Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Мелекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Хантәңірі мұзбалағының туған жері Қарасазда болып, ауыл тұрғындарымен кездесті, сол сияқты музейге ақынның қобызын тапсырды, деп жазады Egemen.kz.
Орталық алаңда алып тұлғаның еңселі ескерткіші ашылды. Мерейтойлық шараларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы қатысты.
«Мұқағали - жырдың асыл қазынасы. Ол - өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Бүгінгі той құтты болсын. Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын», деген Қ.Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып, табыстады.
Атап өтсек, ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн. теңге жұмсалды. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» ЖШС атқарды. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Жалпы ескерткіштің биіктігі – 8,2 м, авторы – сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов.
Ескерткіш орнатылған орталық саябақтағы алаңды абаттандыруға зор мән берілген. Осы мақсатқа өңір бюджетінен 70,1 млн. теңге қарастырылып, аумақ көгалдандырылды, суару жүйесі жүргізілді, жарық шамдары орнатылды, шағын сәулеттік формалар қойылды.