• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қыркүйек, 2021

Тағдыры темірдей шыңдаған қайраткер

309 рет
көрсетілді

Нығметжан Есенғарин есімі тек республикаға ғана емес, одан тысқары жерлерде де жақсы таныс. Өзінің еңбек жолын қарапайым байланыс монтері ретінде бастаған ол тынбай ізденуінің арқасында КСРО Жол қатынастары министрінің орынбасары, одан кейін тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Көлік министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары деңгейіне дейін көтерілді.

Нығметжан Есенғарин үлкен жетіс­т­іктерге жету үшін алдына мақ­сат қоя білді және сол ойға алған­д­арын жүзеге асыра да алды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен өз ісіне деген адалдығы елдің игілігі жолындағы ауыр міндеттерді атқару кезінде, әсіресе темір жол сала­сында қалыптасып қалған проблемаларды шешуде айқын көрініс тапты. Оның жүріп өткен өмір жолы – мемлекет мүддесіне қызмет ету­дің шынайы үлгісі.

Ата-анасының туған жері – Сол­түстік Қазақстан облысы. Бірақ өткен ғасырдың 30-жылдардың соңын­да­ғы қуғын-сүргінге байланысты олар Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болды. Тұңғыштары Нығметжан 1941 жылы 29 қыркүйекте Челябі об­лы­сының Бурино ауылында дүние­ге келді.

Әкесі қайтқанда ол небәрі 11 жас­та еді. Отбасы ол кездерде Қос­та­най облысының Семиозерное ауылына көшіп келген еді.

Анасы Зылиха он саусағынан өнері тамған шебер болған: киім тігіп, кілем де тоқыған. Мектептен кел­ген балалары аналарына қолға­быс етіп, үй шаруашылығын жүр­гі­зіп, мал ұстады.

7-сыныптан бастап Нығметжан еңбекке араласты. Жазғы демалысқа шыға салысымен жалғыз анасына болысу үшін жұмыс істеп, тыным таппайтын. Еңбек майданында шыңдала жүріп, білім алуды да естен шығармады. Жастайынан аудан­­дық кітапхананың бүкіл кітап­­тарын оқуға ден қойды. Мек­теп­ті озат оқушылардың бірі болып аяқтады. Бір жылдан кейін Орал электр­о­м­еханикалық көлік инже­нер­лері институтының автоматика, телемеханика және байланыс факультетіне оқуға түсті.

«Біздің замандастарымыздың ішінде талантты жастар көп бол­ды. Олардың көбі отбасына кө­мек­­тесу қамымен жүріп, дарынын шыңдауға, білімін әрі қарай да­мытуға мүмкіндігі болмады. Ал мен қандай қиындық болса да оқу­дан қол үзбеуге тырыстым», деп еске алады сол кезді Нығметжан Қа­батайұлы.

Институтты бітіргеннен кейін ол Целиноград белгі беру және бай­ланыс дистанциясының байланыс монтері, электрмеханигі ретінде еңбек жолын бастады. Бірақ көп ұзамай әскерге шақы­рылды. Әскери борышын өтеп кел­геннен кейін бұрынғы жұмы­сы­на қайта оралды. Ілкімді істері­мен көзге түскен жігерлі азамат көп ұзамай бас инженер болып та­ғайындалды. Теміржол көлі­гін­де­гі жаңашылдықтың бәрі де сол кезде Целиноград торабында және оған іргелес учаскелерде енгізіліп жатқан. Бас инженер Целиноград – Жалтыр электрлендіру учаскесінде авто­матика және байланыс жүйе­ле­рін қайта жаңарту бойынша жұ­мыс­ты ойдағыдай ұйымдастыра білді. Осы еңбегінің арқасында ол қарамағында төрт дистанциясы бар Целиноград темір жол бөлімшесі байланыс бөлімінің басшылығына шақырылды.

«Мен барынша адал болуға тырыс­тым, білмегенімді аға буын әріп­тестерімнен сұрадым, егер шешімімнің дұрыстығына сенім­­ді болсам, соңына дейін өз ұста­ны­­мымда қалдым. Басшылық жұ­мыста жаман болған жоқпын. Бір­ақ маған тіршілігі қайнап жататын өндірістегі жұмыс жетпей тұрды. Ақыры, қайтадан дистанцияға сұрана бас­­­тадым. Айлығым да, қыз­метім де төмендеп қалатынын бі­ле­мін. Бірақ мен үшін басты мәселе бұл емес еді. «Әлі жаспын, маған өндірістік топты басқарып, тәжірибе жинақтау керек» деген ой маған маза бермеді. Менің айлығыма қарап отырған отбасыма да солай түсіндірдім, олар мені қолдады. Сөйтіп, бұрынғы жұ­мысыма қайта оралдым», деп ағы­нан жарылды Нығметжан Қаба­тай­ұлы.

