Қазақстанның бұрынғы көлік және коммуникация министрі Серік Әлигужинов дүниеден озды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымы «ҚР автокөлік қызметкерлері одағы» Басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының бұрынғы Көлік және коммуникация министрі Серік Қарабатырұлы Әлигужиновтың отбасы мен туыстарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Серік Қарабатырұлы 3 қазанда қайтыс болды», делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Серік Әлигужинов 1944 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ол Павлодардағы №2564 автоколлона механигінен Көлік және коммуникация министріне дейін көтерілген. Министрлікті жаңа астанаға көшіру кезінде басқарды, көлік және байланыс саласында жүйе құрушы кәсіпорындар құрылуының негізін қалады.
Зейнетке шыққаннан кейін Серік Қарабатырұлы ҚР автокөлік қызметкерлері одағын басқарды. Еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін КСРО халықтары достығы орденімен, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында қосқан еңбегі үшін Павлодар қаласының Құрметті азаматы атанды.