Елордада Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайрат Манашевтің 60 жасқа толуына орай бокстан чемпионат өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Чемпионатқа 17 және одан жоғары жастағы 100 боксшы қатысып жатыр.
Біріншіліктің салтанатты ашылу рәсімінде елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев мерейтой иесін құттықтап, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын табыс етті.
«Бұл жарыс елорда құрамасын қалыптастыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, оның жеңімпаздары республикалық және халықаралық жарыстарға елорда атынан қатысады», деді ол.
Әйгілі жаттықтырушы Қайрат Манашев өз сөзінде талантты шәкірттер ұстазының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өмірін ұзартатынын айтты.
«Әр спортшыға жекелеген тәсіл табу қажет, жаттықтырушылар жұмысындағы ең бастысы – шыдамдылық. Шыдамдылық пен еңбек – чемпиондардың құпиясы», деп есептейді Қайрат Манашев.
«Турнирде санитарлық нормалар мен карантин талаптары қатаң сақталады», деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.