ТүркПА Х пленарлық отырысының соңында Түркістан Декларация қабылданды, деп жазады Egemen.kz.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин барлық қатысушыларға қасиетті қара шаңырақ, бүкіл «Түркі әлемінің рухани астанасы» киелі Түркістан жеріне келіп, маңызды жиынға қатысқандарға шын жүректен алғыс білдірді. Сондай-ақ ТүркПА-ның мерейтойлық шаралары бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды парламенттік деңгейде одан әрі нығайтуға арналғанын айтты.
Палата Спикерінің айтуынша, «Түркістан Декларациясы» бүкіл түркі елдерінің Атажұрты, рухани Астанасы киелі Түркістан жерінде қабылданғаны елдер арасындағы достыққа, туыстыққа, сыйластыққа жаңа серпін береді.
«Енді мүше елдеріміздің барлық сала бойынша ынтымақтастығын нығайту, ұйымның халықаралық мәртебесін күшейту, түркі елдер бірлігін тереңдету - осының барлығы алдағы бір жылдың ішінде жұмысымыздың ең маңызды бағыттары болады. Мұрагерлікті сақтап, ТүркПА-ға мүше мемлекеттер аясын кеңейтуге де баса назар аударатын боламыз», деді Палата Спикері.
Осы жиында алғаш рет электрондық сауда, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану және энергетикалық тиімділік, кинематография мәселелері бойынша халықаралық модельдік заңдар қабылданды. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осының барлығы Ассамблея жұмысына жаңа серпін береді.
Палата Төрағасы Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан, Мажарстаннан, Өзбекстаннан келген әріптестеріне, барша халықаралық ұйым мүшелеріне бірлескен табысты жұмыс үшін алғыс білдірді.
Іс-шара барысында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрайымы Сахиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытов, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мұстафа Шентоп сөз сөйледі.
Айта кету керек, Түркістан декларациясының маңызды тармақтары Елбасының тарихи рөлін бекіту, еліміздегі Президенттік саяси реформалар пакетін қолдау, қауіпсіздікті нығайту, COVID-19 пандемиясының салдарымен күреске арналды.