• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қыркүйек, 2021

Жарыс жолында екі теннисшіміз қалды

144 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан WTA 250 Astana Open турнирінің екінші күні Қазақстанның үш теннисшісі кортқа шықты.  Зарина Диас пен Юлия Путинцева жеңіске жетіп, жерігілікті көрермендерді қуантса, Анна Данилина тұсаукесер кездесуінде ұтылды, деп жазады Egemen.kz.

Әлемдік рейтингте 287-орында тұрған 25 жастағы Анна Данилина тым мықты қарсыласқа тап болды. Франциялық Кристина Младенович кезінде АҚШ-тың ашық біріншілігі мен Ролан Гарростың ширек финалында өнер көрсетті. Дәуірі жүріп тұрған кезінде WTA тізімінде 10-орынға дейін көтерілді. Қазіргі кезде ол 62-сатыға жайғасты. Әйгілі спортшыға Данилина әжептәуір қарсылық көрсетті. Десекте 2 сағат 53 минутке созылған сайыс 6:4, 6:7, 6:4 есебімен Младеновичтің пайдасынан шешілді. 

Соңғы кездері елеулі табысымен жанкүйерлерді қуанта алмай жүрген Зарина Диас осы жарыста жасындай жарқырайды деген үмітіміз зор. Әзірге бастамасы жаман емес. Бүгінгі таңда 106-орынды еншілеп отырған ол рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған ресейлік Анастасия Захароваға шаң қаптырып кетті. 2 сағат 53 минутқа созылған шиеленісті бәсекеде 7:6, 4:6, 7:5 есебімен аяқталды. Енді қазақ теннисшісі швециялық Ребекка Патерссонмен шеберлік байқасады. 

Әлемнің 47 ракеткасы Юлия Путинцева грузиялық Екатерина Горгодземен кездесті. 29 жастағы Қап тауы бөктерінен келген бұрымдының бағындырған пәлендей белестері жоқ. Бұл күндері ол үздіктер рейтингінде 162-орынға табан тіреуде. Ортаң қол ойыншыны ұту Путинцева үшін айтарлықтай қиындық туғызған жоқ – 6:1, 6:2. Енді Юлия беларуссиялық Вера Лапкомен кездеседі.

Турнирдің екінші күні өткен өзге кездесулерде мынадай нәтижелер тіркелді: Анастасия Потапова (Ресей) – Лесли Керкхове (Нидерланд) 7:5, 6:1; Ребекка Патерссон (Швеция) – Стефани Фегель (Швейцария) 5:7, 6:4, 6:3; Вера Лапко (Беларусь) – Юле Нимайер (Германия) 7:5, 4:6, 6:4; Жаклин Кристиан (Румыния) – Наталья Вихлянцева 4:6, 7:5; Клара Бюрель (Франция) – Мэнди Минелла (Люксембург) 5:2 (Rt).