Facebook компаниясы тағы да дауға қалды. Қыркүйекте Wall Street Journal газеті кең көлемді зерттеу жүргізіп, компанияның кей мәліметті қоғам назарынан жасырып қалғанын анықтаған. Мәселен, Facebook Inc өкілдері Instagram әлеуметтік желісінің жастардың өміріне теріс әсер ететінін білген. Бірақ оны жарияламай, құпия ұстап, инстаграмға ешқандай өзгеріс енгізбеген.
Wall Street Journal бүкіл мәліметті Facebook-те жұмыс істеген қызметкерден алған. Компания ішіндегі мәселелерге көз жұма қарай алмаған ол құпия құжаттарды америкалық газетке әкеліп тапсырған екен. Wall Street Journal солардың бәрін зерделеп шыққан.
Wall Street Journal жүргізген зерттеуде компания жіберген қателіктер тізіліп жазылған. Ең әуелі – Facebook өз қолданушыларын алалаған. Рас, компания басшысы Марк Цукерберг талай мәрте әлеуметтік желінің баршаға ортақ екенін, бәріне бірдей жағдай жасалғанын айтқан-ды. Дегенмен іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты.
Мысалы, Facebook «Кросс-чек» немесе XCheck деп аталатын бағдарлама жасап шығарған. Сол арқылы маңызы жоғары аккаунттардың сапасын бақылаған. Wall Street Journal келтірген мәліметке сүйенсек, осылайша XCheck арқылы миллиондаған VIP қолданушыға компанияның жалпыға ортақ ережелеріне бағынбауға мүмкіндік берілген. Бірақ мұндай қадамға барудың кемшілігі бар екенін америкалық басылым жүргізген зерттеу көрсетіп отыр.
VIP мәртебесін иеленген қолданушылар өз артықшылығын теріс мақсатта пайдаланған. Әсіресе, зорлық-зомбылықты көрсететін, жеккөрушілікке шақыратын материалдар емін-еркін жариялаған. Ал Facebook-тің жалпыға бірдей ережесінде мұндай әрекетке тыйым салынған. Wall Street Journal-дың зерттеуінен кейін компания тағылған сынның орынды екенін мойындады. Әйтсе де, бағдарлама ізгі мақсатта жасалғанын, онда жіберілген кемшіліктер түзетіліп жатқанын мәлімдеді.
Мәселен, VIP тізімдегі қолданушылардың бірі коронавирусқа қарсы вакциналар өлімге әкеледі деп әлеуметтік желіге жазған, сондай-ақ АҚШ-тағы Демократтар партиясы педофилдік секта құрған деп жала жапқан. Әдетте мұндай фейк мәліметтердің авторлары Facebook-тен уақытша шеттетіледі.
Ерекше тізімге енгендердің бірі – әйгілі бразилиялық футболшы Неймар. «ПСЖ» клубының шабуылшысы осыдан біраз уақыт бұрын басы дауға қалған еді. Ол сексуалдық қысым жасады деп айыпталған. Кейінірек Неймар сол қызбен WhatsApp-та сөйлескен хабарламаларын, оның жалаңаш суреттерін Facebook-тегі парақшасында жариялаған еді. Әдетте, мұндай суреттер бірден өшіріледі әрі ондай қадамға барған адамның аккаунты өшіріледі. Бірақ Неймар салған фотолар бір күн бойы әлеуметтік желіде тұрған. Футболшының аккаунты жойылған жоқ.
Екінші һәм негізгі мәселе – Instagram желісіне тиесілі. Компания бірнеше жыл бұрын қолданушылар арасында сауалдама жүргізіп, оның тиімділігін зерттеп көрген екен. Сөйтсе, Instagram басқа әлеуметтік желілерге қарағанда адамдарға, әсіресе, жасөспірім қыздарға теріс әсер етеді екен. Компания басшылары мұны білген, әрине. Бірақ қоғамды дүр сілкінтетін ақпаратты жариялаудың орнына құпия ұстаған.
«Жасөспірім қыздардың 32 пайызы дене бітіміне көңілі толмаған кезде Instagram мәселені одан әрі ушықтыра түскен. Өздерін әлеуметтік желінің басқа қолданушыларымен салыстыру – олардың көзқарасы мен болмысына теріс әсер еткен», делінген 2020 жылғы сауалдамада.
2019 жылы жарияланған келесі бір зерттеуде жасөспірім қыздардың үштен бірінің Instagram-ның кесірінен дене бітіміне көңілі толмайтыны анықталған. Сондай-ақ жастар әлеуметтік желі салдарынан мазасыздық пен депрессияға душар болғанын айтқан. Бірақ бұл жастарға ғана тән емес. Ересектер де басқалардың әдемі суретін көргеннен кейін жиі мазасызданып, депрессияға ұшырайды. Бұл аз десеңіз, суицидке бейім қолданушылар өз әрекетін әлеуметтік желіде жасауға ниеті бар екенін жеткізген.
Бұл деректер компанияның ішкі жүйесінде ғана жарияланған. Бірақ көпшілік назарына ұсынылмаған. Бір жағынан бұл түсінікті де. Сауалдама нәтижесі Instagram-ның адам өміріне келтіретін зиянын анық көрсетіп берді. Мұны жарияласа, компания сынның астында қалатын еді. Сондықтан бұл мәліметтерді мүмкіндігінше жасырын ұстауға тырысқан.
