• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 28 Қыркүйек, 2021

Қалбаның қос қапталы құтты мекен

1126 рет
көрсетілді

Күміс шыңдары зеңгір көк­пен таласқан түркілердің алтын бесігі – Алтайға ат шал­дыратындар аз емес. Бос­ағасы ала жаздай қонақтардан босамайды. Сөзсіз, сұлу мекен. Дәл сол сияқты суы шипалы Алакөлді аңсап жететіндердің де қарасы көп. Хакім Абай өткен Жидебай өңірін айтсақ, әр тасы тұнған тарих. Тұлғалар туған киелі өңір.

Бұл жерлерді білмейтіндер, әй жоқ-ау. Барып көрмесе де, хабар­дар. Сол үшін де «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» га­зеттерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Атамекен» экспеди­ция­сы көп ешкім біле бермейтін ата­­қоныстарға ат басын бұрды. Сөй­тіп, Қалба сілемдерінің қос қап­­­талын жайлаған Көкпекті мен Ұлан аудандарын аралап шықтық.

Ертістен түстікке қарай созы­лып жатқан Қалба жотасының қой­науы – көненің көзі, сақтардың ізі қалған киелі жер. Зиялы қауым мен журналистерден, фотографтар мен блогерлерден құралған топтың сапары көрікті Көкпекті жері­нен басталды. Тәуелсіздіктің отыз жы­­­лында рухани толысып, асқан асуы­­мыз, шыққан белесіміз аз емес екен. Бірақ келмеске кеткен ке­­ңес кезінде құнды деректердің тоналып, кейбір дәстүрлерден қол үзіп қалғанымызды да байқадық.

 

Киелі Көкпекті

Құлқын сәріде жолға шыққан экспедициямыз тоғыз жолдың то­рабында тұрған Көкпектіге түс болмай ілінді. «Атамекен» тобын бұдан әрі өңірдің өткенін зерт­теп жүрген өлкетанушы Қай­рат Мәлікаждар бастады. Қа­зір­гі Көкпекті ауданы Қал­ба жо­та­сының шығысынан Қара­кезең, Өр­теңтауға қарай созылып жатыр.

Дала жолы. Соңымыздан түбіт шаң қалдырып, Көкпектінің көне кітапханасын бетке алдық. Ол дегеніміз, Биғаш ауылынан 10-15 шақырым жердегі жазықта. Шо­шайған мұнарасы мұнар­тып, алыстан көрінді. Маңайында ел-жұрт шөп жинап жүр. Құба белдің етегінде жалғыз тұрған ке­сенені жергілікті жұрт ықылым за­маннан бері Апырым байдікі деп кеткен. Өлкетанушы Қайрат Мәлікаждардың айтуынша, мазар 1850-жылдары осы төңірек­те өмір сүрген ауқатты шонжар – Апырымға орнатылыпты. Ап­рым бай діни сауатты, бі­лімді адам болған екен. Тірі ке­зінде өзі оқыған кітаптарын кесе­не күмбезіне қоюды аманаттап­ты. Оны көшпенді қазақтар дала кітапханасы ретінде қолданып келген. Өкініштісі, Кеңес өкіметі орнаған соң құнды кітаптардың қиқымын да таппай қалдық. Бай­қағанымыздай, мұнараның ба­сындағы айдың үш-төрт же­рін оқ тесіпті. Қызылдар мер­ген­діктерін сынаса керек. Бәрі­нен де көз қуантарлығы, көне ма­­­зар­дың сыртқы тас дуалы, күм­безі сақталған. Алты қырлы бе­йіт­­тің биіктігі де алты метр­дей. Қор­ғанның сыртынан қайтадан қор­шау салынған. Ай күмбезді ке­­сененің сәулеті өзгеше. Кісі жер­­леген жердің сыртына биік тас­­тан қорған салып, оның үс­тіне 2 метр ағаш діңгектер орна­тылған. Содан соң барып шатыры жабылған. Шатырдың үстіне күм­без тұрғызылған. Ал астыңғы жағынан кітапты апарып қоюға арналған есік жасалыпты. Кесенеге керекті тас пен ағашты алыстан тасығаны анық. Өйткені Апырым бай жерленген кең жазықта түйір тас, бұдыр ағаш жоқ. Қазіргі уақыт­та көне кесенені тарихи ес­керт­кіштердің қатарына енгізу бо­йынша құжаттар жинақталып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Жаз жайлауы Алтай бол­ған­­­дықтан алысқа адамдар кітап із­деп сабылмасын деп кесене ша­ты­рына дала кітапханасын сал­­­ғызған. Ұрпақтары елге ке­рек­ті кітаптарды киізге орап, ке­­­сене шатырына қойып кетеді екен. Оны білетін оқымыстылар кітапханадағыдай керегін алып, қайта апарып қойып отырған, – дейді Қайрат Мәлікаждар.

