Нұр-Сұлтанда ерлер арасында өткен теннисшілердің аса ірі халықаралық турнирі аяқталған бетте әйелдердің WTA 250 Astana Open деп аталатын дүбірлі додасы басталды. Жүлде қоры 235 000 АҚШ долларын құраған жарыста әлемнің бірқатар мемлекетінен келген танымал ойыншылар өнер көрсетуде.
Айтулы турнир WTA Tour сериясына жататындықтан, оған тек әлемдегі «ТОП-100» ойыншылар ғана қатыса алады. Ал қалғандары іріктеу сынынан өтуге тиіс. Негізгі бәсекеге жолдама алу үшін бірнеше қазақстандық теннисші бақ сынады. Өкінішке қарай, олардың біреуінің де жолы болмады. Атап айтсақ, Татьяна Николенко Наталья Вихлянцеваға, Гозаль Айнитдинова белоруссиялық Юлия Готовкоға, София Чурсина польшалық Урсула Радваньскаға, Дана Байдәулет ұлыбританиялық Кэти Бултерге және Екатерина Дмитриченко украиналық Валерия Страховаға есе жіберді.
Жарыстың негізгі бөлігінде Қазақстанның төрт теннисшісі күш сынасу құрметіне ие болды. Кеше Юлия Путинцева грузиялық Екатерина Горгодземен ойнаса, Анна Данилина франциялық Кристина Младеновичпен сайысқа түсті. Жібек Кұламбаева бельгиялық Элисон Ван Эйтванкке қарсы шықса, Зарина Диас іріктеу сынында топ жарған ойыншылардың бірімен шеберлік байқасады.
Алдағы күндері Astana Open турнирінде жоғарыда есімдері аталғандардан бөлек, чехиялық Кристина Плишкова, аустралиялық Арина Радионова, бельгиялық Гретье Миннен, хорватиялық Ана Конюх, белоруссиялық Вера Лапко сынды есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс ойыншылар кортқа шығады.