1970 жылдың қараша айында Н.Есенғарин Целиноград белгі беру және байланыс дистанциясының бас­тығы болды. Ұжым оны жылы қа­былдады. Сол жылдары Цели­ноград – Павлодар учаскесінде екінші жолдардың құрылысы бас­талып, көптеген учаскеде автоматика, телемеханика және байланыс қайта жаңғыртылып, жаңа техника енгізіліп жатты.

Жас басшы жұмысты жетілдіру үшін барын салды. Орын алған ақауларды жоюға да өзі шығып жүрді, арасында қара жұмысқа да кірісіп кететін. Үсті-басы шаң-тозаң болып үйге келгенде анасы оған: «Сен бастықпын деп бізді ал­дап жүрген жоқсың ба? Үсті-ба­сы­­ңа қарасаң, қара жұмыс істей­тін адам сияқтысың», деп қал­жың­дай­тын.

1972 жылдың мамыр айында оны Қазақ темір жолы бас­қар­ма­сы­на шақыртады. Жол­дың бас инженері Құдайбер­ген Көбжасаров Есенғарин­ге техникалық бөлім бастығы әрі оның орынбасары бо­лу­ды ұсынды. Бұған дейін бұл лауазымды өте білікті азамат, те­мір жол экономикасын бүге-ші­ге­сіне дейін білетін, техникалық саясатты қалыптастыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізген Юрий Фишбейн атқарды. Міне, сол кі­сі­нің орнына өте жас инженер­дің келгені көптеген адамды таң­ғал­дыр­ды. «Тым жас екенсің, Фиш­бейн атқарған жұмысты алып жү­ре ала­сың ба?» деп Нығметжан Есен­ға­ринге сенімсіздік таныт­қан­дар да табылды.

Айтса айтқандай, ол сол кезде небәрі 31 жаста еді және Кеңес Ода­ғын­дағы темір жолдағы әріп­тес­терінің ішіндегі ең жасы да өзі еді.

Техникалық бөлім жылына он екі ірі жобаны қарастырса, бұл екі жүз килограмнан астам қа­ғаз еді. Оның барлығын түсініп оқып, әріптестерімен талқылап, қоры­тынды жасауы керек. Бұл Н.Есенғаринге үлкен инженерлік тәжірибе болды.

Қазақ темір жолы үш дербес магистральға бөлінгеннен ке­йін Н.Есенғарин Целинный жолына бас инженер болып барды. Сол кезеңдерде бұл магистралда бұрын-соңды болмаған тың өзге­рістер мен жаңашылдықтар бас­талып жатқан еді. Бұрынғы Одақ­тағы қаржылық құйылымдар кө­лемі бойынша ол көшбасшылар қа­т­арынан көрінді. Жаңа желі құ­ры­лысы, учаскелерді электр­лен­ді­ру, темір жол тораптарын қуатты дамыту жүргізілді. Технологиялық шешімдерді әзірлеу, ірі және кіші нысандардың құрылысын ұйым­дас­тыру – бәрі бас инженердің ба­қы­лауында болды. Ол өз міндет­терін қалтқысыз атқарды. Сол үшін де оны әріптестері құрметтеді және сенім артты.

Ол жеткен жетістігіне тоқ­мейіл­сімей, білімін әрі қарай шыңдауға бет бұрды. 1982 жылы мектепті бітірген ұлымен бірге Мәскеуге аттанды. Баласы Тілек болса, Бауман атындағы ММТУ-ға, ал Нығметжан Қабатайұлы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясына оқуға түсті.

Целинный жолында көмір, кен, астық тасымалы үздіксіз жү­ріп, маңызды бағыттардағы қо­мақ­ты инвестицияларды игеру үшін қыруар жұмыс жүргі­зіл­ді. Тасымалдау технологиясы же­тіл­ді­рілді. Салмағы 18 мың тон­на­ға дейінгі құрамдар жүре бастады. Бірақ та ұзынқұрамды пойыздар жолдарды бөгеп, қозғалысты ұйымдастыру қиынға соқты. Желі арқылы еркін өту үшін салмағы 9 мың тонналық пойыздар ең қолай­лы­сы саналды. Сөйтіп, жолдар ауыр салмақты қозғалыс полигоны­на айналды.

Жоғары лауазым Нығметжан Есенғариннің айналасындағы адамдармен жақын араласуына еш ке­дер­гі келтірмеді. «Өмірімізді өзі­­міз қалаймыз!» ұраны магистраль жұмысында шешуші рөл атқарды. Ол теміржолшылардың балалары балабақшада орналасқан ба, мектепте оқу үшін жағдайлар жасалған ба, тұрғын үйді жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр, қазандықтар дұрыс жұмыс істеп тұр ма, медициналық және сауда қызметтеріне шағымдар бар ма және т. б. мәселелердің шешілуіне ерекше ден қойды.