Күні кеше ғана Өске­меннің орталығына орнатылған букше­ринг дүңгіршектері өткен ға­сыр­ларда Көкпекті даласында пай­да болыпты. Иә, атақоны­сымыздың зерттеле қой­маған тұстары әлі де көп се­кіл­ді. Тарихшылардың пікіріне сүйен­сек, Елеке сазынан табылған бұ­йым­дардың алтыны Көкпекті өңі­рінен жеткізілген көрінеді.

– Анау белдің үстінде мұртты қорғандар бар. Археолог Әбдеш Төлеубаев келіп, көріп кеткен. Қазба жұмыстарын жүргізсе, Бе­рел мен Елеке сазындағыдай құн­ды жәдігерлер табылуы мүмкін, – дейді өңірдің ой-қырын жақсы білетін Қайрат Мәлікаждар.

Яғни таудың табаны толған кеніш. Қалба сілемдері алтын-кү­міске ғана емес, флора-фаунаға, аң-құсқа да бай. Қызыл құмды са­харасымен әйгілі Құлынжон қо­рығы да осы өңірде.

Ендігі тоқтаған жеріміз – Бар­мақ батырдың мазары. Баба басында қол жайып, құран бағыш­та­дық. Қаракерей Қабанбай, Ақболат пен Сатыпалды сынды батыр­лар­мен үзеңгілес болған Бар­мақ ба­тыр Қызылбұлақ шай­қасында ер­лікпен қаза тауыпты. Ол Ақтабан шұбырынды басталмай-ақ, ел ара­сында «батыр» атанған. 1723 жы­лы қазақ жеріне жоңғар­лар шап­қанда Бармақ небәрі жиыр­ма-ақ жаста екен... Бүгінде үш күм­безді кесенесі қоршалып, ал­­дына тақтатасы орнатылған. Зия­­лы қауымның әңгімелеріне құ­лақ түрсек, Көкпекті өңірінен шы­қ­қан билер, батырлар аз емес. Құ­нанбайдың замандасы Тана Тілемісұлының осы өңірде мешіт салдырғанын біріміз білсек, бірі­міз білмейміз. Тана мырза ме­шіті Құлынжон, Бөкен, Тентек өзен­дерінің тоғысып, Ертіске құйған жерінде бой көтеріпті. Ол мешіттің ашылуына Құнанбай он сегіз жастағы ұлы Абайды ерте келіп, құрмет көрсеткен екен.

...Қаракезеңнен асқанда көзі­міз таңбалы тастарға түсті. Жол бастаушы Қайрат Мәлікаждардың есептеуінше, төрт тақтаға қа­шал­ған ұзын саны 119 сурет бар екен. Мұндағы таңбалардың құнды болатын бір себебі – үш дәуірді қамтиды; неолит, ерте қола және қола. Көргендерін журналистер мен блогерлер блокноттарына түртіп алып жүрсе, оператор, фотографтар сәтті ракурстан таспаға тартумен болды.

Күн екіндіге таяғанда «Ата­мекен» экспедициясы Толағай та­уының бауырына ат басын тіреген. Көкпектінің ең биік нүктесінен көк байрақты желбіретпек ниетте Толағайдың ұшар басына қамдандық. Ырымшыл халықпыз ғой. Экспедиция Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы ұйым­дастырылған соң туымыз биіктен желбіреуі керек болды.

«Бес жүз жылдар шамасында

Сонау Ертіс жағасында,

Болған біреу Саржан атты.

Даңқы шыққан мерген екен,

Талай жерді көрген екен,

Сүйіпті жұрт сол қазақты», –

деп басталатын Әбділда Тәжі­баев­тың әйгілі Толағайы осы бол­са ке­рек-ті. Аңыз тау алыстан жа­да­ғайлау көрінгенімен, шапшыма тігіне жеткенде, бірқатары ра­йынан қайтты. Биігіне жеткендері байрақты тік ұстап, «Көк тудың желбірегені» әнін шырқады. Иә, бұл күні ақ тілектер ақтарылды. Аудан басшылары сапарымызға ақ жол тілеп, жүрекжарды лебіздерін білдірумен болды.

– «Атамекен» экспедициясы сапарын біздің ауданнан бастайды дегенде қуандық. Танылмай жатқан жерлерімізді танытып, ту­ризмнің дамуына серпін беріп жат­саңыздар, ауданның дамуына қосқан үлестеріңіз болар еді. Еліміздің киелі, қасиетті жерлерін көрсету мақсатында жолға шыққан сіздерге алғысымыз шексіз, – деді Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейітқанов.

Біздің ендігі бағытымыз Қалба жотасының арғы бетін жайлаған Ұлан ауданы еді...

 

Ұланның ұлы даласы

Тарихи тамыры тереңнен бас­талатын Ұлан ауданының алтын босағасындай болып кеткен Ақбауырға келіп тоқтағанымызда Шығыстың белгілі ақыны, әнші Нұртай Тілеужанұлы домбырасын қағып-қағып жіберіп;

Ал бүгін кезі кеп тұр

шаттанудың,

Тарихи құндылықпен

мақтанудың.

