• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Қыркүйек, 2021

Тұрсынғазының ескірмейтін әндері

218 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік академиялық филармониясының Халық әні бөлімінің жаңа маусымы белгілі әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимовтің туғанына жетпіс жыл толуына арналған «Сәби болғым келеді» атты ән кешімен ашылды.

Абай, Мұхтар, Шәкәрім секілді ұлылар туған топырақта өскен дарынды өнерпаздың қазақ ән өнерінде алар өз орны бар. Ардақты азаматтың өзі өнер жолында тәлімін көрген «үш ұстазы» туралы: «Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыттымын. Ол кісі үнемі: «сен сазгерлікпен айналысасың» деп айтатын, сол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. Екінші ұстазым, режиссер Есмұхан Обаев: «Сені асырайтын қара домбыраң» дейтін, ол маған талай рөл беріп сахнаға шығарды. Үшінші ұстазым – композитор Теміржан Базарбаев. 1979 жылы алғаш әнім «Сәби болғым келедіні» жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбиелеген тәлімгерім еді...» деп айтқан екен.

Тұрсынғазы ағамыз ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың біраз өлеңдеріне ән жазды, соның ішінде елге кеңірек танылған «Сәби болғым келеді», «Да­риға, домбырамды берші маған», «Қа­зағым-ай», «Аягөз ару», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн», «Нені аңсаймын» деген туындыларын ерекше айтуға болады. Композитордың «Сәби болғым келеді» деген атпен әндер жинағы да жарық көрген.

Айта кетейік, талантты тұлғаны еске алуға арналған жып-жылы әсерге то­лы ән кешін елордалық филармония Се­мей қаласы әкімдігінің қолдауымен бірге ұйым­дастырды. Концерт барысында аталған өнер мекемесінің «Халық әні» бөлімінің әншілері − Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзира Бөкейхан, Айгүл Қосанова, Гүлмира Сарина, Мәдениет саласының үздіктері Секен Сыздықов, Нұрай Танабаев, Берік Омаров, халықаралық және рес­пуб­ликалық байқаулардың лауреаттары Данияр Мұқан, Перизат Тұрарова, Сәулежан Тағзия, Өзгеріс Шерікбай, осы бөлімнің көркемдік жетекшісі – Тельман Нұркенов, филармонияның «Шалқыма» халық би ансамблі, «Сарыарқа» фоль­клорлық ансамблі өнер көрсетіп, кештің көрігін қыздырды.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, Клара Төленбаева, Толғанбай Сембаев, Нариман Абдрахманов кешке қонақ ретінде қатысып, сазды нақышқа толы әндерімен тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды.