Жақында Ресейдің Пермь университетінде орын алған, одан төрт ай бұрын Татарстан астанасы Қазандағы мектепте болған қайғылы жағдайлар білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті күшейтудің маңызды екенін көрсетті. Бұл оқиғаға бейжай қарамаған елімізде балалар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етудің кешенді іс-шаралары қолға алынып, террористік тұрғыдан осал оқу орындарының қорғалуына баса мән беріліп жатыр.
Жаһандану заманында көрші ел түгілі, әлемнің кез келген тұсында болған оқиғадан сабақ алған маңызды. Өйткені қайбір елдегі қандай да жағдай болсын, елімізде қайталану ықтималдығын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан терроризм сияқты қылмысқа қарсы күрес адамзатқа ортақ мәселе ретінде қарастырылады. Бұл ретте білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жіті назарда болғаны жөн.
Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырып, оқу орындарының әрбір басшысы балаларды қорғау мәселесіне басымдық беруі тиіс екенін айтты.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл мәселе Үкімет отырысында егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктерге тапсырма берілді. Сондай-ақ ЖОО басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту керектігі айтылды», деді министр.
Сонымен қатар ол бұл тапсырмалардың жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуды қамтамасыз ету, ЖОО-ға кіру режімін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу екенін көлденең тартты. «Қазіргі уақытта министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірледі. Осы нормативті-құқықтық актіні талқылау барысында 2 мыңнан аса сұрақ пен ұсыныс келіп түсті. Бұл құжат кейбір азаматтарды алаңдататынын білеміз. Олар дабыл батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдайдағы оқу-жаттығулар өткізуге қарсы екендігін жазды. Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төндірмейтінін, керісінше олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталғанын мәлімдеймін», деді А.Аймағамбетов.
Сондай-ақ ведомство басшысы әрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шарасы қабылдануы қажет екенін, әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөліп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, бейнебақылау камерасын, күзет сигналы мен дабыл батырмасын орнату, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосу, өткізу режімін ұйымдастыру және қауіпсіздік жүйесінің басқа да элементтері қарастырылмақ. Қызметкерлер мен оқушылар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алогоритмін білу қажет. Бұған қоса білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту де басты назарда болады.
Жалпы қазіргі таңда елімізде балалар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету жөнінде бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Үкіметтің 2021 жылдың 6 мамырындағы №305 қаулысымен террористік тұрғыдан осал (ТТО) объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар бекітілді. Жергілікті атқарушы органдардың ішкі істер органдарымен келісуі арқылы білім беру ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда ТТО объектілерге білім алушылар мен персоналдың нақты саны жүз және одан көп білім беру ұйымдары жататынын атап өткен жөн.
Биыл маусым айының соңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде террористтік тұрғыдан осал санатына жатқызылған 8,8 мыңнан аса білім беру нысаны бар екенін мәлімдеген еді. Олардың саны осы жылдың сәуір айында Үкіметтің тиісті қаулысының қабылдануымен 2,3 мыңға артты.
«Қазандағы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, Қазақстанның оқу орындарында барлық жалпы білім беретін мектептерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді, бірқатар кемшілік анықталды. Мектептер 100% бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Бірақ оның жартысына жуығы стандартқа сәйкес келмейді. Жұмыс істемейтін, тоққа қосылмаған және дұрыс орнатылмаған камералар бар. Осындай кемшіліктер Қарағанды облысында көп тіркелген. 505 мектептің 84%-ында тиісті бейнекамера орнатылмаған. Түркістан облысындағы 889 мектептің 69,7%-ында бейнекамералар техникалық параметрге сай емес. Мектепке кіретін және шығатын есікте, әр қабатта, аулада камералар тұруы керек. Одан бөлек Жедел басқару орталығына камералардың біразы қосылмаған. Еліміз бойынша тек 1 085 мектеп қосылған. Мұндай проблемалар Шымкент, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында бар. Жергілікті жерлерде мектептерді шұғыл дыбыстық және сигналдық хабарлау жүйелерімен жабдықтау мәселелері де толық шешілмеген. Олар әр үшінші мектепте ғана бар. Мұндай жүйелер қауіпті немесе дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде, балаларды эвакуациялау немесе ішкі бөлмелерге бөгде адамдардың кіруіне тосқауыл қою үшін дереу дабыл беру қажет болған кезде керек. Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарындағы мектептер сигнал беру жүйелерімен жабдықталмаған. Барлық жерде «дабыл түймелерін» енгізу қажет. Олар белгілі бір жерде болуы керек. Бұл кез келген қауіп-қатер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде күзет ұйымдарының орталықтандырылған бақылау пульттеріне жедел дабыл сигналын беруге мүмкіндік береді. Алайда мұндай «дабыл түймелері» мектептердің 9,3%-ында ғана бар», деді Е.Тұрғымбаев.
Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев Үкіметтің жоғарыда аталған қаулысын іске асыру үшін ТТО объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленгенін айтты.
