«Қазақстан-2050» Стратегиясы – іргелі істер бағдарламасы
«Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік.
Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
ХХІ ғасыр. Ғалымдар бұл ғасырды жаһандану дәуірі деп атап жүр. Қоғам үшін мұның зияны көп пе, пайдасы көп пе дегенге таласпай-ақ қоялық. Бір білетініміз, жаһандану – ерекшелікті түбегейлі жоятын құбылыс. Иә, ол әлемдегі ең ұлық, ең мықты деген мәдениетті ғана мойындайды және де осыны бүкіл өркениетке сіңдіріп бағуға тырысады. Сонымен, қазір кімнің мәдениеті үстем?! Кімнің өмір сүру салты жаппай үлгі ретінде танылып, адамзатқа таңылып жатыр?! Батыс жұрты, алпауыт елдер өздеріндегі мәдени болмысты бүкіл елге түбегейлі енгізуге пейілді. Сол үшін де, «Американдық арман» немесе «Парижді көріп, өліп кетсем арман жоқ» деген тәмсілді таратып-ақ жатыр. Батысқа кірмейтіндерге не қалады?! Қабылдау, сол батысша ғұмыр сүру ме, әлде өзіндік ерекшелікті сақтап қалу әрі өзгеге осы ерекшелікті таныстыру ма?! Міне, қазіргі толғандырар мәселенің бірі осыған келіп тірелуде. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ұлттық мәдениетті жандандыруға жіті көңіл бөліп келеді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» ұлттық жобасын қабылдады. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты сан ғасырлық ұлттық құндылықтарымызды, көнеден жеткен археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени, рухани және материалдық жауһарларымызды жинақтап, зерттеп-зерделеуді, өскелең ұрпақтың санасына сіңдіруді, ғасырлар бойы бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әр адамның бағалай білуін қамтамасыз ету еді. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек», деп мұндай жетістіктің оңай жолмен келмегенін, мұны ұстап тұру одан да қымбатқа түсетінін айтып өтті. Тәуелсіздіктің арқасында Сарыарқаның сайын даласында әсем қала елордамыз – Астана бой көтерді. Аз ғана уақыт өтсе де Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырған Астана талай тарихи оқиғалардың куәгері болып үлгерді. ЕҚЫҰ саммиті, 7-ші қысқы Азиада ойындары тарих беттерінде елорданың атымен жазылып қалды. Ендігі жерде Қазақстан, оның ішінде Отанымыздың жүрегі саналатын шаһар үшін тағы бір сын сағаты туып тұрғаны белгілі. Ол 2017 жылы өтетін халықаралық «ЭКСПО» көрмесі. Еліміздің өткені мен бүгінін айшықтайтын Ұлттық музейді ашу идеясы да 2011 жылы Елбасы тапсырмасымен қолға алынғаны мәлім. Мұндай дүниежүзілік дүбірлі сәттерде елімізді төрткүл дүниеге паш ететін ұлттық музейдің елордада бой көтеруі өте қуантарлық жағдай. Сәулеті мен сәні келіскен ғажап ғимарат сырттай қараған адамның назарын аудартпай қоймайды. Бүгінде музейді ашуға әзірлік жұмыстары аяқталуға жақын. Ұлттық құндылықтарды заманауи жаңа сапада ұсыну үшін қажет мүмкіндіктің бәрі жасалған. Музей жаңа технологиялармен жабдықталған, Қазақ елінің арғы-бергі тарихын түгел дерлік қамтыған халықаралық дәрежедегі маңызы зор ірі мәдени ошақ болғалы тұр. Оның өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Мысал үшін айтатын болсақ, біріншіден, мұнда қазіргі заманның жоғары технологиялары қолданылатын болады. Олар жәдігерлердің ерекшелігі мен айрықша тарихи орнын халыққа нақты дерек, дәйектермен таныстыруға құрылған. Көне заман мен орта ғасырлар мұрасы табиғи үйлесімділікпен жаңғыратын болады. Екіншіден, этнография, ұлттық қолданбалы өнер, мүсін, көркемсурет, кескіндеме туындылары тарих пен қазіргі заманғы талғамға сай сабақтасып, біртұтас рухани дүниеге айналады. Кіре берістен төрге дейін салтанат пен рәсім сипаты айқындала түседі. Үшіншіден, мұнда мәдениет пен ғылымның, мемлекетшіл сана мен елдік тәлім-тәрбиенің, отаншылдық пен жасампаздық рухының бір арнаға тоғысатыны үлкен мерей. Үкіметтің «Ұлттық музей қорын құру туралы» ережесінде: «...