Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне құрғақ шөптің өртенгені туралы хабар түскен, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Алматы облысы, Қарасай ауданы, «Іле-Алатау» МҒӨК аумағындағы, Ақсай шатқалынан 8 шақырым жердегі «Радуга» саяжайында болған.
Алдымен 3 га аймақты алып жатқан ағаштар өртене бастады. Өрт шыққан жерге дереу Алматы облысы ТЖД мен Ақсай орман шаруашылығының күштері мен құралдары жіберілді.
«28 қыркүйек күні сағат 09:30-дағы жағдай бойынша шатқалдан әлі де түтін шығып жатыр. Қазіргі таңда ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы өрт жерінде су шашып жатыр. ТЖД күшімен жақын маңдағы аудандық бөлімшелердің қызметкерлерінен, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен қосымша топтар құрылды. Штаб Алматы облысы ТЖД бастығы Асқат Тойчубековтың басшылығымен ұйымдастырылды. Аэровизуалды бақылау үшін ұшқышсыз ұшатын аппараты бар жедел топ-дрон жіберілді», делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 7 техникасы мен 25 қызметкері, Ақсай орман шаруашылығының 70 қызметкері мен 15 техникасы, ҚР ТЖМ 28237 ә/б 50 әскери қызметкері мен 2 техникасы, Қазавиаорманқорғау 10 қызметкері мен ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағының 1 борты және 4 экипаж адамы жұмылдырылды.