Түркістан мен Қызылорда облыстарының шекарасында экспедицияның қызылордалық мүшелерін танымал жазушы, «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» Халықаралық сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұт, К.Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалиев, Түркістан облысының үздік жазушысы номинациясының иегері Абылай Есімбай, сонымен қатар Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков пен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дінмұхамед Жақыпбеков бастаған, құрамына бірқатар ақпарат құралдарының өкілдері кірген топ дәм-тұз ұсынып, құшақ жая қарсы алды.
«Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы тілшісі Мұрат Жетпісбаев бастап келген делегация мүшелеріне жазушы Мархабат Байғұт «Түркілер төрі Түркістан» атты кітабын сыйға тартты.
Сан ғасырлық Сауран
Түркістан – кие қонған мекен. Әрине Түркістан десе, алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еске түсетіні белгілі. Дегенмен бұл киелі мекенде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа да қастерлі орындар көп-ақ. Қазіргі таңда Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейінің құрамында Түркістан және Кентау қалалары аумағында 100-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Кең байтақ еліміздің тарихи-мəдени жəне туристік əлеуетін кеңінен көрсетіп, насихаттау мақсатында жолға шыққан «Egemen Qazaqstan» жəне «Казахстанская правда» газеттері қызметкерлері, облыс əкімдігі, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің сапары алдымен Сауран ауданынан басталды. «Ақпараттық-танымдық экспедицияның мәні ата-бабалар аманаты тұрғысынан қарағанда да, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдары тұрғысынан қарағанда да өте маңызды. Құдайға шүкір Қазақстанға осыншама кең байтақ жер берген, Алла тағала. Ата бабаларымыздың аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ. Сол аманат, сол идеяны, сол мұрат-мақсаттарды жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін, қазіргі ұрпақтың келешегі үшін осындай экспедициялардың мәні өте үлкен», дей келе жазушы Мархабат Байғұт экспедиция мүшелеріне ақ жол тілеп, ақ батасын берді.
Экспедицияның Сауран ауданынан басталуының өзіндік себебі де жоқ емес еді. Жаңадан құрылған аудан тарихи жәдігерлерге бай. Еліміздегі ең көне қалашықтардың бірі саналатын Сауранның әлі ашылмаған сырлары мол. Біраз уақыттан бері мұнда ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сауран ауданында қарт Қаратау мен Сырдария өзенінің арасында туристердің қызығушылығын арттыратын тарихи орындар, табиғаты жанға жайлылық сыйлайтын саялы жерлер аз емес. Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 30-40 шақырым жерде орналасқан Сауран туралы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. XVI ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 метр дөңгелек алаң. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII–XVIII ғасырларға жататынын дәлелдейді. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар еліміздің оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. Қазба материалдары жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтергенін білдіреді. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Ашық даладағы жазық жерге салынған шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде мешіт, медреселер салынды. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша, осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Кәріздердің басы да сол маңнан басталады.
Экспедиция кезінде ұсынылған деректерге жүгінсек, шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін темір жолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылған. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде табылған қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қураған қаңқалары да кездескен. Қазіргі таңда тарихи қала қорған қамалмен қоршалған. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қамалының ұзындығы – 2 360 метрді құрайды. Қамалдың сыртында тереңдігі 1-3 метр, ені 15-20 метр болатын ор іздері сақталған. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей ету жұмыстары жүргізілуде. Сауран қалашығының тарихына қаныққан экспедиция мүшелері жаңа ауданда қолға алынған және жоспарланған жұмыстар жөнінде де мәліметтер алды.
Аудан әкімі Ғани Рысбеков тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бүгінгі заман талабына сай емхана, аурухана ғимараттары керектігін айтады. Сол секілді бұқаралық спортты дамыту, білім саласын одан әрі жетілдіре түсу бағытында кешенді жобаларды іске асыру үшін әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады.
Түркілер төрі Түркістан
«Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясының өкілдері Сауран ауданына сапарынан соң күллі түркі жұртына ортақ қасиетті Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етті. Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан жерінде тамыры тарих болып таралған тұлғалар рухына құран бағыштаған экспедиция мүшелері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тыныс-тіршілігімен танысты.
ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген, ХIV ғасырда әйгілі әмірші Әмір-Темірдің бұйрығымен тұрғызылған, тарихи жәдігер уақыттың талай сынына төтеп беріп, қазірге дейін сақталды. 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде, кейіннен ХІХ ғасырдың орта тұсында Қоқан хандығы мен орыс патшасы әскерінің шабуылдары тұсында зақымданған болатын. Қорық-музей қызметкерлері айтқан дерек бойынша, кесенеде 300-ден аса тарихи тұлға, олардың қатарында қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатыр. Соңғы жылдары отандық туризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, Қ.А.Ясауи кесенесінің мән-маңызы ерекше артып келеді. Бұл орайда 2025 жылға қарай тарихи кешенге жыл сайын 2,5-3 миллионға жуық турист келеді деп күтілуде.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен қол созым жердегі Күлтөбеге келген экспедиция мүшелері көне қалашық тарихына қанықты. Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі – 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХ ғасырларға тән қыш-құмыралар, басқа да түрлі құнды жәдігерлер табылған болатын. Биыл «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қала жұртына кешенді түрде археологиялық қазба, консервация және реставрация, жартылай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әлі де ашылмаған тарихи сырларды зерттеп, анықтау, ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы ұсынған Күлтөбе қала жұртындағы маңызды тарихи орындарды сақтау және қалпына келтіру басты назарда. Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы моңғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі. Ғылыми қызметкерлердің пікірінше, Күлтөбе қалашығынан екі мыңжылдықтағы тарих пен мәдени сабақтастықтығының болғанын көруге болады. Қалашық ежелгі Ясы қаласының бір бөлігі болғандықтан, ЮНЕСКО сарапшылары консервацияға және ішінара қалпына келтіруге жататын нысандарға ерекше назар аударды. Сарапшылардың мәліметіне қарағанда, олардың ішінде бірнеше әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, жер иеленушілер, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері бар. Күлтөбе қалашығындағы алғашқы археологиялық зерттеулер 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың бастамасымен қолға алынған екен. Кейін археологтер бұл қалашықтың ежелгі Ясы қаласының ең көне бөлігі екенін дәлелдеді. Аймақтан табылған «крест тәрізді» ғибадатхана және б.з. бірінші ғасырлармен белгіленген бірқатар сәулет құрылыстарын анықтау Ясы қаласының құрылу уақытын жарты мыңжылға жылжытуға және Ұлы даланың тарихи-мәдени ландшафтын қалыптастыратын көптеген аспектілерді қайта қарауға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан Түркістанда туристерге, зиярат етушілерге «біздерде мынадай бар» деп мақтан ете көрсетер нысандар көп. «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедиция мүшелері соңғы өзгеріс, яғни кесене маңын жарықтандыру жобасын көруді қалады. Яғни түнгі Түркістанның тыныс- тіршілігін тамашалады.