«Нұсқаулық бекітілгеннен кейін террористтік тұрғыдан осал ведомстволық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі жол картасы әзірленеді. Оқу жылы ішінде педагог қызметкерлер мен оқушыларды төтенше жағдайлар қауіпсіздігін, террористтік қатерді қамтамасыз ету қағидаларына оқыту және білім беру ұйымдарында штаттан тыс жағдайларға ден қою бойынша жыл сайынғы оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. «Білім туралы» Заңы аясында білім беру ұйымдарында және олардың аумақтарында пайдалануға тыйым салынған және енгізуге шектелген заттар мен заттардың тізбесі бекітілді. Көрсетілген норма қауіпсіз және жайлы оқу ортасын құруға мүмкіндік береді, кәмелетке толмағандардың заңға бағынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға, құқық бұзушылық фактілерін немесе қоғамға қарсы іс-әрекеттерді анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ балалардың денсаулығына зиян келтірудің алдын алуға жәрдем көрсетеді. Сонымен қатар Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 29 отырысының қорытындысы бойынша қазіргі уақытта ішкі істер органдарымен бірлесіп білім беру ұйымдарының ТТО объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізілуде», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.
Сондай-ақ Е.Иманғалиев қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар Мамандандырылған күзет қызметін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ТТО объектілеріне жататын білім беру ұйымдарын қорғауға лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарына ғана рұқсат етіледі. «Күзет қызметі туралы» заңға сәйкес күзет қызметтерін көрсетуді жеке күзет ұйымдары жүзеге асырады. Күзетуді жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке күзет ұйымдары үшін біліктілік талаптары заңнамалық түрде қатаңдатылды. Сонымен қатар жеке күзет ұйымының күзетшісі лауазымына 19 жасқа толған және күзетшiнiң арнайы даярлығынан өткен азаматтар қабылданады. Жеке күзет ұйымында күзетші лауазымын атқаратын қызметкерлер мамандандырылған оқу орталығында даярлау және біліктілігін
арттырып отырады. Төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ету үшін күзетші лауазымының біліктілік талаптары, оның ішінде радио байланыстың және қызметтік қару саласында жұмыс тәжірибесінің болу міндеттілігі жоғарыда аталған қолданыстағы заңнамада айқындалған.
Жалпы Пермь университетінде болған қайғылы оқиға еліміздегі жоғары оқу орындарының қауіпсіздігін қайта пысықтауына ықпал етті. Мысалы, елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі оқу орнында қауіпсіздік шараларына баса мән берілетінін хабарлады.
Бізге берілген мәлімет бойынша, ЕҰУ-дің Кешенді қауіпсіздік және бақылау қызметінде 109 адам жұмыс істейді. Басшы және оның орынбасарынан бөлек 62 бақылаушы, 5 аға бақылаушы, 38 бақылаушы-вахтер және штаттық кесте бойынша бір-бірден оператор, аға оператор, видео оператор бар. Қауіпсіздік қызметінің бейнебақылау қызметкерлері бейнебақылау камераларын ұдайы қадағалап отырады. Барлық оқу ғимаратында рұқсатнама тексеру сапасын арттыру үшін қосымша 2 бақылаушы қызметкерден қойылған. Түнгі уақытта студенттік үйлердің ауласы 2 кезекшілік ауысыммен бақылауға алынады. Сондай-ақ университеттің Азаматтық қорғаныс және еңбекті қорғау қызметімен бірлесе төтенше жағдай бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Күзет қызметі учаскелік полиция инспекторымен әкімшілік құқық бұзудың алдын алу шаралары бойынша жиі жұмыс жүргізіп, университет аумағына кіретін барлық автокөлік бақылау бекеті арқылы жіберіледі және тексерістен өткізіледі.
Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ішкі қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, оқу орнының ғимараттарының терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай үлгіге сәйкес паспорт жасақталған, терроризмге және экстремизмге қарсы әрекет етудің негізгі іс-шаралар жоспары бекітілген.
«Биыл университетте Атырау облысы Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы уәкілінің қатысуымен лаңкестікке қарсы қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша теориялық сабақ өткізілді. Университеттің оқытушы-қызметкерлері, студенттер және келушілер үшін 2 бақылау-өткізу бекеті қарастырылған. Бекеттер турникеттер мен бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Оқу орны аумағында барлығы 297 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 230-ы ғимарат ішінде, ал 67-сі сыртында орнатылған. Ғимарат сыртындағы 23 бейнебақылау камерасы Атырау облысы Ішкі істер департаментінің «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосылған», делінген университет хабарламасында.
Білім ошақтарында қадағалау жұмыстарын күшейтумен қатар психологиялық жұмыстарға да мән берген жөн. Өйткені әлгі қайғылы оқиға болған университетке қатер өз ортасынан келді. Өзі оқитын оқу ордасында оқ жаудырған студент мұндай әрекетке барардан бұрын ойын жасырмай әлеуметтік желіге жазған да екен. Бірақ мұнысы сандырақ саналып, дер кезінде назарға алынбаған. Сондықтан бұл жағдайдан да сабақ алу қажет. Яғни әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, психологиялық жұмыстарға ден қою керек. Жан-жақты қамтамасыз етілген қауіпсіздік қандай да қатердің алдын алады деп сенеміз.