• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2021

Өркендеген Өскемен

705 рет
көрсетілді

Мемлекеттің мерейі мығымдығында болса, оның алғышарттарының бірі – қуатты өңірлер, дамыған қалалар. Тәуелсіздіктің 30 жылында Өскемен өндірісін өрлетіп, экономикасы мен руханиятын өркендете отырып, болашаққа нық қадам басты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев металлургтер қаласына ерекше ілтипат танытып, көптеген жобаны қаржыландырып, ірі нысандарды өз қолымен ашқан.

 

Қала ішіндегі қала

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Ер­тіс­тің сол жағалауында маңызды әкім­ші­лік, әлеуметтік ғимараттар бой көтерген, жүз­деген тұрғын үйлер салынған тұтас ша­­ғын қала пайда болды. Қаланың бұл бө­лі­гінде бүгінде 70 мыңға жуық жан тұ­ра­ды. Жалпы, халық саны тоқырауларға қа­ра­­мастан көбейе түсіп, бүгінде 400 мыңға жа­­қындады.

Соңғы 10 жылдың көлемінде 19, 20, 21, 22 сынды бірнеше жаңа шағын аудандар бой көтерді.

Көпқабатты үйлерден тұратын 19-шы ­шағын ауданның өзінде 20 мыңнан астам адам тұрады. Сонымен қа­тар мұнда облыстық сот, Бас прокуратурының Құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы, облыстық Қан о­р­та­лығы, Ана мен бала орталығы, бірнеше мектеп пен балабақша орналасқан. Келер жылы қолданысқа беріледі деген жоспармен Қазақстанда теңдесі жоқ, халықаралық стан­дарт­тарға сай Гемотологиялық орта­лық салынуда. Сонымен қатар бұл шағын аудан­да тағы бірнеше білім беру нысандары, көпқабатты тұрғын үйлер қолданысқа бе­ріледі.

Соңғы бес жылдың көлемінде қалада тұр­ғын үй кешендерінің саны артып келе­ді. Ертістің жағалауына жақын жерден Ertis City тұрғын үй кешені бой көтерсе, театрдың жанынан Park City, «Нұрлы жол» кешендері еңсе тіктеп келеді. Бұл тұрғын үйлер толық кешен болмақ. Мұнда бірінші қабатта түрлі коммерциялық ны­сан­дардың болуымен қатар үйлер көп шо­ғырланған жерлерге мектептер мен бала­бақ­шалар, емхана салу жоспарланған.

Жалпы, облыс орталығында коммер­ция­лық үйлер салу үрдісі күшейіп келеді. Былтырдың өзінде жекелеген құрылыс компаниялары салған 9 тұрғын үй қолданысқа бе­ріл­се, биыл 39 тұрғын үй салынуда.

Жалпы, тәуелсіздік туын тіккеннен бері қа­ла­мызда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Осы уақытта ондаған әлеуметтік нысан са­лынса, жалпы аумағы 2,5 млн шаршы метр болатын тұрғын үй қолданысқа бе­ріл­ген. Бұл дегеніміз 40 мыңнан астам пә­терлер мен жекеменшік тұрғын үйлер. Бас­тысы, пәтерлердің басым бөлігі баспанасы болмаған жандарға берілді. Қаладағы қарқынды тұрғын үй құрылысы 2019-2020 жылдары ұзақ уақыт кезекте тұрған 750 отба­­­сын пәтер иелері атандыруға мүмкіндік берді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2008-2018 жылдар аралығында, яғни 10 жыл­да жалпы саны аталған санаттардағы отба­сыларға бар-жоғы 834 пәтер берілген екен.

Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік ны­сандар салғанда, саябақтар мен аллеялар­ды абаттандырғанда, ойын алаңдарын ор­натқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы «Тең­герімді аумақтық даму» ұстанымына сай «шетсіз қала» қағидасы басшылыққа алы­нып келеді.

 Заманауи әлеуметтік нысандар қаласы

Өскемендегі қарқынды құрылыстың өзегін құрайтын бағыт – әлеуметтік нысандар салу. Тәуелсіздік жылдары қалада 60-тай білім беру нысаны ашылған. Осы ара­лық­та 15-тен астам денсаулық сақтау сала­сының ғимараттары бой көтерсе, 10-нан астам ауқымды спорт нысаны спортсүйер қа­уымға есіктерін айқара ашқан. Әлеу­мет­­тік саланың жүздеген ғимараты қа­зір­гі талаптарға сай жөнделіп, заманауи құ­рал-жаб­дықтармен және техникалармен қамта­ма­сыз етілген.