Бурабай курорттық айма­ғын­да­ғы Щучье көлінің жағасында теміржолшыларға арналған пансионат салынып жатты. Міне, сол құрылысқа қандай да бір жолмен темірбетон қорын алу қажет болды. Осыған байланысты өткен жиында Нығметжан Қабатайұлы Көлік құрылысы министрлігінің қа­рауындағы Орта Азия мен Қазақ­стан үшін материалдық ресурстарды бөлетін Бас басқарма өкіліне: «Сіз Мәскеуге пансионаттар мен демалыс үйлері керек дейсіз, мұн­дай пансионаттар бізге де керек, әлде біз бұндай нысандарға лайық емеспіз бе?» деп мәселені төтесінен қойды.

Бас басқарма өкілі қызара қи­пақ­­тап, жиналыстан шығып кетті. Қатысушылар басқа нысандарды талқылауды жалғастырды. Жарты сағаттан кейін өкіл қайтып келіп, Целинный жолы басшысынан кешірім сұрап: «Біз бұл нысан үшін 2000 текше метр темірбетон таптық және де келесі жылы пайдалануға береміз», деп уәде етті.

1986 жылдың желтоқсанында Нығметжан Есенғарин КСРО Қатынас жолдары министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол теміржол көлігі нысандарын жобалау, салу мәселелеріне же­тек­шілік етті. Ең алдымен ЖҚМ мен Көлік құрылысы министрлігі арасында жақсы қарым-қатынасты орната білді. Өзара шағымдар, тапсырыс беруші мен мердігердің қарама-қайшылығы артта қалып, тығыз іскерлік байланыстар орнатылды. Министрлікте жұмыс істеген кезінде Н.Есенғарин БАМ құрылысы мәселелерін шешіп, Түмен мұнай-газ кен орнының солтүстігінде болды, жер сіл­кі­ні­сі­нен кейін Армениядағы темір жол шаруашылығын қалпына келтіруді, Қазақстан арқылы Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы темір жолды дамытуды басқарды.

ЖҚМ-дағы жұмысы Нығметжан­ ­ Қабатайұлына білімнің та­ғы бір белесін бағындыруға, бас­қа­рудың ең жоғары тәжірибесін алуға мүмкіндік берді.

Алайда билеуші коммунистік партия жүргізген саяси және эконо­ми­­калық өмірді қайта құру, реформалау күткен нәтиже бермеді, дағдарыс кезеңі келді және сол кезде Есенғарин республикаға қайта оралу туралы шешім қабылдады.

1989 жылы ол Алматы темір жолын басқарды. Оның келуімен магистральда жаңа серпін пайда болып, қайта жаңғырды. Қытаймен шекарада халықаралық өткелді ашу үшін Ақтоғай – Достық учаскесі мен Достық стансасын дамытуға көп көңіл бөлінді.

1991 жылы  Н.Есенғарин тәуелсіз мемлекет тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының көлік министрі болып тағайындалды. Ол дағдарыс, гиперинфляция, барлық экономикалық байланыстың құл­ды­рауы жағдайында көліктің бар­лық түрінің жұмыс істеуін сақ­тап қалу және халықаралық қа­тынастарды орнату сынды ел үшін маңызды жұмыстарды ат­қарды. Көлік қызметінің дербес нор­мативтік-құқықтық базасы да осы кезеңде қалыптаса бастады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында министр лауазымында жүріп Нығметжан Қабатайұлы ел Президентімен бірге және жеке өзі Жапония, Англия, Германия, Қытай, Моңғолия, Иран және басқа да елдерге сапарлады. Ол әлем­дік шаруашылық жүр­гізу тә­жіри­белерімен танысып, на­рық­­тық экономиканы ұйым­дас­тырудағы қадамдарды үлкен ықы­­­ласпен зерттеді. Оның күш-жі­ге­рінің арқасында Трансазия және Еуразия магистралдары құ­ры­лып, еліміздің әлемдік көлік же­лі­сі­не кіруге мүмкіндік туды.

1994 жылғы қазанда Н.Есен­ға­рин республика Премьер-Ми­нистрі­нің бірінші орынбасары болды. Оған республикадағы бар­лық өндірістік-шаруашылық қыз­метпен айналысу тапсырылды, бүкіл елдегі жағдайды үнемі қа­да­ғалап отыру талап етілді. Өңір­лер басшыларымен өткен апта са­йынғы селекторлық жиналыс­тар­да атқарылып жатқан істер баян­далып, проблемаларды шешу­де нарықтық тәсілдерді қолдану мәселесін зерттеуге ден қойылды.