Көненің көзі қалған

жер қойнында,

Белгісі сақталыпты

сақ дәуірдің, –

деп арнау айтып, қарсы алды. Ақ кимешекті аналарымыз шашу шашты. Аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасов пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов Ақбауырдағы таңбалы тастарға қарай жол бастады. 63 гектар жерді алып жатқан Ақбауыр музей-қорығында таңбалы тас­тар ғана емес, кейінгі жылдары сақтардың қоныстарына дейін та­былған.

– Ақбауырдағы қазба жұмыс­тар ата-бабаларымыздың мәдение­ті жоғары болғандығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мекен еткен қоныстарының орнынан қыш құмыралардың сынықтары көп­теп табылды. Кәдімгі ошақтың орны­на дейін сақталған. Ол жерден ұсақ дән­дер де шықты. Оны зерттеуге жі­бердік. Қазба жұмыстарының та­ғы бір ерекшелігі, сүйектен жа­­салған пышақ, біз секілді бұ­йым­дарға тап болдық, – дейді ғы­лыми қызметкер Шұғыла Меделбек.

Демек, Берел жазығынан сақ­тардың жерлеу дәстүрін көрсек, Ақбауырдан қоныстарын, соған қарай тіршіліктерін де көруге болады. Мал баққан, егін еккен, қыш құмыра жасаумен айна­лысқан. Тіпті тастан металл өн­дір­ді деген де болжам бар. Біз­дің байқағанымыз – үйдің бұ­ры­шындағы үш ошақтың орны. Яғни қыштан құмыра жасаған пештері болуы ықтимал. Се­бе­бі қыш құмыра шеттен әке­лін­беген. Зерттеу жұмыстары дә­лел­дегендей, қыштың құрамына жер­гілікті жердің табиғатына тән охра қосылған. Арасына кварц тасты үгітіп, балшықпен бі­ріктірген. Кейіннен осы пештерде күйдірген көрінеді. Барлық табылған жәдігерлер сақтардың отырықшылықпен айналысқанын айшықтайды. Зейнолла Самашев жетекшілік ететін Ақбауырдағы қазба жұмыстары аяқталғанша, тарихи тың деректердің беті ашы­лары анық. Сонымен қатар Қара­бастың етегіндегі Қызылтас қо­рымында археологтер 100 метрлік мұртты қорғандарды зерттей бас­тайды. Алдағы уақыттарда бұл маңайдың бәрі туристердің танымын арттыратын тарихи кешен болады.

Ұланның табиғаты да көр­кем. Қаланың қым-қуыт тіршілігі шаршатса, демалыс күндері тау-та­сын, өзен-көлін, тарихи-таным­дық орын­дарын аралап келуге болады. Демалыс күндері деп отырғаным, Ұлан жері облыс орталығымен қа­наттасып жатыр. Ішкі туризмді дөңгелетуге өте қолайлы аудан. Туризм демекші, өңірге белгілі кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров, Айгерім Абеджановалар Ұлан­ның көрікті жерлеріне «Алтай дәмі» атты бір күндік саяхат ұйым­дастыруды қолға алған. Туристер көрікті табиғатқа тамсанып қана қоймайды, танымын кеңейтіп, бүркіт баптау, тазы жүгірту, сыр­мақ сыру секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен де хабардар болады. Ол үшін Бозанбай ауылын­да ата дәстүрдің қаймағын бұзбай отырған Маркс Наитбан ауласына киіз үй тігіп қойған. Өзі бүр­кіт баптап, тазы жүгіртудің қыр-сырын айтып берсе, жолдасы Шәкерман Ошан ұлттық тағам­дарды алдыңызға тосады. Керек десеңіз, жүн түтіп, киіз басуға дейін көрсетеді.

«Атамекен» экспедициясы отбасылы Маркс пен Шәкерманның киіз үйіне де бас сұқты. Ортадағы жер ошақта құрт қайнап тұр. Далада қар қапалақтап тұрғанымен, үй іші жып-жылы. Төрдегі түлкінің терісімен қатар ілініп тұрған кір­пінің терісіне көзіміз түсті. Сөйт­сек, кірпінің иісіне жылан жуы­майды екен. Бұрынырақта бала­ның бесігіне де байлапты. «Білеріміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» деген осы шығар. Еліміздің қасиет тұнған киелі жерлерін мақсат еткен экспедиция мүшелері қанатын қомдап отырған бүркітті қызықтап, суретке түсті. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдардан дәм татты. Жетпіс жыл ішінде ата дәстүрден алыстап кеткенімізбен, тағанымыз бекіп, көк байрағымыз желбіреген соң сағымданған салтымызды қайта жаңғырттық, жаңарттық.

 

Айта кетерлігі «Атамекен» экс­­педициясы Шығыста мұны­мен тоқ­таған жоқ. Өзге де аудандар­дың ұсыныс-тілектеріне байланыс­ты ал­дағы уақыттарда жалғасын таппақ.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті – Ұлан аудандары