 Білім беруге баса назар аударылған

Еліміздің ертеңі – білімді ұрпақ. Сон­дық­тан білім саласы ерекше назарда. Жоғарыда аталғандай өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында ашылған 60-қа жуық нысанның ішінде На­зар­баев зияткерлік мектебі де бар. Соңғы уа­қытта жылда жаңа мектеп немесе ба­ла­бақ­ша ғимаратын ашу үйреншікті үрдіске айналып отыр. Жақын жылдары қаланың түрлі аудандарынан тағы төрт мектеп салып, бірнеше балабақша ашу жоспарда бар.

Былтыр Жұмыспен қамтудың жол карта­сы­ аясында, биыл мектептерді жан басына шаға отырып қаржыландырудың не­гі­зінде қаланың 42 мектебі, 24 бала­бақ­шасы және 20-дан астам аула клубы жа­ңартылып, жөнделді. Айта кету керек, бұл нысандардың көбіне 50 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген еді. Мек­теп­тердің барлығында мемлекет-жеке­ше­лік әріптестігі шеңберінде асха­налар жаң­ғыртылды.

 Жаңа медициналық нысандар бой көтерді

Адамның алғашқы байлығы – денсау­лы­­ғын сақтап, нығайтуға облыс әкімі Даниал Ахметовтің жіті бақылауымен жал­пы, Шығыс Қазақстанда ерекше көңіл бө­­­лін­се, оның ішінде Өскеменнің орны ерек­ше.

Тәуелсіздік жылдарында Өскеменде 15 жаңа медициналық нысан салынған екен. Соң­ғы он жылда қолданысқа беріл­ген­де­рі­нің қатарында облысқа қызмет көр­се­те­тін Қан орталығы, Ана мен бала орта­лы­ғы, оңалту орталығы, заманауи пуль­мо­но­ло­гиялық орталық бар.

Жоғарыда аталғандай, келер жылы Қа­зақ­станда теңдесі жоқ жаңа гематологиялық орталық қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Онда жасушалық және гендік-ин­женерлік технологияларды пайдалана оты­рып, ең жаңа бірегей жабдықты орнату көз­делген.

Соңғы жылдары медициналық қыз­мет­тердің сапасы жағынан да кең қадам жа­са­дық. Заманауи жабдықтар пайда болады. Бес жылдан бері біздің дәрігерлер еуро­па­лық ауруханаларда білімдерін шың­дап, тәжірибелерін ұштап келеді.

Облыс орталығында заманауи құрыл­ғы­лар ­да жеткілікті. Көпбейінді онколо­гия және хирургия орталығы, Шығыс Қа­­зақстан облыстық фтизиопуль­мо­но­ло­гия орталығы, Ана мен бала орта­лы­ғы, об­лыстық мамандандырылған меди­ци­на­­лық орталығы, №4 қалалық аурухана үшін желілік үдеткіш және 7 өкпені жа­сан­­ды желдету аппараты сатып алынды. Бұл ме­дициналық қызмет көрсету жағ­дайын жақ­сартуға, өкпе ауруларымен сыр­­қат­тану және одан болатын өлім-жітім көр­сет­кіштерін төмендетуге мүмкіндік береді.

 Спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған

Ел егемендігін алғалы мәдениет және спорт саласында айтарлықтай жұмыс атқа­рыл­ды. Сәтбаев даңғылының бойында ірі спорт кешені бой көтерді. Атап айтсақ, Рыпакова манежі, орталық бассейн, Жекпе-жек сарайы есігін айқара ашты. Ертіс жа­ға­сындағы Самал саябағында BMX кәсіби ве­лотрегі жасақталды. Жуықта теннис орта­лығының құрылысы басталды. Қысқы спорт түрлері үшін екі мұз айдыны бар. Ал Борис Александров атындағы спорт сарайы қайта жаңартылды.

Аблакетка, Защита, Жібек маталар комбинаты, Меновное шағын аудандарында StreetWorkout алаңы ашылса, қалада жалпы 10 шақырым веложол салынды. Алдыңғы жылдары Самал табиғи-спорттық паркі пайдалануға берілді. Иен жатқан Ертіс жа­ғалауында серуендеу аймағы, жүгіру және велосипед жолдары, спорт және балалар ойын алаңдары, жағажай аймағы, та­мақтану пункттері, үлкен автотұрақ ұйым­дас­тырылған.

Стахановская көшесіндегі дене шы­нық­­тыру-сауықтыру кешеніне күрде­лі жөндеу, «Алтай» және «Восток» спорт стадиондарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Онда қалалық қана емес, сонымен қатар облыстық ауқымдағы спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Бұқаралық спортты дамыту бойынша AulaFit бағдарламасы іске қосылған. Оның шеңберінде тұрғындар тәжірибелі жаттықтырушылардың нұсқаулығымен өз аулаларында спортпен айналыса алады. Бұл сабақтар волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, жалпы дене шынықтыру және т.б. спорт түрлері бойынша 10 спорт алаңында өткізіледі.

