Биыл театрдың 30 жылдығы! ХХХІ театр маусымының шымылдығын түрген елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры өнер тойын асыға күткен мәртебелі көрерменіне жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымын тарту етті.
Тағылымды тарихы ел егемендігімен егіз жасасып, ұлт тәуелсіздігімен тұтасып кеткен өнер ошағы бүгінде бабалар салып кеткен өнердің сара жолын жемісті жалғап, келешектің кемел өрнегін жаңашыл ізденістерімен сәтті сабақтауда. Оның айқын дәлелі де осы – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбек режиссурасымен сахнаға жол тартқан «Абай» спектаклі. Сонау 1940 жылдың 20 қазанында Асқар Тоқпанов режиссурасымен ең алғаш сахна көрген туынды міне, арада ғасырға жуық уақыт өтсе де өз сұранысын һәм құндылығын жоғалтқан жоқ. Классиканы заманауи тілде сөйлетіп, Абай трагедиясы арқылы жаңа заман түйткілдеріне батыл сараптама жасайтын Әлімбек Оразбектің сахналық көркем тұжырымдары мен Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов бастаған сайдың тасындай сақа актерлердің шебер ойыны шын мәнінде бұл «Абайға» ерекше өрнек сыйлаған. Соның белгісі болса керек, әр жаңа маусымда «Абайымен» көрермен сағыныса қауышады. Бұл жолы да ол дәстүр бұзылған жоқ. Оның үстіне биылғы маусымның театр үшін де, көрермен үшін де маңызы айрықша. Жаңа ғимарат төрінде жаңа маусымының ашылғанын сүйіншілеген ұжым сахнаның барлық техникалық мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, іргелі ізденістерге барыпты. Актрелердің де уақытпен бірге рөлдерін де үздіксіз дамытып, әр қойылым сайын сомдайтын кейіпкер мінезін барынша байытып, саф алмастай қырын шығарып, жарқыратып, дамытып отыратындығы көңілге құрмет орнықтырды.
Абай тағылымына тәу етіп, хакімнің мәңгілік өлмес рухынан қуат алып, атойлатып кезекті ХХХІ театр маусымының шымылдығын түрген ұжымның алдағы шығармашылық жоспарлары да ауқымды. Алда театр сахнасында өтетін көптеген премьера мен жарқын концерт, мазмұнды фестиваль Арқа төрінде өнер көрігін қыздырып, театрсүйер талғампаз қауымға тамаша тарту болары сөзсіз.
– Көптен күткен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Елбасының тікелей қолдауы мен өнерге деген жанашырлығының арқасында елорда төрінен осындай еңселі ғимарат бой көтеріп отыр. Техникалық жағынан соңғы үлгіде жасақталған ғимарат әртістерімізге мүлдем басқа көркемдік талап биігінде өнер көрсетуге жол ашты. Бір сөзбен айтқанда, актерлерге жаңа тыныс сыйлады. Алда үлкен ізденістер күтіп тұр. Әсем ғимаратқа ие болдық, енді шығармашылық тұрғыдан да сол биікті бағындыруды көксейміз, деп маусымашар салтанатында шабыттана сөз алған театр директоры Ернар Жұматаев одан әрі ойын биыл тарихына 30 жыл толтырып отырған ел Тәуелсіздігімен түйдей құрдас театрдың тағылымды тарихына қысқаша шолу жасаумен сабақтады, ұжымның алдағы жоспарларымен бөлісті: – 1991 жылдың қарашасында шымылдығы Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен түрілгелі бері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тарих қойнауына көркемдік биігімен жол тартқан қаншама қойылымды сахналады. Театр ұжымы классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, репертуарын ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келеді. Соның бірі де бірегейі – бүгін өздеріңіз тамашалаған «Абай» трагедиясы. Алыс-жақын шетелдердегі және қазақстандық фестивальдарда топ жарып, сан мәрте жүлделі оралды. 2011 жылы «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесін алды. Енді міне, күні кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа театр ғимаратын ашық деп жариялады. Театрдың үлкен сахнасында М.Әуезовтің «Абай» қойылымының үзіндісін тамашалап, театр әртістеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Әлем бойынша өнер ошақтары жабылып жатқанда, Қазақстандағы теңдессіз театр ғимаратын ашу Мемлекетіміздің өнерге құрметі, қолдауы деп білеміз. Бұл әлбетте ұжымымызға шығармашылық шабыт пен үлкен серпіліс сыйлады. Мемлекетіміз тарапынан көрсетіліп жатқан осындай өлшеусіз құрметке сай біздің де алдағы уақытта халқымызға ұсынар шығармашылық жаңалықтарымыз көп, – деп ағынан жарылды театр директоры.
Иә, қаллекиліктер үшін бұл маусым жаңалықтар мен тың ізденістердің маусымы болмақ. Театрдың үлкен сахнасы мен камералық залында қатар ойналатын қызықты қойылымдарынан бөлек, жыл басында Қ.Қуанышбаев театры жанынан ашылған жастардың лабораториялық орталығының да ізденіске толы жаңашыл қойылымдары көрерменнің рухани демалуына қалтқысыз қызмет етері сөзсіз.