Жастар – Instagram желісінің негізгі қолданушылары. Мәселен, 22 жасқа дейінгілердің үлесі 40 пайыздан асып кеткен. Күн сайын АҚШ-та 22 миллион жасөспірім инстаграмды пайдаланады. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, фейсбукке күніне кемі бір мәрте кіретін америкалық жастардың саны небәрі 5 миллион ғана. Жастар Facebook компаниясына жыл сайын 100 миллиард доллар пайда әкеледі. Сондықтан компания үшін әлеуметтік желіден айырылып қалмаған тиімді.
Компания әлеуметтік желінің теріс әсері көп еместігін талай мәрте мәлімдеді. Тіпті АҚШ Конгресінде Cambridge Analitica бойынша сұрақ-жауаптың астында қалғанда да мойындаған емес. Тіпті мәліметтерді академиялық ортадан да жасырып, оны сұраған заңгерлерге де берген емес.
Биыл наурызда Марк Цукерберг АҚШ Конгресіне парламенттік тыңдауға шақыртылған еді. Жиын барысында оған әлеуметтік желілердің балалар денсаулығына әсері туралы сұрақ қойылды. Аталған сұраққа Цукерберг мырза: «Біз жүргізген зерттеулер әлеуметтік желілерді
пайдалану адамдардың психикалық денсаулығына оң әсер ететінін көрсетті», деп мәлімдеген еді. Дегенмен іс жүзінде жағдай басқаша.
Wall Street Journal-дың зерттеуінен кейін АҚШ Сенатының коммерция, ғылым және көлік жөніндегі комитетінде осы мәселеге қатысты тыңдау өткізілді. Сенаторлар Фейсбук компаниясының өкілдерін шақырып, шаңын қағып алды десек артық айтқандық емес. Әсіресе, компанияның мәліметтерді жасырғанын айыптап, зерттеу нәтижелеріне ерекше екпін берді.
«Facebook Instagram-ның дизайны мен алгоритмдері қоғамымыздағы жастарға тигізетін зиянын жақсы білді. Бірақ компания балаларымыздың қауіпсіздігіне емес, тез пайда табуды үнемі басты орынға қояды. Зерттеу – нағыз «бомба» жаңалық. Бұл Facebook әлеуметтік желілердің балаларға зиянды әсері туралы білетінін, соған қатысты деректер мен мәліметтерді жасырғанының бұлтартпас дәлелі», дейді комитеттің төрағасы Ричард Блументал.
Сенатордың айтуынша, Instagram мен Facebook-ті қолдану адамның өз дене бітіміне қатысты теріс көзқарас қалыптастыруына әсер етеді. Әсіресе, әлеуметтік желіге басқалардың әдемі жерлерден салған суреттері мен селфилерін қарау өз өміріне қанағаттанбауын күшейтеді. Оған қоса, лайк пен пікір де адам өміріне қатты әсер етеді екен.
Facebook-ке тағылған сын мұнымен бітпейді. Компания абайсызда зорлық-зомбылықты насихаттайтын, жалған ақпарат тарататын алаңға айналып шыға келген. Бәріне кінәлі – Facebook-тің 2018 жылғы алгоритмі. Марк Цукерберг мұндай қадам парақшадан бөтен адамдардың жазбалары аз көрініп, ет-жақындардың ғана салғандарын жиі шығаруға мүмкіндік беретінін айтқан-тұғын.
Іс жүзінде бәрі керісінше болды. Қолданушылардың назарын аудару үшін жаңалық тарататын парақшалар сенсациялық ақпарат таратуға көшті. Нәтижесінде, желіде мұндай жаңалықтар көбейіп кетті.
Сондай-ақ Facebook енгізген өзгерістер жылы әсер қалдыратын жазбалардың көрінбей, негативке толы посттардың алға шығып кетуіне әкелді. Жаңа алгоритм реакциялы лайк жинайтын жазбаларды алға шығарады. Жоспар бойынша бұл қолданушылардың өзара байланысына жол ашуға тиіс болатын. Алайда бастама жоспарлағандай болып шыққан жоқ.
Мысалы, отбасылық фотоға қарапайым лайк көп қойылады. Ал негативті посттарға басқаша теріс реакциялар басылады. Нәтижесінде, Facebook-тің алгоритмі алғашқысын қызықсыз пост ретінде санап, төменге ысырады. Ал теріс реакциялар жинаған жазбалар қайта-қайта көрінеді.
Әлеуметтік желінің тағы бір осал тұсы мынада. Facebook модераторлары ағылшын тілін білмейтін қолданушылар салған посттарға жеткілікті бақылау жасай алмайды. Соның салдарынан әлеуметтік желіде мексикалық есірткі картелдерінен бастап, Азиядағы адам саудалайтындарға дейінгі қылмыстық ұйымдар қалағанын жазып, Facebook-ті өз мақсатына пайдаланған.
«Суға кеткен тал қармайды» демекші, компания тағылған айыптардың кейбірін мойындағанымен, енді бірін жоққа шығарып отыр. Facebook өзі жүргізген зерттеуді Wall Street Journal дұрыс түсінбегенін алға тартады. Бірақ мұндайға АҚШ-тың сенаторлары алдана қоймасы анық. Осы мәселеге қатысты Конгресте әлі бірнеше тыңдау өткізілмек.