 Мәдениеті мен руханияты дамыған қала

Елді өзгерту үшін мәдениетті дамыту қажет. Осы ұстанымды ерекше есте ұстай отырып, мәдениет нысандарын салумен қатар дағдарыс жылдарында кәсіпкерлердің қолына өткен ғимараттар мемлекеттік мен­шік­ке қайтарылды. Олардың қатарында біре­гей сәулеті сақталған Металлургтер мә­дениет сарайы бар. Ертістің сол жаға­ла­уынан зәулім театр салынып, орыс және қазақ труппаларына қызмет етіп келеді.

Сонымен қатар осы сол жағалауда тәуел­сіздіктің екінші он жылдығында негі­зі қаланған, Өскеменнің ғана емес, жалпы Шығыс Қазақстанның мақтанышына ай­налған мол мәдени мұраны паш ететін этносаябақ орналасқан.

Бабаларымыздың рухы асқақтасын де­ген ниетте Қабанбай батырға, Абай Құ­нан­байұлына, Жамбыл Жабаевқа, Оралхан Бөкейге ескерткіштері орнатылды. Ал биылғы, мерейтойлы жылдың бас­ты жаңалықтарының бірі –Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үлкен монумент бой көтеруі. Ескерткіште Қазақстан тарихын баяндайтын барельефті мүсіндер, үш би және Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері көрініс табады. Сонымен қатар Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақ ашылады. Бұл маңызды нысандар тәуелсіздік жылдары салынған жаңа 19 шағын ауданның төрінде орналасады.

 Абаттандыруда айтулы істер тындырылды

Жалпы, Өскеменді саябақтар мен аллея­лар қаласы десек, артық айтқандық емес. Қа­зақстандықтарға танымал этнопаркке «Нұрлы жол», «Самал» және Арбат саябақтары қосылды. Тәуелсіздік жылдары Өскемен өзгерді, гүлденді. Әрбіріне тоқ­талар болсақ, Ертіс жағалауы абат­тан­дырылды. Славский және 19 шағын аудан­­­дағы аллеялар, Назарбаев даңғы­лын­дағы үш сквер және жаяу жүргіншілер аймағы халық игілігіне берілді. Қаламыздың кө­рік­ті жерлерінің тағы бірі – Республика алаңындағы музыкалық субұрқақ пен «Қа­зақ­стан» рәміздер тауы. Одан бөлек, өмір сүруге жайлы жағдай жасау үшін «Менің аулам» бағдарламасы арқылы абат­танды­ру жұмыстары іске асырылуда. Бұл бағдарламаға 109-дан астам аула енді. Биыл­дың өзінде 17 аула абаттандырылады. Тағы 40 аулада балалар ойын алаңы мен спорт кешендері орнатылған. Алдағы екі жылда Новаторов және Қабанбай батыр көшелері, Буров және Мызы көшелері, «Ертіс-Концерт» ауданында аумақты қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

 Қала көшелері кеңейтілді

Өскеменнің тұрғындары артқандықтан, көлік саны бірнеше есеге көбейді. Бұл әрине халықтың әл-ауқатының артуының көрсеткіші. Дегенмен көлік көбейген сайын қала көшелерінде кептеліс туындады. Бұл мәселені дереу шешу үшін көшелер мен даңғылдарды кеңейту жұмыстары қолға алынды. Әлбетте, жаңа шағын аудандарға кең жолдар түсті. Жаңадан салынған Әл-Фараби, Есенберлин даңғылдарында еш кедергісіз қатынауға болады. Баса айта ке­тер­лігі, Ертістің оң жағалауы мен сол жа­ға­лауын байланыстырып тұрған Сәтбаев даңғылы қайта жаңартылып, сегіз жолақты кең даңғылға айналды. Бұдан былай Самар бағытынан келген тұрғындар 19 шағын аудан арқылы Алматы трассасына турасынан шығып кете алады. Осылайша, біз осы аудандағы негізгі транзиттік Семей, Алматы және Самар бағыттарын бір ғана айналма жолмен байланыстырдық. Сондай-ақ Жібек жолы көшесінен Семей бағытына кең жол түсті.

