Өткен аптада аралас жекпе-жектен Ресейде өткен екі бірдей аса ірі халықаралық турнирді тамашаладық. Мәскеудегі аса беделді АСА додасында Асылжан Бақытжанұлы, Нұрсұлтан Қасымханов және Қаршыға Дәуітбек секілді спортшыларымыз өнер көрсетсе, Сочидегі AMC Fight Nights жарысында Қуат Хамитов пен Нұрбек Қабдрахманов сайысқа түсті.
Ресейдің астанасында ұйымдастырылған додада Қаршыға Дәуітбектің (9-3) асқан шеберлігіне тәнті болдық. 66 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол ресейлік Валодия Айвазянмен (10-2) айқасты. Бәсекені қарқынды бастап, өте жоғары деңгейде өткізген қандасымыз бірінші раундта қарсыласының денесіне ауыр соққысын дарытты. Тынысы тарылған Айвазян еденге екі бүктетіліп құлады. Төреші дереу жекпе-жекті тоқтатты.
Өкінішке қарай, өзге екі спортшымыз Мәскеу төрінде ойсырай ұтылды. Жартылай жеңіл салмақтағы Нұрсұлтан Қасымханов (11-3) хабаровскілік Алексей Полпудниковпен (29-8-1) айқасты. Дәл осы спортшы кезінде Арман Оспановпен үш мәрте кездесіп, екі рет сан соқтырып кеткен еді. Былтыр Полпудников үш рет октагонға шығып, үш кездесуде де жеңіліс тапты. Бірақ бұл жарысқа Қиыр Шығыстың «Гладиаторы» жақсы бабында келген екен. Бәсекенің басталғанына 15 секунд өтпей жатып, ол Қасымхановты сұлатып салды.
Жартылай ауыр салмақтағы Асылжан Бақытжанұлы (11-2) Бразилияның саңлағы Леонардо Силвамен (17-5) күш сынасты. «Кескілескен шайқас» бірінші раундтан басталды. Екеуі де шегінбей айқасып, бір-бірін ауыр соққылардың астына алды. Сәті келгенде Асылжан қарсыласын жығып алып, төмпештей бастады. Жаны қиналса да, Леонардо раундтың соңына дейін шыдады. Үзілістен кейін жан алысып, жан беріскен айқас қайта жалғасты. Бақытжанұлы барын салғанымен, бразилиялықтың жұдырығы нысанаға дөп тие бастады. Бір мезетте Силваның төменнен сілтеген соққысы, яғни апперкоты қандасымыздың иегіне дәл тиді. Асылжан тәлтіректеп барып құлады. Төреші бәсекені тоқтатқанша Леонардо тағы бір соққы жұмсап үлгерді. Нокаут!
Ресейдің Сочи қаласындағы AMC Fight Nights турнирінде қазақтың қос спортшысы өз өнерін ортаға салды. Бірақ екеуі де жергілікті спортшыларға есе жіберді. Нұрбек Қабдрахманов (3-1) Магомед Кадиевтен (4-1) ұпай санымен ұтылса, айтулы жарыстың басты жекпе-жегінде Қуат Хамитов (21-6-1) Мариф Пираевқа (27-4-1) жол берді. Жалпы, үш раундқа созылған бұл бәсекеде қос тараптың өнері көпшілік көңілінен шықпады. Үш раундқа созылған айқас барысында Қуат та, Мариф те не бір жақсы күрестің әдісін, не бір ауыр соққы жасай алмады. Бір сөзбен айтсақ, бұл жекпе-жектен әсер аларлықтай, не есте қаларлықтай ештеңе көре алмадық.