Ол мемлекеттік және нарықтық инсти­туттарды қалыптастыру, на­­­рық­тық құрылымдарды дамыту үшін заңнамалық негіз құру, эко­но­миканың барлық салаларын жаң­ғыр­ту бағыттарына ерекше назар аударды.

2002 жылы ол мемлекеттік қыз­­меттен және атқарып отырған Еура­зиялық экономикалық қоғам­дастық бас хатшысының орынбасары – Қазақстаннан өкіл ретіндегі лауазымынан бас тартты.

«Маған ел игілігі үшін жұмыс іс­теуге мүмкіндік берген, сенім артқан Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа алғысымды біл­ді­ремін», деп жазды Н.Есенғарин өз кітаптарының бірінде.

Нығметжан Қабатайұлы өзін әрдайым туған бауырындай ыстық тартып тұратын темір жол саласына қайта оралды. Ол «Эко­ном­трансконсалтинг» зерттеу-енгізу орталығын құрды. Және де қазақстандық ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, тасымалдаушылар мен вагондар операторлары қауымдастығының төрағасы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Республика темір жолдарының та­рихын біртіндеп қалпына кел­тіріп, төрт томдық кітап шығар­ды. Бұл – шын мәнінде үлкен күш-жігерді қажет еткен ерекше құндылық. Н.Есенғарин экономика ғылымдарының докторы, 30-дан астам кітап пен 400 мақаланың авторы.

Осыдан 10 жылдай бұрын Нығметжан Қабатайұлы Қазақ кө­лік және коммуникация акаде­мия­сының, қазіргі Қазақ логис­ти­ка және көлік академиясы мен Алматы көлік және коммуника­ция колледжінің студенттері үшін Бірінші Көлік және комму­ни­ка­ция министрінің атаулы шәкіртақысын тағайындады, оны өзі­нің жеке қа­ра­жатынан төледі. Сти­пен­дия жыл сайын 8 үздік студентке берілді.

«Жарты ғасырдан астам уақыт бойы атқарған қызметім барысын­да мыңдаған жақсы адаммен кез­де­судің сәті түсті. Темір ­жол сала­сында мені бағалап, ман­са­бым­ның өсуіне ықпал еткен үш адам болды. Олар: Рипхатулла Мұха­мадиұлы Мұхамадиев, Құдай­берген Дүйсенұлы Көбжасаров, Николай Семенович Конарев. Олар лауазымы бойынша аға буын өкілдері ғана емес, сондай-ақ жұ­мыс­тың түрлі кезеңінде маған сүйеніш, тірек те бола білді», дейді Нығметжан Есенғарин өзінің тамаша тәлімгерлеріне, жоғары санатты кәсіпқойларына алғыс білдіре келіп.

Оның өсуіне жұбайы Раушан Жапарханқызы да өз үлесін қосты.  40 жыл­дан астам уақыт бірге болды. Татулығы жарасқан отбасы ұлы Тіле­гін ұясына, қызы Ардақты қиясына қондырып, олардан туған немерелері Камила, Әсем және Айсұлтанның қызығын көріп отыр.

Н.Есенғариннің ұстанымы – қиын­дықтардан қаймықпау, еш­кім­ге иек артпай, адал еңбек­пен, білім-білігіңмен өмір­ден өз орныңды табу. Және де ол ешқашан бұл дүниеде құр босқа жүруді көз алдына елес­тет­кен де емес. Бүгінге дейінгі лауазымға, жоғары марапатқа ол адал еңбегімен, мінсіз іскерлігімен жетті. Н.Есенғарин – Құрметті теміржолшы және Құрметті көлік құрылысшысы. Кеңес Одағының Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, Құрмет Белгісі ордендерімен, интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін тәуелсіз ресейлік «Достық» орденімен, егемен Қазақстанның қа­лы­птасуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Барыс», «Парасат» орден­дерімен марапатталған.

«Өмірімнің құр босқа өтпегеніне қуанамын. Шама-шарқымша жұрт­қа пайдалы іс тындыруға тырыс­тым, – дейді Нығметжан Есенғарин журналиске берген сұхбаттарының бірінде. – Кез келген адамның өмірінде жақсы да, жаман да болады. Қиындықтары мен қызықты, қуанышты сәттері де ауысып келіп отырады. Өткенге өкінудің еш қажеті жоқ, өткенді түзету де мүмкін емес. Сондықтан ең бастысы, өзің өкінбейтіндей өмір сүре білуің керек».

 

Әсел ТӨЛЕГЕНОВА