Жаңа жолдар салумен қатар, кеңейту жұ­мыстары да қарқынды жүргізілуде. Айтар болсақ, көшелерді бөлу жолағын алу есебінен Әуезов даңғылы, Потанин көшесі, Серікбаев көшелері кеңейтілді. Шәкәрім даңғылы, Промышленная және Рабочая көшелері қайта жаңартылса, 14 көшеге (Виноградов, Шоссейная, Өтепов, Чехов, Мызы, Ярославская, Қашаубаев, Қабанбай батыр, Бажов көшелері) және 23 шағын аудандағы жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Ертіс өзені арқылы өтетін Понтон көпірінен Ахмер ауылына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жүр­гізілуде. Кептелісті азайту үшін 9 оң жақ бұрылыстар ұйымдастырылды. Сәт­баев даңғылында екі жерүсті жаяу жүр­гін­шілер өткелі пайдалануға берілді. Кө­лік жүктемесін азайту үшін қосымша 20 қиы­лыста оң жақты бұрылыстар жасау қарас­ты­рылды.

Соңғы жылдары жөндеу және қайта құру жұмыстары барлық орталық автожолдар­ды қамтыды. Алдағы жылдары осы жолдарды жөндеу бойынша шағын аудандарға да назар аударыла бастайды.

Қаланы дамытудың маңызды көр­сет­кі­ші – көлік инфрақұрылымын дамыту екені сөзсіз. Тәуелсіздік жылдары Ертіс пен Үлбі өзені арқылы 2 көпір салынса, 1 көпір толықтай қайта жаңғыртудан өтті. Трамвай паркі жеке басқарудан мемлекеттік басқаруға өтті. Әуежай мен вокзалдар қайта жаңғыртылды.

 Ауыз сумен жабдықтау жақсартылу үстінде

Тұрғындар үшін маңызды мәсе­ле­лер­дің бірі ауыз су еді. Қаламызда бұл мә­се­ле де түбегейлі шешімін тауып келе­ді. Қа­зіргі уақытта 20, 22, 25, 27 және 28-ші шағын аудандар тұрғындарын сумен және электр желілерімен жабдықтау жұ­мыс­тары жүргізілуде.

«Солтүстік-Атаман» су жинақ­та­­­­ғы­шы­ның қосылуы есебінен Әуежай және КСМ аудандарындағы 1800 үй­дің тұрғындары сапалы ауыз сумен қам­­­тамасыз етілді. Ал Ново-Троицкое ауы­лы­ның тұрғындары тәулік бойы ор­та­лық­тандырылған ауыз суға қол жеткізді. Сонымен қатар сумен жабдықтау және су бұрудың ірі жобалары қаланың басқа шағын аудандарында да іске асырылуда.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын дамыту үшін 50 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз ететін Октябрь су жинау орнын реконструкциялау жобасы аяқталды. Қала халқы өсіп келе жатқандықтан, жаңа Өскемен су жинақтау орнының құрылысы жүргізілуде. Красин, Меновное және Ахмер ауылдарының сумен жабдықтау желілері, Меновное ауылының кәріз желілері және Тракторная көшесіндегі кәріз коллекторын реконструкциялау жұ­мыс­тары жүргізілуде.

Осы тұста айта кетерлігі, Прудхоз ауы­лын­дағы сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынады. Жұ­мыс­тар сәтті аяқталса, 2022 жылға қарай барлық ауылдық елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады.

 Заман талабына сай тың жобалар

Мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында қалалық қоғамдық көлікте «Сергек» және электронды билеттеу жүйесі енгізілді.

Көше жарығын жаңғырту бойынша 14 мыңнан астам шамды энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 11 мың шам қойылды. 2021 жылдың соңына қарай көше жарықтандыру жүйелерін диспетчерлеу бойынша іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау жоспарла­нуда.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту, бөлек жинау мен сұ­рып­тауды енгізу бойынша «ӨКМ опера­торы» ЖШС-мен бірлесіп он шақты арна­йы ірі техника, 1300-ге жуық контейнер, сұрыптау желісі жабдықтарының бір бөлігі жеткізілді. ТҚҚ сұрыптау желі­сіне инженерлік-коммуникациялық инфра­құ­ры­лымын салу жұмыстары жүріп жатыр.

Міне, өткенге көз жүгіртсек атқарылған жұмыс аз емес. Әрине, жіпке тізгендей бәріне тоқталып өту мүмкін емес. Де­­ген­мен қа­ладағы тындырымды істердің негізгілеріне тоқ­талдық. Қаланың экономикасын, инфра­құ­рылымын, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жасалатын жұмыс әлі де көп. Оның бәрі жоспарлы түрде өз ретімен жүзеге асары сөзсіз. Ең бастысы, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 

Жақсылық ОМАР,

Өскемен қаласының әкімі

 

Шығыс Қазақстан облысы