарулас жолдастарының амандығы үшін өзін құрбан етті.
Куәгерлердің айтуынша, нақ осы кіші сержант Батырханов шайқастың сәтті өтуіне ықпал етті. Ол болмаса, біздің тараптың жеңіске жетуі неғайбіл еді. Лейтенант Селюктің тобы гранатамен қаруланған содырлардың күтпеген жерден, тап бүйірден шығып жасайтын шабуылына тойтарыс бере алмас еді. 20-25 минуттан кейін жеткен резервтің өзі де құрылған тұзаққа түсер еді.
Раджан әскери тапсырманы орындау жолында аянып қалған жоқ. Комендатура резервтерінің алға жылжуы мен оңтайлы орын тауып, Хаким содырларының қимылына нүкте қойып, Висхарв шатқалынан шығар жолды иеленуін қамтамасыз етті. Ол батырға, Қазақстан Шекара қызметіндегі ержүректік пен ерліктің символына айналды.
Бұл шайқасқа Күршім шекара отрядынан взвод командирі лейтенант Дмитришин және батальонның медициналық көмек пунктінің бастығы аға лейтенант Хакимов бастаған 29 шекарашы қатысты. Екеуі де жарақат алды. Біріншісі контузия алса, екіншісіне оқ тиген. Қазақстандықтар қуғындау тобының бастаушы көлігінде отырған. Шайқасқа бірінші болып кірген де солар.
Шекарашы қазақстандықтар өте сауатты, ұтымды әрі байсалды қимылдады. Бәрі де ерлігімен ерекшеленді. Мысалы, қатардағы Олжабаев оқ қоры таусылғанда жаудан алынған снарядтармен қол гранатаатқыштан оқ жаудырды. Қатардағы Кулемин содырлар позициясына бірінші болып басып кіріп, оларға оқ жаудырды. Шайқас кезінде жаудың көптеген қару-жарағын олжалады. Қатардағы Жапаров жараланған сержантты мергендікпен оқ атып, қорғады. Қатардағы Кадырбаев алғашқылардың қатарында кіші сержант Батырханов атқан оқ ату нүктесіне көтерілді. Мұнда жаудан қалған пулемет лентасын пайдаланып, дұшпанға өз пулеметінен оқ боратуды жалғастырды.
Бұл зұлматты шайқас аяқталғанмен, жанған автокөліктер көпке дейін жан-жақты самаладай жарық қып тұрды. Застава жауынгерлері мен қазақстандық взвод бұйрыққа сәйкес позицияны ауысымшыларға өткізіп, өздері төменде жиналды. Комендант қазақстандық батальоннан бір атқыштар взводын, маневрлік топтың жеке құрамын тартып, шатқал күзетін ұйымдастырды. Комендант көп ұзамай заставаның жеке құрамы мен Күршім взводын «Кевронға» жөнелтті. Олар қаза тапқан жауынгер мен тұтқында болғандарды бірге алып барды. Тұтқынға түскендер Тәжікстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері болып шықты. Олар шілде айының басында Памир тұсында содырлар қолына түскен екен. Араларында жаралылар да бар болып шығып, біреуі іле көз жұмды.
Раджанның зұлматты шайқасы осылай аяқталып, он тоғыз жастағы қазақ жігіті мәңгі өшпес даңққа бөленіп, бақиға аттанды.
Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданының тумасы, шекарашы кіші сержант Р.Батырханов «Халық Қаһарманы» атағына ұсынылғанымен, ол белгісіз себеппен берілмеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғаудағы ержүректігі мен ерлігі үшін марқұм ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Награда Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай ауылдық клубында батырдың анасына табыс етілді. Раджанның онымен амандықта қауыша алмағаны өкінішті-ақ...
Шайқас нәтижесі: Хаким содырларының тобы талқандалды: 32-сі өлім құшты, 4-еуі хабар-ошарсыз кетті, 1-еуі тұтқындалды, 50-ге жуығы жараланды, 9 жүк көлігінің 7-еуі жойылды.
Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері құрамынан 1994 жылғы шілденің соңында содырлар қолына түскен 12 тұтқын (олардың қатарында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы, подполковник Карпухин бар) босатылды. Содырлар қатарында тұтқындағы әскери қызметшілер барын біздікілер білген жоқ. Ал олардың саны 40-тан астам еді. Қалғандарының тағдыры белгісіз. Өкінішке қарай, кінәсіз төрт азаматтық жүргізуші мен қыстақтың екі тұрғыны құрбан болды.
Бекзат МОЛДАХМЕТОВА,
аға лейтенант