Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру шаралары жөнінде брифинг өтті. Бұл ретте Үкіметтің әлеуметтік блогының жұмыс бағыттары туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Брифинг барысында алдымен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз алып, денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойылған нақты міндеттерге тоқталды.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусқа қарсы 3 вакцина қолжетімді: Спутник V, Синофарм және QazVac. Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы IV тоқсанда Pfizer жеткізіледі деп күтілуде. Бұл ретте тиімділігі жағынан шетелдік баламалардан кем түспейтін отандық вакцинаны қолдаймыз», деді Е.Тоғжанов.
Оның айтуынша, өткен айда QazVac вакцинасы 650 мың доза көлемінде өндірілді, осы айда 750 мың доза жеткізіледі деп күтілуде. Екі өндірістік алаң дайындалды: Жамбыл облысында биофармацевтикалық зауыттың толық дайындығы қамтамасыз етілді; «Антиген» кәсіпорнының базасында вакциналар, оның ішінде QazVac шығарудың толық циклі бар БҚПҒЗИ екінші өндірістік алаңы іске қосылды. Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» арнайы заң қабылданады. Бұл биоқауіптермен күресуге құқықтық негіз құрайды. Елдің биоқауіпсіздігін болжаудың ұлттық жүйесін құру көзделген. Бұл жүйелі негізде биологиялық қатерлерден қорғау бойынша жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеке өндірісін дамыту басымдыққа ие. Бүгін біз өзімізді 17%-ға қамтамасыз етіп отырмыз. 2025 жылға қарай бұл 50% деңгейге жетеді. Бұл үшін Үкімет деңгейінде арнайы кешенді жоспар қабылданды», деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар Қазақстанда санитарлық-эпидемиялық қызметтің материалдық-техникалық жабдықталуы күшейтіледі. 12 зертхана жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандырылады. Бұл улы элементтерді, тұздар мен металдарды анықтау мақсатында тамақ өнімдеріне, балалар ойыншықтарына, суға және басқа да өнімдерге зертханалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық бұйымдарды зертханалық және техникалық сынақтардан өткізу орталығы құрылады. Бұл халықаралық стандарттар бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына сынақтар жүргізуге мүмкіндік береді.
«Пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстан Үкіметі халық арасында саламатты өмір салтына ерекше көңіл бөледі. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында саламатты өмір салтына ерекше көңіл бөлініп, нақты шаралар айқындалды. «Бұл 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 45%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті Е.Тоғжанов.
Тағы бір басымдық – денсаулық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу және жаңа заманауи ауруханалар салу. Биыл Қазақстан Орталық Азиядағы онкологиялық ауруларды тиімді және ауыртпалықсыз емдеуге арналған «Гамма-пышақ» орнатылған елдердің біріне айналды. Егер бұған дейін жылына 50-ге жуық қазақстандық шетелге шығып, бір адамға орта есеппен 1 млн теңге жұмсалса, биылғы мамыр айынан бастап Нейрохирургия орталығының базасында 142 ота жасалды. Бұдан өзге, әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда МЖӘ шеңберінде заманауи медициналық орталықтар салынады. Заманауи технологиялары бар әлемдік ауқымдағы алғашқы ауруханалар Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларында салынып жатыр. Осылайша, болашақта қазақстандықтар шетелге шықпай-ақ, жоғары сапалы ем ала алады.
Сондай-ақ іс-шара кезінде вакциналау барысы және ревакциналауға дайындық туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта КВИ-ға қарсы ревакциналау жүргізу әлемдік тәжірибені және халықаралық ұйымдардың – ДДҰ, СДС ұстанымдарын зерделей отырып, талқылау сатысында тұр.
«Қазір ревакциналау мәселесі әлемнің барлық елінің алдында тұр. Қазақстанда санитарлық-эпидемиялық қызметтің қызметкерлерінен, жетекші ғалымдар, клиницистер, дәрігерлерден тұратын жеке жұмыс тобы құрылды. Біз жетекші халықаралық агенттіктерден, ДДҰ-дан және басқа да ұйымдардан ақпарат сұраттық, қазіргі уақытта барлық тәжірибе жинақталуда», деді А.Цой.
Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде вакциналау курсы мен ревакциналау арасындағы интервал, халықтың қандай топтары ревакциналауға жататыны туралы нақты критерийлер жоқ. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің консультативтік органы – Қазақстан халқын иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның отырысында қаралды. Жақын арада уақытын және қайта вакцина алатын контингентті анықтай отырып, ревакциналау тактикасы туралы шешім қабылданбақ.
«COVID-19-ға қарсы ревакциналау қазіргі таңда әлемдегі жаңа тәжірибе болмақ. Барлық деректі жинақтағаннан кейін, жақын арада Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның қорытындысынан соң сарапшылар тобы қорытынды береді, біз міндетті түрде хабарлаймыз. Медициналық нысандардың дайындығы тұрғысынан бізде толық дайындық бар, барлық егу пункті дайын, дәрігерлер оқытылған және шешім қабылданғаннан кейін бүкіл ел толыққанды режімде жұмыс істейді», деп түйіндеді А.Цой.
Алдын ала деректер бойынша ревакциналау екінші дозадан кейін 9 айдан соң жүргізіледі. Бұл ретте ревакциналау бірінші кезекте халықтың әлсіз топтарынан тұратын контингенттерге ұсынылады.
Сонымен қатар А.Цой Pfizer вакцинасының қашан жеткізілетіні және балаларды вакциналау туралы айтты.
«Pfizer вакцинасын жеткізу осы жылдың төртінші тоқсанында жоспарланған, кестелер компаниямен тексерілгеннен кейін біз нақты күндерін көрсетеміз. Вакцина алуы тиіс тұрғындардың, атап айтқанда, жас санатына келетін болсақ, біріншіден, Қазақстанда Pfizer компаниясы мәлімдеген тіркеу куәлігі мен нұсқаулықта 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер көрсетілген, олар Pfizer вакцинасын ала алады. Бұл ретте тек ерікті негізде және ата-аналарының келісімімен ғана вакцина салынады. Сондай-ақ вакцина алуы тиіс балалардың жас параметрлері өзгеруі мүмкін. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілген елдердің реттеушілері зерттеу мәліметтерін бекіткеннен кейін біз ресми ұсыныстар аламыз, мүмкін біз де осы тәсілдерді қарастырармыз», деп түсіндірді ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта Pfizer вакцинасының логистикасы мен сақтау мәселелерін пысықтау бойынша іс-шаралар аяқталуда, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен семинар-кеңестер өткізілді. 5 жастан асқан балаларға вакцинаны қолдану бойынша Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer компаниясына сұрау жолдады, бұл туралы ресми ақпарат алғаннан кейін қосымша хабарланады.