• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 04 Қазан, 2021

Аққайнар қойнауы – асыл қазына

934 рет
көрсетілді

Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі екенін археологиялық қазба жұмыстары сан рет дәлелдеді. Түркілердің ғана емес, патшалардың сайын даласында сонау сақтардың да сарыны бар. Биылғы Аққайнар аумағынан табылған құнды жәдігерлер де соның айғағы.

 

Берел қорық-музейі «Қазақ Алтайының б.д. І мыңжылдық басының (II-V ғғ.) ескерт­кіштері: халықтардың Ұлы қоныс ауда­руының және Еура­зияның этномәдени құры­лымының қалыптасуының бастаулары» атты гранттық жоба аясында Аққайнар қорымында қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Ерте көктемде белгілі археолог Зейнолла Сама­шевтің жетекшілігімен Аққайнар ауылының солтүстік-шығысынан Аққайнар-1, Шу және Қаңсар атты үш нысанда қазба жұмыстары басталған. Нәти­жесінде, археологтер үш қо­рымда да тарихи құнды жәдігерлерге кенелген.

Айта кетсек, Қаңсар қорымынан Қарақа­бадағыдай жерлеу ғұрыптары байқалған. Сол дәуірдің наным-сенімдері болса керек; адам, оның жанына жылқы жерленген. Адам белінен қорамсақ табылған. Қайыңның қа­бы­ғынан жасалған қорамсақтың белдікке бекітілетін қола ілгегі бар. Ал Аққайнардан сәм­би кезеңіндегі б.з.д V-IV ғасырдағы жерлеу дәстүрі анықталды. Қазба жұмыстары кезінде дәл сол жерден қыш ыдыстардың қалдықтары, ағаштың күлі шыққан. Үшінші қорым – Шу­дан шыққан жәдігерлер қола пышақ, екі құмыра, сүйектен жасалған жебенің ұштары. Археологтердің айтуынша, мұнда екі адам жерленіпті.

Жер астынан жәдігерлердің шығып жат­қанын естіген Аққайнар ауылының тұр­ғын­дары қуанып жүрсе керек. Неге десеңіз, Бұқ­тырманың оң жағалауындағы асфальтсыз, сүрең тартқан ауылдарды тарихқа қызыққан туристер басып өтіп, әл-ауқаттарын жақсартып кете ме деген үміт. Алайда Берел-қорық музейі директоры міндетін атқарушы Алмас Сар­ба­совтың сөзіне қарасақ, мұнда үлкен ке­шен­нің бой көтеруі уақыт еншісіндегі сұрақ. Бірақ үш-төрт жылдай археологиялық жұмыс­тар жүр­гізі­леді. Қазіргі таңда ауданның өзге де қор­­ғандарына топографиялық жоспар жасал­ды.