Ұлттық музей қорының қазыналарын сақтап, еселей түсу – бүкілхалықтық іс, мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, барлық лауазымды адамдардың міндеті, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы» деп көрсетілген болатын. Қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерген тарихи тағылымы, мәдени мұрасы, ғылымы мен өнері және бүгінгі даму қарқыны сан қырлы екені белгілі. Бүгінгі күні Ұлттық музейді ашу жұмыстарына еліміздің көптеген азаматтары жұдырықтай жұмылып атсалысуда. Қазақтың дарқан даласының әр аймағы өзіндік мәдени ерекшелікке бай екенін айқын бағамдату мақсатында музейге еліміздің түрлі өңірі тарихи жәдігерлер ұсынуда. Сонымен қатар, аймақтардағы түрлі сала ғалымдары да тарихымыз бен мәдениетіміздің айшықты көріністері туралы мәліметтер жинақтау ісіне қол ұшын беруде. Музейлермен қатар, университеттер, ғылыми институттар, орталықтар мен әр деңгейдегі облыстық басқармалар, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары музей экспозициясына қатысты мәліметтер қорын саралап, жинақтау жұмыстарына белсене қатысуда. Мұндай жалпы ұлттық мерейлі жобаны жүзеге асыруда музей мамандары айтарлықтай жұмыстар атқарып жатыр. Олар аймақтарды аралап материалдар жинауда қыруар іс тындырды. Облыстық өлкетану музейлерімен тығыз байланыс орнатылуда. Өңірлерге сапар кезінде тарихи жәдігерлермен қатар, тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістіктерінің айғақтарын, экономикалық жетістіктерін баяндайтын бейне және фото материалдардың едәуір қоры жинақталды. Айта кететін тағы бір жайт, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасының барысында атқарылып жатқан жұмыстардың жетістіктері туралы мәліметтермен де музей қоры толығуда. Музейдің экспозициялық залдарын безендіру жұмыстарына кореялық компаниямен бірге еліміздің танымал музей мамандары, атақты ғалымдар қамтылған. Олар бүгінгі таңда әлемдік соңғы технологиялармен жасақтау жұмыстарымен айналысуда. Музейдегі мамандар ұлан-ғайыр атырапта көшпелілік пен отырықшы өркениеттердің дәнекері саналатын, көне заманнан бері тіршілік көзіне айналған кең-байтақ қазақ даласының кереметтерін, тарихи мұрасын, рухани және материалдық мәдени, табиғи байлықтарын ғылыми негізде қолдануға бар күштерін салуда. Қала өркениеті мен көшпелілер өркениетінің үнқатысу алаңы саналған Ұлы Қазақ даласының сарқылмас қазынасы қашаннан мәдени мұрасы болып келгені мәлім. Ұлттық мұраларымызды бүкіл әлемге паш ететін Ұлттық музейдің алдағы арқалар жүгі Алатаудай асқар екенін білеміз. Осы мақсаттағы іс-шараларды жұдырықтай жұмылып атқарсақ, бұл жоба Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ» Жолдауындағы «еліміздің темірқазығы саналатын – Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы қадамдардың бірі болып қалары сөзсіз. Талғат АБЫЛҚАСЫМОВ, Ұлттық музейдің ақпараттық технологиялар және баспа жұмысы секторының басшысы. АСТАНА.